ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Түркістан қаласының тұрақты дамуы, тұрғындардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыру жергілікті атқарушы органдардан ұдайы бақылау мен жүйелі шешімдерді талап етеді. Осы орайда, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, шаһардың тыныс-тіршілігіне қатысты біршама маңызды сауалдар кеңінен сарапқа салынды. Басқосуда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қала тазалығын сақтау, халықты әлеуметтік қолдау және еңбек нарығын жандандыру сияқты өзекті бағыттар толығымен қаралды.
Ең алдымен, шаһардың қоғамдық тыныштығы мен тәртібіне тоқталар болсақ, қалалық полиция басқармасы ұсынған есепті кезеңдегі мәліметтер оң динамиканы көрсетіп отыр. Атап айтқанда, қалада тіркелген құқық бұзушылықтар саны 23,7 пайызға азайса, жалпы қылмыстар саны 32,5 пайызға төмендеген. Бұл – құқық қорғау органдары мен жергілікті биліктің бірлескен алдын алу жұмыстарының нақты нәтижесі. Десе де, қала әкімі бұл көрсеткіштерге томеймей, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын одан әрі күшейтуді тапсырды. Әсіресе, қоғамдық орындар мен орталық көшелердегі бақылауды арттыру, сондай-ақ жасөспірімдер көп шоғырланатын орындарда аптасына екі рет тұрақты түрде профилактикалық рейдтер ұйымдастыру міндеттелді. Бұл қадам жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға зор септігін тигізеді. Әлеуметтік саладағы мәселелер де аппараттық жиынның негізгі өзегіне айналды. Мәжілісте атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, әлеуметтік тұрғыдан осал саналатын D және E санатындағы отбасыларды қолдау, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардан түскен өтініштерді сапалы орындау барысы талқыланды. Шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың жаңа қағидаттарын халыққа түсіндіру жұмыстарын барынша жандандыруды талап етті. Сонымен бірге, мемлекеттік көмек тағайындаудан бас тартылған 2 510 өтініштің себептерін егжей-тегжейлі зерделеп, олар бойынша толық әрі ашық ақпарат ұсынуды, азаматтардың туындаған өзекті мәселелерін шешуді тапсырды. Мемлекеттік қолдаудың әрбір иесіне жеткені және шешімдердің ашық болуы – халықтың билікке деген сенімін арттырудың басты шарты.
Халықты жұмыспен қамту – кейінгі жылдары Түркістанда айтарлықтай табысты жүргізіліп жатқан басты бағыттардың бірі. Жылдық меже бойынша қалада 6 865 жұмыс орнын ашу жоспарланған болса, 2026 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша нақты ашылған жұмыс орындарының саны 9 156-ға жеткен. Яғни, жылдық жоспар мерзімінен бұрын артығымен орындалып, шаһардағы еңбек нарығының өсімін аңғартты. Бұл – жаңа өндіріс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нәтижесі. Маңызды мәжілісті қорытындылай келе, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына жүктелген міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді. Әсіресе, әлеуметтік қолдау мен халықты нәтижелі жұмыспен қамту бағытындағы кешенді жұмыстарды қатаң бақылауда ұстау қажеттігі атап өтілді. Түркістанда басталған бұл жүйелі шаралар қаланың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал етпек.



