3 ЖЫЛДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ 5 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту және ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында тұрақты әрі қарқынды жүзеге асырылып келеді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігіне тың серпін берген аталған жоба аясында атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы межелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде кеңінен сарапқа салынды.
Ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталған бұл бағдарламаның қаржылық ауқымы да, қамтитын салалары да өте ауқымды. Жалпы 2023-2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен 30,2 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. Атап айтқанда, 2023 жылы 19,8 миллиард теңге, 2024 жылы 3 миллиард теңге және 2025 жылы 7,4 миллиард теңге қаржы толықтай игеріліп, 6 негізгі бағыт бойынша 4 223 жоба жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Соның ішінде өсімдік шаруашылығын дамыту бағытында – 597 жоба, мал шаруашылығы бойынша – 3 155 жоба, құс шаруашылығы саласында – 22 жоба және балық шаруашылығын өркендетуге қатысты 53 жоба сәтті іске асырылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы кооперативтерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша – 150 жоба, сондай-ақ тұрғындардың өз жеке кәсібін ашуына бағытталған 279 жоба қаржыландырылып, ел игілігіне берілді. Алқалы жиында өңір басшысы Нұралхан Көшеров жобаларды іске асыру барысында құр сөз бен құрғақ есепке емес, нақты нәтижеге басымдық беру қажеттігін баса айтып, жауапты сала мамандары мен аудан, қала әкімдеріне бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Өңір әкімі өз сөзінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жаңа жұмыс орындарын көбейтетін, жергілікті экономиканы дамытуға нақты серпін беретін нәтижелі жобаларды іріктеп, соларды басымдықпен қолдауды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, тек дәстүрлі ауыл шаруашылығымен шектелмей, кәсіпкерлік пен өңдеу өндірісін дамытатын соны жобаларды енгізіп, оларға жан-жақты қолдау көрсету керектігін ескертті.
Аппарат мәжілісінде Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әлібек Плалов бағдарлама аясында қол жеткізілген оң өзгерістерге тоқталып, алдағы кезеңде атқарылатын міндеттер жайын баяндады. Оның ұсынған деректеріне сүйенсек, жобаның арқасында облыс көлемінде жалпы саны 593 заманауи жылыжай кешені салынған. Өңірдегі шағын кәсіпкерлік субъектілері 4 223 бірлікке еселеніп, 4 635 жаңа жұмыс орны құрылды. Мұнымен қоса, өнімді қайта өңдейтін 79 кәсіпорын өз жұмысын бастап, өңірдегі төрт түлік мал басы 76 887-ге ұлғайды. Бағдарламаның әлеуметтік тиімділігінің бір дәлелі – аймақта атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының 441 адамға азаюы. Бұған қоса, биыл «Ауыл аманаты» жобасын одан әрі өркендету үшін республикалық бюджеттен 15,3 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Осы қаржы есебінен 1 115 жобаны қаржыландыру және 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда бекітілген несие келісімі бойынша 7 миллиард теңге бөлініп үлгерді. Бұл қаржының 2,5 миллиард теңгесі басым бағыттар бойынша қаржыландыруға бағытталса, алдағы уақытта 73 ауылдық округ пен 78 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру жоспарлануда. Өңір экономикасын әртүрлі салада дамыту мақсатында облыстың аудандарында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауқымды өндірістік жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, шалғайдағы Шардара ауданында жылына 1,5 мың тонна балық жемін өндіретін қуатты кооператив құру жоспарланған. Ал киелі Сауран ауданында жылдық қуаттылығы 2 мың тонна болатын сапалы макарон өнімдерін шығаратын заманауи кәсіпорын ашу көзделген. Сонымен қатар, табиғаты көркем Төлеби ауданында жылына 360 тонна шұжық өнімдерін шығаратын қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосу межеленсе, шұрайлы Келес ауданында тәулігіне 1,5 мың дана шұлық шығаратын өндірістік цех ашу жоспарланып, нақты жұмыстар жүргізілуде.


