АУЫЛДЫҚ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Қай заманда да елдің әл-ауқаты мен тұрмыс сапасы оның ішкі инфрақұрылымының деңгейімен өлшенген. Мемлекет басшысы еліміздің тұрақты дамуының берік негізі – ауыл екенін бірнеше мәрте баса айтқан болатын. Осы басты міндетті басшылыққа алған Түркістан облысында ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын түбегейлі арттыруға және елді мекендерді заманауи инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге ерекше басымдық берілуде. Бүгінде өңір халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, бұл бағыттағы әрбір жобаның халық үшін қаншалықты өзекті әрі маңызды екені өз-өзінен түсінікті. Сапалы ауыз су, табиғи газ, тегіс жол, жайлы тұрғын үй мен заманауи әлеуметтік нысандар — өңірлік саясаттың негізгі өзегіне айналды.

Халықтың өмір сүру сапасын арттырудың ең басты шарты — таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Мұнда аймақ халқы үшін тарихи маңызы бар зор нәтижеге қол жеткізілді. Өткен жылы өңірдегі барлық елді мекендер толықтай ауыз су жүйелерімен қамтылып, бұл көрсеткіш жүз пайыздық межеге жетті. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Шардара қаласындағы «Шардара» топтық су құбыры («Тама-Тастанбек») құрылысының толық аяқталуы болды. Осы ауқымды жобаның арқасында 30 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізіп, көптен бері шешімін таппай келген түйткіл тарқады. Сонымен қатар, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жеңілдететін табиғи газ желілерін тартып, көгілдір отынмен қамту деңгейін арттыру жұмыстары да жоғары қарқынмен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Түркістан облысында газдандыру көрсеткіші 88,9 пайызды құрайды. Биыл қосымша 33 елді мекенге табиғи газ жеткізу жоспарланған. Соның нәтижесінде бұл деңгей 89,6 пайызға жетіп, көгілдір отын игілігін көріп отырған елді мекендер саны 639-ға дейін артады. Табиғи газдың келуі тек ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік нысандардың жұмыс сапасын арттыруға және өңірдің жалпы инженерлік әлеуетін еселеп күшейтуге зор мүмкіндік береді.

Көлік инфрақұрылымын дамытып, елді мекендерді өзара байланыстыратын сапалы жол желісін қалыптастыру — өңір дамуының тағы бір маңызды кепілі. Бұл бағытта да Түркістан облысы оң динамика көрсетіп келеді. Есепті кезеңде 821 шақырым жол жөндеуден өтіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94,8 пайызға жетті. Мұндай нәтиже өткен жылдармен салыстырғанда жол сапасының жүйелі түрде артып келе жатқанын дәлелдейді. Жолдардың жақсаруы — шалғайдағы ағайынның қалаға қатынауын жеңілдетіп, сауда мен логистиканың дамуына, күнделікті тұрмыс-тіршіліктің оңтайлануына тікелей ықпал етуде. Халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда сақталып келеді. Тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мақсатында жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 3 733 азамат жаңа пәтер кілтін алып, қоныс тойын тойлады. Ал ағымдағы жылы тағы 3 561 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып, бұл бағыттағы құрылыс қарқыны тоқтаған емес. Мұның өзі қаншама отбасының әлеуметтік жағдайын оңалтып, келешекке деген сенімін нығайта түсері анық. Бұдан бөлек, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту аясында өңірде 83 жаңа әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Олардың қатарында 25 білім беру мекемесі, 35 денсаулық сақтау нысаны, 17 спорт кешені және 6 мәдениет үйі бар. Аталған нысандар ауыл мен қаладағы тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік кызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеріп, жас ұрпақтың сапалы білім алып, спортпен айналысуына, денсаулығын нығайтуына берік негіз қалады.

Түркістан қаласы да заманауи инфрақұрылымы мен туристік тартымдылығы жарасқан халықаралық орталық ретінде түрленіп келеді. Шаһарда жаңа ипподром, Қолөнершілер орталығы және ерекше сәулеттік шешімімен көз тартатын «Экопарк» пайдалануға берілді. Жақын күндері заманауи аквапарк есігін айқара ашпақ. Бұл нысандар киелі шаһардың туристік әлеуетін көтеріп қана қоймай, тұрғындар мен меймандар үшін жайлы да көркем қоғамдық кеңістікке айналды. Білім беру саласындағы серпінді жобалар да өз жемісін беруде. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жоспарланған 16 мектептің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл мектептер балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына кең жол ашты.