ӨҢІРАРАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан өңірі бүгінгі таңда жаһандық экономикалық интеграцияның белсенді қатысушысы ретінде жаңаша сипатта түлеп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту, өңіраралық ықпалдастықты кеңейту және сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету жөніндегі сыртқы саяси пайымын басшылыққа алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегацияның кезекті маңызды бекеті Түркістанмен бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясында жалғасып, екіжақты ықпалдастықтың жаңа көкжиегін айқындап берді.

Сапар аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Хубэй провинциясының губернаторы Ли Дяньсюньмен ресми кездесу өткізді. Кездесуде екі өңір арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге көтеру, бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыру және іскерлік байланыстарды мейлінше кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Өз кезегінде Хубэй провинциясының губернаторы Ли Дяньсюнь қалыптасқан достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын жеткізе отырып, әсіресе ғылым, технология және инновация салаларындағы әріптестіктің маңыздылығына ерекше тоқталды. Қытай тарапы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында сауда байланыстарын нығайтып, логистика мен білім беру саласында өзара ықпалдастықты кеңейтуге мүлдем дайын екенін білдірді. Қытайлық әріптестің пайымынша, Түркістан өңірі өзінің бірегей транзиттік мүмкіндігімен Қытай мен Еуропаны жалғайтын ең сенімді әрі маңызды логистикалық көпірге айнала алады. Ыстық ықылас пен қонақжайлық үшін ризашылығын білдірген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қос мемлекет басшыларының тұрақты әрі сенімді диалогының арқасында екіжақты қатынастардың өте жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өткізген нәтижелі кездесулер өңіраралық ынтымақтастықтың берік іргетасын қалады. Әсіресе, Мемлекет басшысының екі ел арасындағы қарым-қатынастың достық пен стратегиялық серіктестіктің екінші «Алтын отыз жылдығына» қадам басқаны туралы тарихи сөзі бүгінде Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы нақты істермен көрініс тауып отыр. Екі мемлекет басшылары айқындаған басым бағыттарды қос өңір басшылығы жергілікті деңгейде шебер үйлестіріп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, денсаулық сақтау және цифрландыру салаларында жаңа серпін тудыруда.

Бұл ретте Түркістан облысының туристік және транзиттік-логистикалық әлеуеті қытайлық тарапқа кеңінен таныстырылды. Облыс басшысы әлемдік маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысаны, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің рухани қуаты мен тартымдылығына тоқталып, қытайлық саяхатшылар үшін өңірде қолайлы туристік инфрақұрылым қалыптасып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, халықаралық транзиттік дәліздердің бойында, дәлірек айтқанда, алып нарықтарды тоғыстырған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойында орналасқан Түркістанның логистикалық мүмкіндігі шетелдік инвесторлардың басты назарында. Бүгіннің өзінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 маңызды инвестициялық жобаның сәтті жүзеге асырылып жатуы – осы берік сенім мен тиімді серіктестіктің жемісі. Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы бауырластық қарым-қатынас туралы келісімге алғаш рет 2024 жылы қол қойылған болатын. Кейіннен Астана төрінде өткен жоғары деңгейдегі «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында бұл келісім ресми түрде бекітіліп, өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі нақты Жол картасы қабылданды. Еске сала кетсек, Хубэй провинциясы – Қытайдың орталық бөлігіндегі халық саны 60 миллионнан асатын, экономикасы өте қуатты аймақтардың бірі. Бұл өңір әсіресе автомобиль жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, фармацевтика, оптоэлектроника және ең озық жоғары технологиялық өндіріс салаларында жаһандық көшбасшылардың қатарында тұр. Ал оның әкімшілік орталығы – Ухань қаласы бүкіл Еуразия кеңістігіндегі ең маңызды көлік-логистикалық хаб ретінде танымал. Осындай алпауыт өңірмен тікелей бауырластық байланыс орнату Түркістанның халықаралық аренадағы салмағын арттыра түсері сөзсіз.