ТЕҢСЕЛМЕЛІ МҰНАРА
Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Саурандағы қамалдың үстімен аттылы 3-4 адам қатарласа жүретін еді дейді кәрі құлақ қариялар. Десе де, Сауран – тек сауда орны ғана емес, оқу-білімнің ордасы ретінде де жиі айтылады. XIV ғасырда мұнда медресе тұрғызылған.
Медресе екіқабатты, 2 мұнарасы бар. Төменгі қабаты сақталған екен, сондағы жәдігерлерге куә болдық. 2005-2010 жылдар аралығында К. Байпақов бастаған ғалымдар осында 5 жыл қазба жұмыстарын жүргізіпті. Медресенің күйген кірпіштен қаланған қабырғалары сол қалпында сақталған.
Арнайы бөлініп қойған бөлмелерде шәкірттер тұрған. Орны бар. Қазіргі тілмен айтқанда, жатақхана. Білім іздегендер осында жатып оқыған. Әр бөлмеде 2 шәкірттен тұрған. Ортадағы алаңда түрлі дәрістер өткізілген. Жылыту жүйесінде көтеріп жүретін темір ошақты пайдаланған. Мұржасы бар.
Айтқандай, медресенің кіреберісінде шайқалып тұратын 2 мұнарасы болған. Әрбірінің биіктігі 18,5 метр. Өкініштісі сол, қазір ол мұнаралар жоқ. Біреуі 1867 жылы, екіншісі 1878 жылы құлап, қираған. Бірақ іргетасының алты қатар кірпіші тұр. Бұл екі мұнараның арасы шынжырмен байланып, олардың әр күмбезінің астына бөрене бекітілген, егер біреуін қозғаса шынжыр дірілдеп, екінші мұнара құлап бара жатқандай көрінеді екен. Танымал тарихшы Зейнаддин Васифи Сауран медресесінің тербеліп тұратын мұнараларын әлемнің кереметіне балаған екен.
ХVІ ғасырдың тарихшысы ибн Рузбихан 1509 жылы наурыз айының ортасында Сауранға келіп, оның әдеттен тыс көрікті қала екенін айтады. Ол: «Бұл қаланың топырағы білім мен ғылымның ордасы. Халқы ерекше білімқұмар, зерек және қонақжайлылық олардың табиғатына әбден сіңген. Қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ал оның айналасында – ор, ешқандай жау ала алмайды» депті.