БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫҢ 45 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БОКС ТУРНИРІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
![](https://uakit.kz/wp-content/uploads/2025/02/13-750x375.jpg)
Түркістанда Олимпиада чемпионы, ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановтың 45 жылдығына арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық бокс турнирінің жабылу салтанаты өтті.
Турнир төрт күн бойы жалғасып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 200-ден астам жас спортшы өз шеберліктерін көрсетіп, 14 салмақ дәрежесінде бақ сынасты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде ең үздік боксшысы болып Ақмола облысынан келген Арон Арнұр танылды. Сонымен қатар, «Жеңіске деген жігерлігі үшін» номинациясымен Қырғызстандық Хамиджанов Абдурахман, «Үздік жаттықтырушы» атағымен Сахи Дастан, ал «Үздік төреші» ретінде Жұмағали Мұқтархан марапатталды.
Әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдармен, кубоктармен және медальдармен марапатталды. Олардың арасында Түркістан, Ақмола, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау облыстарының жас спортшылары жоғары нәтиже көрсетті.
Жабылу салтанатының шарасына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова және белгілі жаттықтырушылар қатысты.
Бекзат Саттарханов атындағы турнир – қазақ боксының болашағы үшін үлкен маңызға ие жарыстардың бірі. Ол жас спортшыларға тәжірибе жинап, өздерінің қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылар алдағы жылдары бұл турнирдің ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.