Шымкент! Бүгінің мынау, ертеңің қандай болмақ?!..
Қазақ деген ұлттың негізінде құрылған Қазақстан мемлекетінің негізгі жергілікті ұлтының көпшілігі тәуелсіз елдің үшінші қаласы атанған Шымкент шаһары мен Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Ұлттың ұйытқысы болған аймақта ұлттық идеология елдің өзге өңірлеріне үлгі болып көш бастауы керек. Бұл жерде мемлекеттің негізгі саясатын жүргізетін, оны қалың қауымға түсіндіретін Шымкент қалалық әкімшілігінің бүгінгі таңдағы идеологиялық жұмысына биліктің билігіндегілердің де, қарапайым халықтың да көңілі толмай отыр. Бір кездері облыстық ішкі саясат дейтін аты дардай, салмағы таудай мекемені басқарып, біраз жыл оның дәм-тұзын татып, қызығын көрген Бахадыр Нарымбетов дейтін кескіні мен келбетіне көз тоятын азамат соңғы төрт жылдан бері Шымқаланың бүкіл идеологиясына басшылық жасап, әмірін жүргізіп келеді. Әлгі жоғарыдағылар мен төбедегілердің қаладағы идеологиялық, саяси жұмыстарға көңілдерінің толмауы осы мақаланың бас кейіпкері Бахадыр мырзаға тікелей байланысты. Жұрттың құлағы елең, көзі алаң болатын, алып бара жатқан үлкен бір іс-шараның өтпегеніне де айлардың емес, жылдардың жүзі болыпты. Айтқандардың аузына қақпақ бола алмайсың, осы біздің қаланың бас идеологы Бахаңды жұрт «ұйықтап жүретін орынбасар» дейді. Неге дейді? Енді соның арғы жағы мен бергі жағына шамалап қана талдау жасап көрелік.
Абай атамыз өзінің кезінде терең білім алмағанына өкініп, әттең-айын гүй-гүйлетіп, өмір бақи басын шайқап, бармағын істеп, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деумен өткен екен. Біздің Нарымбетов өткеніне опық жеп, өкінбейді, басын шайқап, бармағын тістей бермейді. Әй, осы кісі сол Абайыңызды көрмеген соң, оның не деп зарлағанын білмейтін шығар немесе оқымаған болар. Бір кездері осы кісінің орнында қаланың бас идеологы болған, Сарысудың тумасы, бүгінде Шымкентте шағын бір мекеменің басшысы қызметінде жүрген азаматтың атын қалалықтар әлі ұмыта қойған жоқ. Әсіресе, білім орындарындағы сыбайластық пен жемқорлық, мұғалімдерден ақша жинау, білім ордаларын жөндеу үшін ата-аналарға салмақ салу, қаржы дәмету, ұстаздық қызметке тұру үшін пара беру мен пара алу дегендерге тосқауыл қою үшін сол азамат барын салды, ұрандатты, біраз нәрсеге бөгет болды. Соның бойындағы сондай патриоттық қасиеттер Бахадыр мырзаның тұла бойынан орын ала алмай жүр. Қайта бүгінде мектептің директоры ғана емес, қарапайым мұғалім болу үшін берілетін, алынатын, арада жүретін дорбаның ішіндегі пұлдың бағасы мың доллордан асып кетті. Мұны өтірік деген кісінің бетін өтпейтін пышақпен тырналап тіліп тастауға болады. Нар жігіт Нарымбетов мұның бәріне көзін тарс жұмып қарап отыр. Әлде алымсақтар мен берімсектерге тосқауыл қояйын десе, өзінің де талайлардың ортасына түскен «делдалдық» қызметін қорқатын болуы керек.
Бахадыр мырза біршама салаға қала әкімінің орынбасары ретінде басшылық жасайды, бағыт береді, қажет жерінде, керек кезінде сұрап отырады. Ақша емес, тиісті салалардың жауапкершілігін. Егер көңілінің хошы болмай немесе бүйрегі бұрып, мейірі түсіп, жаны ашып тұрса сұрамай-ақ қоя салады. Дәл осы кісінің кезінде Шымкенттің спорт пен туризм бөлімін басқаруға атақты былғары қолғап шебері Нұржан Сманов келді. Бірақ бұрын мұндай басшылықта болмағандықтан ба, әлде «тәбеті тартып» кетті ме, қаржы мәселесі төңірегінде біраз батпаққа батты. Қаржы полициясы осы жемқорлықпен сыбайластыққа байланысты мәселені қозғап, қала спортшыларының бастығы сол құзырлы мекеменің дәлізіндегі еденін таптаурын етіп әлі жүр. Мәселені жылы жауып қойғысы келді ме, осы мекемеге тікелей басшылық жасайтын Б.Нарымбетов келеңсіз жағдайдың орын алғанын біле тұра, 10 миллионнан астам қаржының қай құрдымға кеткеніне сұрау салмай-ақ, Н.Смановтың «өз еркіммен жұмыстан кетемін» деген өтінішіне шиырып қол қоя салды. «Анауың қайда, мынауың қайда, неге жеп қойдың» деген жоқ. Дегісі келмеді ме, әлде деуге басқа бір себеп дегізбеді ме, оны енді Бахаңның іші біледі.Қаржы полициясы осы миллиондарды құрдымға жіберіп, қылмыстық әрекетті құмға сіңгендей етіп жібермесе, күндердің күнінде оның да беті аймандай болып ашылар. Біз «бірге ішіп, бірге жеп қойды, бірдеңені бөлісті» деп Нарымбетовке нақақтан-нақақ күйе жаға алмаймыз. Бірақ өзі басқаратын, қадағалайтын, сұрау салатын мекеменің білдей басшысының мемлекеттің осыншама қаржысын ізім-қайым жоқ қылып жібергеніне кезінде қалай жол берді, енді оны неге сұрап, себебін іздемейді. Арызына «айналайын абыроймен, аман кет» деп арқасынан қағып, қол қойып шығарып сала салады. Бұл Нарымбетовтың мемлекетке, оның қаржысына, немесе оны талам-таражға салған Смановқа жаны ашығаны ма? Елдің мүддесін жеке басшының жамбасына байлап жіберуге тәуекел еткеніне қарағанда, Бахаңның өз мемлекетіне былқ етіп жаны титтей де ашымайтын секілді. Ашыған адам шырылдайды, сұрайды, ашады, сөйтіп жоқты орнына қоюға араласады. Ал Нарымбетов мұның бәрін оңы мен солына сырып қойып мемлекет берген айлығын алаңсыз алып отыр. Мұндайда қазекең сәл дөрекілеу болса да «сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды…» деп бірақ ауыз сөзбен нүктесін қоятын еді. Мүмкін осындай нүктені сиясы кетпеген қаланың жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының батылы барар. Егерәки, «бір өңірде туған бір атаның баласымыз ғой» демейтін болса. Сондықтан, салмақтың ауыр жүгін Сатыбалдының үлесіне қалдырайық. Бірақ, өйтейін десең санаңда сенбейтін бір ойдың басы тағы қылтиып шыға келді. Келгеніне айдан асқан Дархан Сатыбалды мырзамыз ел елең ететін, халық қалт етіп көзін ашатын бір нәрсені атқармады, атқарамын деп айтпады да. Тек «донор» әкім ретінде теледидардан жарты ауыз әңгіме айтып, қалған тоқсан тоғыз мәселе жөнінде ләм-лим демей отыр. Бұл да Бахадыр ағасы секілді қызметін «ұйықтаумен» өткізбесе екен деп Тәңірден емес, облыс әкімінен сұрағанымыз артық болмас. Өйтіп сұрайын десек, өзінің осы қызметке келуіне «толық келісім» бермеген облыс әкімінің «тағынан таятын» сәтіп күтіп, болашақ «дауылдың алдында» тыншып отыр ма дейсің. Мейлі, біз оларды қызметке қойғанымыз жоқ, қызметтен ала алмаймызда. Тек елдің үдесінен шығуға қарымы мен жасы жетсе болғаны деген ойды қанағат тұтамыз.
Дархан Сатыбалдыны қоя тұрып, әкімшілік қызметте «ит жейдені» одан бұрын тоздырып үлгерген өзіміздің Бахадырімізге тағы бір қырынан қайта оралсақ, бізді сөге қоймас. Бұл Бахаң өзінің көмекшілеріне қатты сенетін және оларды қатты қолдайтын, көтермелейтін саусақпен санарлық азаматтардың бірі деп есептейміз. Бұрын не бастық, не орынбасар болып мемлекеттік қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңбаған, толымды тәжірибе жимаған, «Барып кел мен шауып кел» қызметшінің рөлін жақсы ойнаған көмекшісі Алмасбек Ғабдуллинді көмекшіліктің «қодығынан көтеріп алып», қалалық жұмыспен қамту дейтін алапат мекеменің айбарлы тағына қондыра салды. Мемлекеттік ұзақ мерзімді бағдарламаларды жүзеге асыруда білікті басшылардың өзі «арбаны сүйрей алмай жүргенде», Бахадырдің «етегінен шыққан» Алмасбектің мінген тұлпары сол арбаны қалай сүйрер екен деп ойлағанымызша болмады, «бала бастық» пара деген пәренің шырмауына шырмалды, қаржы полициясының тұзағына тұтылды. Баяғы да, біз білмейтін 37-ші жылдың «қара киімділерді» секілді нарымбетовшілердің «кадры» деген жаңа термин жаңа ғасырда Шымкентте пайда болды.
Енді елдің қарнын аштыратын бір мәселе бар. Біз жоғарыда «идеология, кадр, сыбайластық, жемқорлық, пара алу, пара беру» деп аузымызды ауыртып жатырмыз. Шынында несіне оған шыжкөбелек болып, шыр-пырымыз шығады. Билік бүгінгі деңгейде, осындай төмен дәрежеде тұрғанда, оны біз түгілі бүгінге Елбасымыз басқарып отырған Бас партияның өзі-«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының жергілікті бөлімдерінің өзі де жолға қойып, жөнге сала алмайды. Өткенде партияның қалалық филиалының кезекті бір жиынына қойылған мәселе талқыға түскенде сол ұйымның қалалық филиалының басшысы, ойы орамды, пікірі ашық, «тілі ащы», жамандыққа жаны қас, кемшілігіңді кім екеніңе қарамай, бетіңе былыш дегізіп айтып салатын Өмірзақ Мелдехановтай азаматтың өзі қала әкімінің орынбасары Б.Нарымбетовке байланысты біраз мәселені көптің алдында көбігін көпіртпей, нақты дәлелдермен ашына айтқанына куә болдық. Қалалық мәслихаттың бүгінгі хатшысы, кандидатурасын былтырғы қаңтардағы сайлаудан кейін «Нұр Отанның» өзі ұсынған Нұрлан Бекназаров мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаланың бас идеологы басшылық жасайтын саланың есебі тыңдалған кезде, бары мен жанын салып Нарымбетовтың «қорғаушысына айналды». Өзін «өсірген» партияға қазір «аузын томпайтып, көзін алартып» қарайтын, партияға «оппозиционер болып үлгерген» Нұрлан Бекназаровпен «бір табақтан ас ішу, бір жамылғының астында болу» Нарымбетов үшін керек пе еді? Мелдеханов осындай оспадарсыз әрекеттер үшін шырылдады.
Келесі бір партияның қалалық жиынына ел Президенті Н.Назарбаевтың алға қойған келелі міндеттерін тиянақты жүзеге асыру жолындағы жергілікті және атқарушы билік өкілдерінің тығыз бірлікте жұмыс атқаруының жағдаяты жөніндегі мәселенің арнайы күн тәртібіне қойып қаралды. Жай ғана басталған жиынның соңы қалалық мәслихаттың хатшысы Н.Бекназаровқа сенімсіздік білдірумен аяқталды. Партиялық талап пен тілекті мойындағысы келмейтін оған жауап беруге келгенде атүстілікке салынатын Н.Бекназаров керек болса мәжілісте фракция басшыларының сөзін бөліп, орынсыз қарсы әңгіме айтып, адамгершілік этиканы аяққа таптауға дейін барғандығы осы жиында өткір сынға алынды. Партиялық талаптың бірі-кейбір депутаттардың бірнеше комиссияның құрамында болуының заңсыз екендігі айтылғанмен, одан нәтиже шығарылмады. Б.Садықов осы жиында мәслихаттың өз міндеттердің толығымен атқармайтындығын, партия органдарына берілуге тиісті құжаттардың ұдайы кешігетіндігін, жиындардағы шешендердің белгілі бір «кезекшілері» сөз сөйлейтіндігі сынға алынды. Б.Есімова тіпті бұдан да сорақы бір жағдайды көпшіліктің алдына жайып салды. «Н.Бекназаров партиялық фракцияның кеңейтілген мәжілісіне күн тәртібіне қойылған мәселеге байланысты былай деді: «Зачем нужны планы работы фракции, если этот вопрос и без того будет рассматриваться на заседании маслихата? Ол мәселені өзіміз-ақ қарай береміз» деп салыпты. Өзін «бесікте тербетіп, белін буып, басшылықтың биігіне көтерген» «Нұр Отанның» «құдығына» Нұрлан хатшы осылайша «тіфу» дей салды. Мұны партияны, оның басшылығын, қозғаған мәселесін қолдамау, қарсы тұру деп ойлар болсақ, онда оның түбі сол партияның бірінші басшысына барып тимей ме? Осы жиынға Астанада отырған «Нұр Отанның» төрағасының (Н.Назарбаев) бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысып отырса қандай күйде болар еді? Оны болжамдау қиын. Б.Садықов осы жиында мәслихатқа және оның хатшысы Н.Бекназаровқа қатысты тағы біраз жәйттерді жайып салды. «Еңбекші аудандық партия филиалында ашылған партиялық бақылау бекеттерінде депутат Н.Бекназаров облыстық балалар перинаталдық орталығында пост жетекшісі болып бекітілген. Арнайы тексеру комиссиясын өзін бастап барып тексергенде бұл постқа бірде-бір комиссия мүшесінің бармағандығына көз жеткіздік. Тіркеу журналына Н.Бекназаровпен комиссия мүшесі А.Шохатайдың қолдары қойылмаған. Яғни, олар бұл орында жарты жыл ішінде бірде-бір рет болмаған. Міне, осындай жауапсыздық пен партиялық бақылау комиссиясының іске немқұрайлы қарауының салдарынан үстіміздегі жылы дәл осы облыстық балалар перинаталдық орталығында бүкіл елге ауыр салмақ болған қылмыстық әрекет орын алды. Жаңа туған нәрестені сатқан екі бірдей медбике ұсталды. Олар тиісті жазасын алды. Қалалық мәслихаттың хатшысы Еңбекші аудандық партия филиалының түзген кестесіне сай, аудан көлемінде өтетін іс-шараларға қатысқан емес. Тіпті ақпан айында өткен фракция отырысына арнайы шақырғанда да келмеді. Ал бұл жиында қаланың өміріне қатысты үлкен өзекті мәселенің жағдайы талқыланды. Яғни қала әкімшілігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есебі және оған тікелей жауап қала әкімінің орынбасары Б.Рысқұлбековтың 2011-2012 жылдардағы атқарған жұмыстарының жағдайы талқыланған болатын. Бұл мәселелердің мәслихатқа және оның хатшысына қатысы жоқ секілді. Яғни, Н.Бекназаров партия ұйымынан қол үзіп қалған деп айтуға болады» деген пікір жиналғандарға ой салды. Бюро мүшелері өз сөзінде мәслихат хатшысының партиялық істен алыстағандығын, сондықтан саяси тәртіп пен саяси әрекетсіздік жөніндегі сауалдың туындайтындығын жиында ашық мәселе етіп қойды. Партияның жарғысына байланысты Н.Бекназаровтың бұл әрекеттері, яғни партиялық істен қол үзуі оны партия қатарынан шығаруға лайық екендігіне тоқтала келіп, тосын бір ұсыныс енгізді. Ол мәслихаттың хатшысын атқарып жүрген жұмысынан босату жөніндегі мәселені фракция мәжілісінің күн тәртібіне қою жөнінде еді. Мұны қолдаушылар аз болған жоқ. Жиында бір ұсыныс болды. Ол жоғарыда қозғалған мәслихат хатшысын қызметінен босату жөніндегі мәселені фракцияның күн тәртібіне қою еді. Мәселе дауысқа салынды. Ұсынысты оған қатысқан фракцияның тоғыз мүшесі толығымен қолдады. Сөйтіп жайлап басталған жиынның соңы өткір мәселемен түйінделді. Мұндай пікірдің туындауына, ұсыныстың айтылуына мәслихат хатшысының өзі себепкер болған.
Қазақстанның үшінші қаласы Шымкенттегі басшылық жөнінде, олардың бұрынғы-соңғы басшылары жөнінде біз шағын ғана талдауымызды бүгінше бір қорытындылағанды жөн көріп отырмыз. Естір құлақ, көрер көз, түсінер адам болса біршама жағдай ашық айтылды. Мәселенің өзі біреуді аспанға көтеріп, енді біреуді жерге тығу емес, ол елдің, халықтың жағдайын жақсарту, азаматтардың басшылық рөліндегі жауапкершілігін көтеру, айтылған сыннан түсіністікпен қорытынды шығаруға барып саяды. Салмақтың да салмағы бар. 39 жастағы су жаңа қала әкімі Дархан Сатыбалды «қалғығанын қойып, ұйқысынан оянып», Шымкенттің шырайын келтіру, халқының әл-ауқатын арттыру, өмірін жақсарту, жауапкершіліктің не екенін терең сезінуге бар қолынан келгенін жұмсайды, «ырдуан» арбасын қисайтпай, көлікті көшті абыроймен ілгерілетеді деген ой-ниетті ортаға салдық. Осы сенімге сай болу оның ертеңіне сын. Халық иыққа жүк артқанда «өзің біл» дейді. Ендеше болашақтың баянды бағытын қалай жүргізуді әкім біледі, халық таразылайды. Біз соны күтейік!
Мәулен ТАЛҒАТҰЛЫ.
P.S. Шөптің басы жел тұрған соң ғана қимылдайды. Біз өсек деп қабылдайтын «ұзынқұлақтың» әңгімесінің астарында кейде шамалы болса да шымырқанып, шыға алмай жатқан шындықтың аздаған бөлшектері болады. Қала әкімінің тым-тырыс күй кешуін кейбіреулер әр саққа жүгіртіп жатыр. Біреулері облыстың басшысын ауыстырып, оның орнына Оңтүстікте біраздан бері пайда болып, елеулі әрекетке қол жеткізіп үлгерген «жаңа клан»-«найманизм» жөнінде гу-гу әңгімеге өріс ашып жатыр. Бүгінгі томағалық пен үнсіздік, жауапсыздық пен жалтару мүмкін келер күндердің «кеселінің» әсері болар деген сумақай ой келеді санаға. Уақыт деген нәрсе-бәріне төреші. Ендеше сол төрелік болатын кезді күтейік.
Бұл туралы әлі зерттейтін боламыз.