ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚАНША БОСҚЫН ПАНАЛАП ЖҮР?
Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер Kazinform сауалына жолдаған жауабында Қазақстаннан қанша босқын пана тапқанын айтты.
«2024 жылғы 1 наурызға елімізде 322 шетел азаматтарында босқын мәртебесі бар. Босқындардың басым бөлігі Алматы (219 адам), Шымкент (21 адам) қалаларында, Атырау (15 адам), Алматы (13 адам), Солтүстік Қазақстан (12 адам), Шығыс Қазақстан (9 адам) және т. б. облыстарда тұрады», — делінген жауапта.
Ведомствоның дерегіне сүйенсек, ұлттық заңнама босқын мәртебесі бар адамдарға Қазақстан бюджетінен әлеуметтік көмек аулға мүмкіндік береді. Бірақ ол мүмкіндікті босқындардың ешбірі пайдаланып отырған жоқ.
«ҚР Әлеуметтік Кодексінің 120-бабына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға беріледі. Адамдардың (отбасылардың) шартсыз ақшалай көмек немесе шартты ақшалай көмек түріндегі атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. Алайда қазіргі таңда елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын босқын мәртебесіне ие шетел азаматтары жоқ екендігін хабарлаймыз», — деп жазылған министрлік жауабында.