ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтарда шикізаттық емес секторды дамыту, заманауи технологиялық кәсіпорындар ашу және халықаралық капиталды тарту бойынша қойған стратегиялық міндеттері оңтүстік өлкеде нақты істермен көрініс тауып келеді. Өңірдің экономикалық пәрменін арттыру, индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Бұл алқалы жиында ағымдағы жылы іске қосылуы тиіс 10-нан астам ірі өндірістік жобалардың тағдыры, оларды инфрақұрылыммен қамту және инвесторлардың алдынан шығатын кедергілерді жою мәселелері ашық талқыланып, нақты шешімдер қабылданды.

Инвестициялық штабтың күн тәртібіндегі ең басты мәселе – өндіріс орындарының құрылысын уақтылы әрі сапалы аяқтау, әкімшілік кедергілерді жойып, мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасындағы жедел байланысты жолға қою болды. Осы орайда, Түркістан қаласының аумағында орналасқан «TURKISTAN» индустриалды аймағында бой көтеріп жатқан «Нұрқағаз Х» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қағаз өндіру зауытының жай-күйі алғашқы болып сараланды. Жалпы инвестициялық құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба аймақ үшін ғана емес, республикалық деңгейде импортты алмастыру тұрғысынан өте маңызды. Кәсіпорын толық қуатына енген кезде, екі кезең бойынша жылына 60 мың тонна жоғары сапалы қағаз өнімдерін нарыққа шығармақ. Қазіргі таңда зауыт аумағындағы әкімшілік-тұрмыстық кешеннің, өндірістік қоймалар мен негізгі бақылау-өткізу пункттерінің құрылыс-монтаж жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр. Топырақ қазу, іргетас қалау және бетон құю секілді күрделі жұмыстар толықтай аяқталып, мамандар зәулім металл конструкцияларды орнатуды жалғастыруда. Бүгінгі таңда зауыттың жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары 80 пайызға орындалып, іске қосылатын сәті жақындап қалды.

Мұнымен қоса, облыстың басты экономикалық драйвері саналатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан ірі өндіріс орындарының жұмыс барысы да штаб мүшелерінің жіті назарына алынды. Мұнда «Hygeia Textile Kazakhstan» серіктестігінің 16 роторлы айналмалы иіру желісімен жабдықталған алып тоқыма зауытының құрылысы жалғасуда. Жалпы құны 5,4 миллиард теңгені құрайтын бұл зауыт Түркістанның мақта кластерін жаңа белеске көтермек. Кәсіпорын жылына 20-30 мың тонна дайын мақта иірімжібін шығаруға қауқарлы және бұл өнімдер толықтай экспортқа бағытталады. Жобаның әлеуметтік маңызы да жоғары, себебі мұнда жергілікті тұрғындар арасынан 200 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі сәтте жобалық-сметалық құжаттама толық әзірленіп, зауыт жұмысшыларына арналған заманауи жатақханалардың сыртқы құрылыс жұмыстары жүз пайызға бітті. Олардың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатқан шақта, негізгі өндірістік блоктың іргетасы да толығымен дайын күйге келтірілді.

Инвестициялық штаб отырысында Түркістан қаласындағы осы «TURAN» аймағында іргетасы қаланған «Turkistan Lihua» серіктестігінің заманауи тігін, тоқыма, бояу-әрлеу фабрикаларының кешені мен Отырар ауданының аумағында бой көтеріп жатқан ірі мақта өңдеу және мақта тұқымын шығару зауытының құрылыс барысы да егжей-тегжейлі талқыланды. Өңірдің ауыл шаруашылығын цифрландыру және су тапшылығын жою бағытында Жетісай ауданындағы «Altyn Kun Group» және Отырар ауданындағы «Lesso Drip» кәсіпорындарының тамшылатып суару жүйелерін шығаратын жаңа зауыттары бойынша атқарылып жатқан ұйымдастыру жұмыстары сараланды. Ал Ордабасы ауданында халықаралық озық технология негізінде ірі қара мал сүйегінен май және әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие желатин компоненттерін өндіретін «Huating Biotechnology Co., LTD» серіктестігінің зауытының құрылысы туралы мазмұнды баяндама тыңдалды. Жиында Сауран ауданының өндірістік әлеуетін мүлде жаңа деңгейге көтеретін бірнеше бірегей жобалардың орындалу барысы ерекше мақтаумен аталды. Атап айтсақ, «Diamond Steel Co. Ltd» серіктестігінің алюмоцинкпен арнайы қапталған және боялған жоғары сапалы металл өндіру зауыты, «Bereke Plastic» кәсіпорынының халықаралық санитарлық талаптарға сай бір реттік ыдыс-аяқ шығару зауыты, сондай-ақ заман ағымына сай ауыл шаруашылығы алқаптарын дәрілеу мен мониторинг жасауға арналған дрондар шығаратын «Avatar Agricultural Technology Development» кәсіпорынының жұмыстары талқыланды. Бұған қоса, аймақтың «жасыл энергетикасына» серпін беретін, қуаттылығы 300 МВт-ты құрайтын «Sauran Solar Power» серіктестігінің алып күн электр станциясының құрылысы бойынша атқарылған ауқымды істер де ортақ сараптамадан өтті.