ЖЕР СІЛКІНІСІ КЕЗІНДЕГІ ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТТЕРДІ БІЛЕСІЗ БЕ?

Түркістан қаласында сейсмикалық төзімді құрылысты және ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық беріктігін ескеру қажет. Себебі облыс орталығы  6 баллға дейінгі сейсмикалық аймаққа жатады.

Бұл туралы Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асқар Сейсенов ағымдағы жылдың 9 айында атқарған жұмысы туралы баяндамасында мәлімдейді,-деп хабарлайды uakit.kz.

Осы ретте uakit.kz төтеншеліктердің жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы нұсқаулығын назарларыңызға ұсынады.

Жер сілкінісі сезілген кезде ғимараттың бірінші қабатында болсаңыз тез арада далаға шығыңыз. Егер бірінші қабаттан жоғары болсаңыз дереу жақын жердегі қауіпсіз орынға тұрыңыз. Көтергіш арқалықтың астында немесе іргелі қабырғалардың бұрышында, тірек бағандарының жанында немесе есіктерді ашып, есік ойығында тұрыңыз. Үстелдің немесе кереуеттің астына жасырынып, құлап жатқан сылақтан, әйнектен және тағы басқа  заттардан бетіңізді қолмен жауып қорғана аласыз.

Жер сілкінісі сезілген кезде далада болсаңыз ғимараттар мен құрылыстардан, биік бағаналар мен қоршаулардан, маңдайшалардан, әйнектерден тағы басқа құлап кету қаупі бар заттардан мүмкіндігінше алысқа кетіңіз.

Адамдар көп жиналатын жерлерде (базар, стадион, саябақ, алаң) құрылымдардан аулақ болыңыз. Ашық кеңістікке шығыңыз. Жұлынған сымдардан сақ болыңыз.

Сығылыс кезінде көпшіліктің қозғалысына қарсы жүрмеңіз. Киіміңізді бекітіңіз. Қолдарыңызды бүгіп, кеудеңізге қарай айқара қысыңыз. Кедергі келтіретін заттарды тастаңыз. Құлаған жағдайда бір тізеге тұрып, серпіліспен көтерілгеніңіз жөн.

Жер сілкінісі кезінде көлікте болсаңыз басқа көлікке кедергі жасамайтын жерде тоқтаңыз. Көлік зақымдалған жағдайда есіктері қарысып қалмас үшін оларды ашыңыз. Құлаған заттардан  жарақат алып қалу қаупі болғандықтан, көлікте қалыңыз.

Өзіңізді үрейлендірмеңіз және басқалардың дүрбелеңін болдырмаңыз.

Жер сілкінісі кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз. Терезелер мен  шынысы бар арақабырғалардан аулақ болыңыз. Егер сіз бірінші қабаттан жоғары  тұрсаңыз терезе немесе балконнан секірмеңіз.

Жерасты дүмпулері тоқтағаннан соң үй-жайдан шығып, басыңызды жабыңыз және жалаңаш электр сымдары мен басқа да бұзылу  салдарынан сақ болыңыз.

Жерасты дүмпулері тоқтағаннан кейін электр құралдарын, газды, суды ажыратыңыз.

Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіңіз. Ашық отты қолданбаңыз.

Егер сіз үйінділердің астында қалсаңыз үрейленбеңіз. Құтқару қызметтерінің әрекеттері туралы есте сақтаңыз. Кеңістікте қайда тұрғаныңызды анықтауға тырысыңыз. Үйінділердің астында ұзақ уақыт бойы болған кезде жарылыс немесе газдың таралып кетуіне жол бермеу үшін от жақпаңыз. Темірді темірге ұру, батарея, құбырлар және тағы басқа арқылы сигнал беріңіз.

Назар аударыңыз жер сілкінісіне бірден, бірінші сейсмикалық толқыннан кейін 10-15- секунд ішінде әрекет ету керек.