ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИМПОРТ ТӨМЕНДЕП, ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Бүгінгі таңда ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда өңдеу өнеркәсібін өркендету мен шикізаттық бағыттан арылудың маңызы зор. Осы орайда Түркістан облысында импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өндірістің әлеуетін көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстар қарқын алып келеді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте дәл осы импортты алмастыратын инвестициялық жобаларды іске асыру, өңдеу саласын жаңа белеске көтеру және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.
Жиынды ашқан өңір басшысы шикізаттық тәуелділіктен толық арылу үшін өндірісті тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Оның пайымдауынша, дайын өнім шығаратын кәсіпорындар көбеймейінше, аймақ экономикасының сапалы өсімін қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында әлемдік ірі инвесторларды тартып, қосылған құны басым тауарлар өндіруге негізгі басымдық берілуі тиіс. Осы мақсатта қолға алынған әрбір инвестициялық жоба белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылып, тұрақты бақылауда болуы қажет екені қадап айтылды. Мәжіліс барысында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары саладағы атқарылған істер мен алдағы межелер туралы баяндады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірдің экспорттық мүмкіндігі жыл санап артып келеді. Мәселен, екі жыл бұрын Түркістан облысынан 1 миллион 357 мың тонна өнім сыртқа шығарылған болса, келесі жылы бұл көрсеткіш 1 миллион 571 мың тоннаға жетіп, 16 пайыздық өсімді көрсеткен еді. Ал ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында 795,3 мың тонна өнім экспортталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі еседен астам өсті. Оның құрамында өсімдік шаруашылығы 576,6 мың тоннаны, қайта өңдеу өнеркәсібі 198,1 мың тоннаны, ал мал шаруашылығы өнімдері 20,5 мың тоннаны құрады.
Сондай-ақ сырттан келетін тауарлар көлемінің біртіндеп азаю үрдісі байқалады. Екі жыл бұрын аймаққа 761 мың тонна өнім импортталса, кейін бұл көлем 748 мың тоннаға дейін кеміді. Ағымдағы жылдың төрт айлық қорытындысы бойынша импорт 251 мың тоннаны құрап, өткен жылдың тиісті кезеңіндегі 255,5 мың тонналық көрсеткіштен төмендеді. Мұның өзі өңірде өндірісті жергіліктендіру саясатының оң нәтиже бере бастағанын аңғартады. Қазіргі таңда облыста еден жабындары, алюминий бұйымдары, жіп, скотч, тұрмыстық тоңазытқыштар мен алкогольсіз сусындар шығаратын кәсіпорындар сәтті жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар мата, биологиялық белсенді қоспалар, алюкоцинк өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы мен оның қосалқы бөлшектерін өндіретін жобалар да кезең-кезеңімен іске асырылуда. Сарапшылар жүргізген талдау нәтижесінде елімізден шикізат ретінде экспортталатын мыс, алюминий, темір және полипропилен сияқты металдар мен материалдарды Түркістан өңірінде терең өңдеуге зор мүмкіндік бар екені анықталды. Осыған орай мыс құбырлары, радиаторлар, кабельдер, құрылыс материалдары, металл конструкциялары мен полипропиленнен жасалатын тұрмыстық бұйымдар шығаратын 40 әлеуетті инвестициялық жоба әзірленіп, әрқайсысының инвестициялық паспорты дайындалды.
Сонымен бірге өңірдің аудандары бойынша да өндірістік мамандану жүріп жатыр. Мақтаарал ауданында кілем өндірісі, Сайрамда сыр, ірімшік және құрғақ сүт зауыттары, Сауранда көкөніс өңдеу мен томат пастасын шығару желілері жоспарланса, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында балалар тағамын өндіретін зауыт құрылысын салу ұсынылды. Ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де жиында кеңінен сөз болды. Бүгінде облыс халқы көкөніс, бақша, картоп, жүзім, еттің негізгі түрлері және сүт өнімдерімен толық қамтылған. Алайда құс етімен қамту деңгейі 21 пайызды, жұмыртқа 47 пайызды, ал шұжық өнімдері 50 пайызды ғана құрап отыр. Осы тапшылықтың орнын толтыру мақсатында жалпы құны 60 миллиард теңгеге жуықтайтын төрт ірі жоба қолға алынды. Түлкібас ауданында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін зауыт, Бәйдібекте жұмыртқа кешені салынып жатса, Ордабасыда қолданыстағы өндірісті ұлғайту көзделген. Сондай-ақ Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласында жаңа өнеркәсіптік құс кешендерін ашу ұсынылды. Мұнымен қоса етті терең өңдеудің үш жобасы мен Түлкібас, Төлебиде заманауи сүт фермалары, Сауран мен Бәйдібекте сүт өңдеу кәсіпорындарын іске қосу жоспарға енгізілген.



