ЖАҢА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРУ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қазіргі геосаяси және экономикалық қайта құрылымдар кезеңінде Орталық Азия өңірінің логистикалық және өндірістік маңызы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтеріліп отыр. Осы ретте географиялық орналасуы қолайлы, аграрлық әрі өнеркәсіптік әлеуеті жоғары Түркістан облысы халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың негізгі тоғыс нүктесіне айналуда. Жақында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен шетелдік ірі құрылыс компаниясының директоры Сюй Минь арасында өткен іскерлік кездесу өңірді индустрияландыру мен сыртқы капиталды тартудың жаңа кезеңін айшықтап берді. Тараптардың басты талқылау арқауы — аймақта заманауи индустриалды аймақ құру жұмыстарын жеделдету және оған қатысты бірлескен стратегиялық жобаларды іске асыру болды.

Мемлекет басшысы өңірлердің экономикалық дербестігін нығайту, инвестициялық тартымдылығын арттыру және жоғары қосылған құны бар өндірістерді өркендету жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы тапсырмаларды жүйелі түрде жүзеге асырып жатқан Түркістан облысы бүгінде шетелдік инвесторлар үшін сенімді де қолайлы әріптеске айналды. Кездесу барысында инвестор тарапы өңірде заманауи индустриялық аймақ, бондтық қоймалар, заманауи өндірістік корпустар, жеке өндірістік нысандар, әкімшілік-тұрмыстық және сервистік орталықтар, сондай-ақ барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымдарды салу бойынша өзінің кешенді ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай инфрақұрылымдық кешен заманауи өндірісті іске қосуға қажетті барлық мүмкіндікті бір алаңға шоғырландыруға жол ашады. Бастаманың ауқымы мен салмағы жүзеге асырылатын жобаның қаржылық әрі әлеуметтік көрсеткіштерінен-ақ айқын көрінеді. Жоба толық қуатында іске асқан жағдайда, оның тікелей инвестициялық көлемі шамамен 30 миллион АҚШ долларын құрайды деп межеленуде. Қаржылық капиталдан да маңыздысы — бұл бастама өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді. Нақтырақ айтсақ, индустриялық алаңда 42-ге жуық жаңа кәсіпорын ашылып, мыңға жуық жергілікті тұрғын тұрақты әрі сапалы жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. Бұл — әсіресе еңбек ресурстарына бай Түркістан өңірі үшін әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың маңызды тұтқасы.

Жобаның ықпалы тек бір өңірдің шегінен шығып, Орталық Азиядағы өнеркәсіптік кооперацияны, трансшекаралық сауданы, логистиканы және өндірістерді дамытуға зор серпін береді. Әсіресе, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіптік байланыстарды жаңа белеске көтеруге бағытталған «Орталық Азия» халықаралық индустриялық орталығын дамытуда бұл жобаның рөлі ерекше болмақ. Екі бауырлас ел арасындағы тауар айналымын арттыру, импортты алмастыратын отандық өнімдер өндірісін жолға қою және бірлескен өндірістік шынжырларды қалыптастыру — бүгінгі заман талабы. Бұдан бөлек, стратегиялық әріптестік аясында шағын және орта кәсіпкерлік кластерін қалыптастыру, шекара маңы логистикалық торабының қуатын арттыру және Қытай бизнесінің Орталық Азия нарығына шығуына мүмкіндік беретін өндірістік әрі логистикалық платформа құру жұмыстары кезең-кезеңімен орындалатын болады. Бұл қадам Түркістанды ірі халықаралық сауда хабына айналдырып, Азия мен Еуропаны жалғайтын транзиттік дәліздердің әлеуетін толық пайдалануға жағдай жасайды. Түркістан облысындағы бұл бастамалардың сәтті аяқталуына қос тараптың да ынталылығы кепіл болып отыр. Ш шетелдік мердігер компанияның жобалық құжаттаманы оңтайландыру, қаржыландыру мәселелерін тез арада шешу, құрылыс жұмыстарын шұғыл бастау және жобаны қысқа мерзімде коммерцияландыру бағытында жұмыстарды жеделдетуге дайын екенін білдіруі — сенімділікті арттыра түседі. Себебі аталған мердігер компания халықаралық деңгейде автомобиль жолдарын, күрделі инженерлік желілерді және металл конструкцияларын салу, құрылыс материалдарының экспорттық-импорттық операцияларын жүргізу, сондай-ақ әрлеу жұмыстары бойынша молайған мол тәжірибеге ие. Инвестиция — өндірістің арқауы, өндіріс — жұмыс орны мен тұрақтылықтың кепілі, ал бұл түптеп келгенде халықтың әл-ауқаты мен мемлекеттің қуатын арттырады. Түркістан облысының басшылығы мен шетелдік инвесторлар арасындағы уағдаластықтар өңір экономикасын сапалы жаңа деңгейге көтеріп, ел дамуының жаңа көкжиегін ашатыны сөзсіз. Инфрақұрылымдық даму мен өнеркәсіптік серпін Тоғысқан Түркістан жері өзінің тарихи миссиясын қайта жаңғыртып, Орталық Азияның экономикалық күретамырына айнала бермек.