ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 45 ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ел аумағында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын қарқынды жүргізу жұмыстары өңірлерде тоқтаусыз жалғасып келеді. Осы бағыттағы ауқымды жобалардың жүзеге асырылу барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте егжей-тегжейлі қаралды. Басқосуда облыс аймағында бой көтеріп жатқан мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт ғимараттарының құрылыс барысы мен сапасы жан-жақты талқыланып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Биыл облыстық құрылыс басқармасы арқылы жалпы 45 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізуге бюджеттен 31,6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Осы жобалардың ішінде 19 нысанға құрылыс басқармасы, 23 нысанға аудандар мен қалалардың әкімдіктері, ал 3 нысанға арнайы қорлар тапсырысшы болып отыр. Белгіленген межеге сәйкес, жыл қорытындысымен 32 нысан толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал қалған 13 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі болып саналады. Қуантарлығы, қазірдің өзінде 8 маңызды нысан пайдалануға тапсырылып, жергілікті халықтың игілігіне қызмет етуде. Өңірде білім беру саласын дамыту мен балаларға қолайлы орта қалыптастыру ісі де басты назарда. Қазіргі таңда облыс бойынша 16 білім беру нысанының құрылысы белсенді жүргізілуде. Оның ішінде 8 жаңа мектептің құрылысына арнайы қаржы қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін екі мектеп толық пайдалануға берілді, ал қалған алты мектептің құрылысын жаңа оқу жылының қарсаңында аяқтап, пайдалануға тапсыру көзделіп отыр. Бұл жаңа оқу жылында мыңдаған оқушының заманауи мектептерде білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, өнері мен білімін шыңдауына қолайлы жағдай жасау мақсатында Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында 4 жаңа буын өкілдерін дамыту орталығы бой көтеріп келеді.

Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалған емес. Жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында 4 ірі нысанның құрылысы қолға алынды. Атап айтқанда, Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қорының колдауымен 80 орындық заманауи перзентхана салынуда. Қазіргі уақытта бұл нысандағы құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 70 пайызға жетіп, қажетті медициналық құрал-жабдықтар толық сатып алынды. Жоспарға сәйкес, бұл перзентхана тамыз айында пайдалануға берілмек. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухананың және Ордабасы ауданының Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылыс жұмыстары басталып кетті. Руханият пен мәдениет саласын өркендету де жүйелі жүзеге асырылуда. Өңірдегі мәдениет инфрақұрылымын дамыту мақсатында 13 нысанның құрылысына 5,5 миллиард теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін 5 нысан пайдалануға берілсе, қалған мәдениет үйлері, заманауи кітапханалар мен мұражайлардың құрылысын жыл соңына дейін толығымен аяқтау көзделіп отыр.

Бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында да ауқымды жұмыстар бар. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында 10 нысанға 3,4 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінде Сауран ауданындағы жаңа спорт кешені ел игілігіне тапсырылса, жыл соңына дейін тағы бес спорт нысаны есігін айқара ашпақ. Мұнымен қоса, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржыландыруымен салынған ангар үлгісіндегі екі спорт залдың бірі пайдалануға берілді, ал екіншісі тамыз айында ашылады деп күтілуде. Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне әлеуметтік нысандардың құрылысын бекітілген кестеге сай, белгіленген мерзімде әрі жоғары сапада аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ бөлінген қаржының тиімді әрі мақсатты игерілуін қатаң бақылауға алып, өндірістік кестеден кешігіп жатқан нысандар бойынша мердігерлерге қатысты тиісті заңды шаралар қабылдауды міндеттеді.