ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІ – ҚАУІПСІЗ ОРТА КЕПІЛІ

Шымкент қаласындағы №95 жалпы орта білім беретін мектеп психологтары Шымкент қаласы Білім басқармасының “Психологиялық қолдау орталығы” жолдаған хаты негізінде білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алу мақсатында 9-10-сынып оқушыларына арналған «Қарым-қатынас дағдыларын жетілдіру» атты психологиялық тренинг ұйымдастырды. Бұл шара «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық құзыреттерін дамыту бағытымен тығыз байланысты.
Тренингтің басты мақсаты – жасөспірімдердің тұлғааралық қатынас мәдениетін қалыптастыру, олардың өз ойларын сенімді әрі әдепті түрде жеткізуіне, шиеленіс жағдайларында дұрыс шешім қабылдауына және топ ішінде үйлесімді орта құруына қолдау көрсету. Бұл бағытта оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, экстремистік мазмұндағы ықпалдарға қарсы тұрудың маңызды тетігі ретінде сыни ойлау мен сауатты коммуникацияның рөлі атап өтілді. Практикалық бөлімде қатысушылар бір-бірімен тиімді диалог құру, эмоцияларды басқару, тыңдай білу, ашық пікір білдіру сияқты дағдыларды түрлі ойындар мен жаттығулар арқылы тәжірибеде қолданды. Әсіресе, топтық қарым-қатынасқа арналған «Сенім көпірі», «Түсіністік шеңбері» секілді тапсырмалар оқушылардың өзара сенімін арттырып, ортақ ережелерді бірге қалыптастыруына мүмкіндік берді. Қақтығыс жағдайларын талдау жаттығулары олардың күнделікті өмірде қиын сәттерді бейбіт жолмен шешуге бағытталған мінез-құлық үлгілерін қалыптастырды. Бұл тренинг жасөспірімдерге позитивті мінез-құлық моделін таңдауға, өзіне және өзгеге құрметпен қарауға, қоршаған ортадағы түрлі ықпалдарға қарсы тұру қабілетін нығайтуға көмектесті. «Адал Азамат» бағдарламасының құндылықтарымен ұштасқан бұл жұмыс мектептегі қауіпсіз, қолайлы және достық ахуал қалыптастыруға маңызды үлес қосты.
Айта кету керек, «Адал азамат» бағдарламасы – Қазақстан Республикасында жас ұрпақтың азаматтық мәдениетін қалыптастыру, жауапкершілік сезімін дамыту, патриоттық тәрбиесін күшейту және саналы өмір салтын ұстануға бағытталған біртұтас тәрбие бағдарламасы. Бағдарламаның негізгі мақсаты – оқушылардың бойында адалдық, әділдік, құқықтық мәдениет, қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыру арқылы жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеу.



