ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫ МЕН ЗАМАНАУИ САУДА ЖӘНЕ ОЙЫН-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНБАҚ

Тарих пен болашақ тоғысқан киелі Түркістан топырағында бүгінде жаңа дәуірдің жарқын қолтаңбасы қалыптасып келеді. Өңірдің келбетін арттыру, сәулет өнерінің заманауи үлгілерін ұлттық нақышпен үйлестіру және әрбір құрылыстың сапасына ерекше мән беру — өңірлік саясаттың басты бағыттарының бірі. Түркістан облысында бой көтеретін әрбір нысанның сәулеттік келбеті, құрылыс сапасы және қолданыстағы заң талаптарына сәйкестігі қатаң бақылауға алынған. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, өңірді көркейтуге бағытталған маңызды бастамалар таразыланды.

Жиын барысында өңірдің сәулеттік келбетін жақсартуға, туристік әлеуетін арттыруға және ішкі-сыртқы инвестицияларды тартуға бағытталған 11 ауқымды жоба қаралып, жан-жақты талқыланды. Басқосуда облыс әкімі жобалардың сапасына, заң талаптарының мүлтіксіз сақталуына және сәулеттік шешімдердің өңірдің бірегей тарихи-мәдени келбетіне толықтай сай болуына ерекше назар аударды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров заңсыз құрылысқа мүлдем жол берілмейтінін баса айтып, барлық жобаның заң талаптарына толық сәйкестігін қамтамасыз етуді тапсырды. Әрбір жауапты тұлға өз міндеттерін сапалы әрі уақтылы орындаса, ешқандай мәселе болмайтынын ескертіп, мақұлданған жобаларды іске асыру барысын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді. Кеңес отырысында таныстырылған жобалардың ішінде өңірдің туристік және инфрақұрылымдық әлеуетін көтеретін бастамалар аз емес. Соның бірі — Сарыағаш теміржол вокзалы аумағын абаттандыру жобасы мен «Түркістан – Қарнақ» туристік маршруты аясында ашық аспан астындағы археологиялық парктің сәулеттік тұжырымдамасы. Бұл жобалар аймаққа келетін меймандар мен туристерге қолайлы жағдай жасап, көне тарихымызды жаңаша қырынан танытуға жол ашады. Сонымен қатар облыс орталығындағы көне Арбат пен теміржол вокзалы маңын абаттандыру және көгалдандыру жобалары қаралып, олар бойынша сарапшылар мен кеңес мүшелері тарапынан тиісті ұсыныстар берілді.

Қуантарлығы, аймақтың сәулеттік дамуына жеке капиталдың да белсенді қатысуы байқалады. Жеке инвесторлар өз қаражаты есебінен Түркістан қаласында жалпы аумағы 1,6 гектар болатын заманауи сауда-ойын-сауық орталығын, жанармай құю станциясын, автокөлікті кешенді күтіп-баптау орталығын, сондай-ақ заманауи мейрамхана мен қонақ үй салу жобаларын таныстырды. Жиынға қатысқан кеңес мүшелері бұл нысандардың сәулеттік келбеті, функционалдық ерекшеліктері мен қала инфрақұрылымына тигізетін әсері жөнінде өзара пікір алмасып, тиімді шешімдерді сарапқа салды. Сонымен бірге жергілікті кәсіпкерлер өңір үшін маңызы зор, құны 4,8 миллиард теңгені құрайтын Түркістан медициналық туризм орталығын салу жобасын ұсынды. Ең бастысы, бұл ауқымды жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылмақ. Орталық іске қосылғанда тұрғындарға жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсетіп қана қоймай, емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға үлкен серпін береді. Сәулет саласындағы тағы бір сәтті бастама ретінде кәсіпкерлердің бірі ұсынған таунхаус кешенінің жобасын айтуға болады. Шығыс сәулет үлгісі мен ұлттық нақыш шебер үйлесім тапқан бұл жоба өңірдің өзіндік сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып жүзеге асырылмақ. Мұндай тұрғын үй кешендері шаһардың ажарын ашып, қалалықтар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастырады.

Жиын қорытындысында қарастырылған әрбір жоба бойынша жауапты тұлғалар мен инвесторларға нақты ұсынымдар берілді. Мақұлданған жобалардың сапалы, бекітілген кестеге сай және заң талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылуы тиісті органдардың тұрақты бақылауына алынды. Атқарылып жатқан бұл жүйелі жұмыстар Түркістанды заманауи, жайлы әрі сәулетті шаһарға айналдырудың айқын кепілі болып табылады. Түрленген Түркістанның жаңа келбеті ел игілігіне қызмет етіп, ұрпаққа қалатын бағалы мұраға айналмақ.