ТҮРКІСТАН МЕН ГУЙЧЖОУ ПРОВИНЦИЯСЫ АРАСЫНДА БАЙЛАНЫС ОРНАТЫЛДЫ

Астана мен Бейжің арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық серіктестік тамырын тереңге жайып, өңіраралық деңгейдегі байланыстармен байып келеді. Осы орайда, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытай Халық Республикасының Гуйчжоу провинциясынан арнайы келген ресми делегацияны қабылдады. Гуйчжоу провинциясының шетелмен достық жөніндегі халық қоғамы төрағасының орынбасары Хун Цзян бастап келген мәртебелі меймандармен кездесуде қос тарап өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, шетелдік инвестиция тарту, сауда-экономикалық байланыстардың көрігін қыздыру, цифрлық технологиялар, туризм және өндіріс салаларындағы бірлескен жобаларды бірлесе жүзеге асыру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Киелі шаһардың төрінде өткен бұл дидарласу Түркістанның халықаралық аренадағы абыройы мен экономикалық салмағы артып келе жатқанын тағы бір мәрте айғақтады.

Жүздесу барысында меймандарға шынайы ризашылығын білдірген Қанат Қайыпбек Түркістан өңірінің орасан зор инвестициялық әлеуеті мен қолайлы бизнес климатын кеңінен таныстырды. Өңір басшысының орынбасары Қытайдың оңтүстік-батысындағы серпінді аймақ саналатын Гуйчжоу өлкесінің Түркістанмен бауырластық қарым-қатынас орнатуға танытқан ерекше қызығушылығы біздің ел үшін маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде Түркістан облысында шетелдік инвесторлардың алаңсыз әрі табысты жұмыс істеуі үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалып, мемлекеттік қолдау тетіктері толықтай іске қосылған. Ең бастысы, Қытай мен Еуропа елдері арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 85%-ы Түркістан облысының аумағы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзит дәлізіне тиесілі екені мақтанышпен тілге тиек етілді. Оған қоса, Орталық Азия өңірін Ресейдің кең-байтақ жерімен және Сібір аймағымен жалғап жатқан стратегиялық теміржол магистральдары да осы облысты басып өтеді. Ал заманауи үлгіде бой көтерген Түркістан халықаралық әуежайы жылына 3 миллионға дейін жолаушы ағынын сапалы қамтамасыз етуге толық қауқарлы.

Британия мен Еуропаға жол тартқан керуендердің тоғысқан тұсында тұрған Түркістанның экономикалық артықшылығы мұнымен шектелмейді. Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі аясында біздің өңірде жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін 180 миллионнан астам тұтынушысы бар ауқымды нарық есігі ашық тұр. Бұл ортақ нарықта тауарлардың, қызметтердің және капиталдың еркін қозғалысына ешқандай кедергі жоқ, сондай-ақ ішкі кедендік баж салығы мүлдем қолданылмайды. Бүгінгі таңда облыста инвесторларға қажетті инженерлік-коммуникациялық желілері, суы мен тоғы толық тартылған жер учаскелерін ұсынатын 21 индустриалды аймақ пен шағын өнеркәсіптік парктер қызмет көрсетіп жатыр. Ал жоғары технологиялық және шикізатты терең өңдейтін алпауыт өндіріс орындарын жолға қоятын ауқымды жобалар үшін «Turan» арнайы экономикалық аймағында ерекше жеңілдіктер қарастырылған. Өз кезегінде сөз алған Гуйчжоу провинциясының ресми өкілі Хун Цзян Түркістан қаласының тарихи көркі мен заманауи сәулетін, сондай-ақ оның туристік әлеуетін жоғары бағалап, таңданысын жасырмады. Қытайлық мейман өз өңірінің ауыл шаруашылығы, туризм, көліктік-логистика, білім беру және халықаралық сауда-саттық салалары бойынша Түркістанмен тығыз әріптестік орнатуға, нақты жобаларға инвестиция салуға барынша мүдделі екенін жеткізді. Кездесу соңында екі жақ өңіраралық байланысты мүлдем жаңа белеске көтерудің маңызы зор деген ортақ байламға келді. Осы мақсатта алдағы уақытта екі өңір арасында ресми бауырластық туралы келісімге қол қою бастамасы көтеріліп, бұл бағыттағы дайындық жұмыстары тез арада басталатын болды.

Бұл қадамдар екі ел арасындағы экономикалық серпілістің заңды жалғасы іспетті. Өйткені, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жетсе, оның ішінде тек қана Түркістан облысының үлесі 684,3 млн АҚШ долларын құраған. Қазірдің өзінде киелі өңірде Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 млрд теңгені құрайтын 17 ірі инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. Ендігі кезекте Гуйчжоу провинциясымен орнатылатын байланыс Түркістанның экономикалық әлеуетін одан сайын еселеп, қос аймақтың өркендеуіне даңғыл жол ашпақ.