ОТАНДЫҚ ӨНІМ — ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨРІСІ

102
0

Шымкент қаласында жемісті жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындар жетерлік. Саланың дамуына серпін беріп, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған осындай мекемелер бюджеттің бүйірінің толуына да ықпал етуде. Бүгінде материалымызда сондай кәсіпорындардың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз. Үшінші мегаполистегі «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан  «M Group KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – зауыт қондырғыларын құрастыратын ең ірі кәсіпорын, — деп жазады Uakit.kz.

Мұнда асфальт, цемент және қиыршық тас шығаратын алып қондырғылар жасалады. Ең алдымен шойын, болат, мыс, мырыш арнайы пеште балқытылады. 1800 градус ыстықтан шыққан сұйық металл қалыпқа құйылып, алып қондырғының бөлшектері дайындалады. Ал екінші цехта темірден түйін түйетін жігіттер тас уататын немесе цемент шығаратын зауыттың қозғалтқыш бөлшектерін дайындайды. «Мұндағы жасалатын барлық алып қондырғылардың барлық бөлшектері өзімізде жасалады. Мәселен бетон араластырғыштың редукторына дейін»  дейді  «M Group KZ» зауытының темір жонушысы Бекжан Тұранов.  Бір бөлшекті жасауға үш күн уақыт кетеді екен. Дайын болған өнім үшінші цехқа жөнелтіледі. Мұнда тас өңдеп, цемент пен асфальт шығаратын қондырғылардың негізгі қаңқасы жасалады. Жарқ-жұрқ еткен оттың арасында дәнекерлеушілер зауыттың бункері, цистерна секілді ең ірі бөлшектерін құрастырады. Дайын болған өнім осы жерде сынақтан өткізіліп, кейін тиісті түске боялып, сырланады.  «Әр шығарған затымызға кемінде 2 жыл кепілдік береміз. Құйма, механикалық құрастыру, конструкторлық цехтарда жұмыс тоқтаған емес»,- дейді  «M Group KZ» ЖШС директоры Нұрболат Төлебаев.  Бұл кәсіпорында асфальт, цемент және қиыршық тас шығаруға арналған 15-20 түрлі зауыт қондырғылары құрастырылады. Бағасы да әртүрлі. «Бір жиынтықты айтатын болсақ бағасы 6 миллион теңге тұрады. Қондырғының қуаттылығына қарай баға 170-200 миллион теңгеге дейін барады»,- дейді зауыт басшысы. Бір қонырғыны жасап шығаруға шамамен 1 ай уақыт кетеді. Аталған компания жылына 15 тапсырыс орындаймыз дейді. Шымкентте жасалған зауыт қондырғылары қазір еліміздің көптеген қалаларында жұмыс істеп тұр. «Ozat machinery» сауда маркасымен шығатын зауыт қондырғыларына тапсырыс үзілген емес дейді зауыт өкілдері.