Бұқарбаевтың бас-аяғы жоқ мәлімдемесі

219
0

vlcsnap-2013-06-21-11h17m20s72Соңғы кездері түсініксіз құбылыстар көбейіп барады. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұқарбаев бас көтерді. Оның Бұқарбаев екенін әзер таныдық. Көпшіліктің алдына шыққан соң күннен қорғау көзілдірігін шешіп, кішкене мәдениеттілікті сақтаса болар еді. Мейлі, ол өзінің жеке мәселесі десек те, айтар ойы шашыраңқы, эфирге шығуға ешқандай дайындықсыз келген депутат не айтып, не қойғанына өзі есеп бере алмағаны ыңғайсыз болды.

 

Тап бір, біреулер оны зорлап мәлімдеме жасатуға мәжбүрлегендей күй кешкен Бұқарбаев бүй дейді: «Құрметті облыс әкімі, құқық қорғау қызметкерлері! Менің отбасыма қауіп төніп тұр. Мен сіздерден оларды қорғауларыңызды сұранамын. Менің депутаттық мандатыма қатысты әрекет деп білемін. Егер олардың аман-сау жүретініне көзім жетпесе, депутаттықтан бас тартамын. Әрі қарай саяси және қоғамдық істермен айналыспаймын».
Болды, Бұқарбаевтың елді жинап өткізген мәлімдемесінің сықпыты  осындай. Бас-аяғы жоқ мұндай мәлімдеме жасаудың астарында не сыр бар. Әншейінде көсіліп сөйлейтін депутаттың айтары көп еді. Бірақ, осының өзін айтқызған да, айтқыза алмаған да бір тылсым күш барын ішіміз сезеді. Желдің қай жақтан екенін де ептеп білетіндейміз. Онша-мұншадан қорқа қоймайтын Бұқарбаевты кім қорқытуы мүмкін? Неге ол мұны ашып айтпайды? Айтар да еді, «айтқызбасы» айтқызбады. Оның мәлімдемесіне  аң-таң қалмаған адам болмады. Ең әрісі, облыс әкімі Асқар Исабекұлы өзі де қайран.
«Менің бұл жерде түсінбей отырғаным, ол Бұқарбаев мырзаның депутат ретінде қаланың да, облыстың да әкімдігіне кіруге мүмкіндігі мол. Брифинг өткізіп, жар салмай-ақ «осындай болып жатыр» десе, болмас па? Мен шынымды айтсам, оны түсінбей отырмын. Неге келмейді, неге заңға сәйкес құқық қорғау органдарына өтініш бермейді. Менің жеке өзіме келіп неге ескертпейді, осылай да тірлік істеуге бола ма? Оған кімдер қысым жасап жатыр, ішкі істер департаменті неге бұл мәселеден бейхабар? Баспасөз арқылы облыс әкіміне осылай деп… Не, мен бір жаққа кетіп қалдым ба, отырмын ғой орнымда. Тапсырма бердім, білейік қандай мәселе екенін»,- деді. Ал, қала әкімі Дархан Сатыбалды болса: «Не себепті мәлімдеме жасағанын Бұқарбаевтың өзі айтатын шығар. Біз әлі оны көрген жоқпыз» дегендей уәж айтты. Бұқарбаевтың елді дүрліктіретіндей мәлімдеме жасауында қандай негіз бар? Оны мазасыздандырған мәселеден қала, облыс әкімдері хабарсыз. «Нұр Отан» ХДП-ы білмейді, құқық қорғау органдары шет қалған. Қызық екен, сонда Бұқарбаевтың мақсаты не болды? Әлде, ел аузындағы: «Не дейсіз, Нұрғазы Бұқарбаев «Нұр Отан» ХДП-ы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынтағына қатты құмартып жүр екен»,- деген жел сөздің астарында шындық бар ма? Не десек те, әйтеуір бір гәп бар. «Атың шықпаса жер өрте» дейтіндей, Бұқарбаев атын мәлімдеме жасап шығаратын адам емес. Оған жарнама онсыз да жеткілікті. Білетіндердің айтуына қарағанда, депутат Н.Бұқарбаев қаланың жаңа әкімі Д.Сатыбалдының сыныптасы, бәлки курстасы әрі жақын досы көрінеді. Бұл рас болса, депутаттың телеарнаға тікелей шығып, шу көтеруінің мәнісі тереңде жатқан сияқты. Кезінде мемлекеттік қызмет істер агенттігін басқарып, қазір Астанадағы лауазымды қызметтердің бірінде отырған Ғабидолла Әбдрахимовтың кадры саналып жүрген Д.Сатыбалдының тарапынан жасалып жатқан «астыртын» ойын жүзеге асып келеді дейді біреулер. «Екі аттап биге шығуды» аңсайтын кейбіреулер Бұқарбаевтың «сандырағына» май шашып, қалада бірнеше топтар құрылып та үлгерді. Елбасы ел бірлігін нығайтуды қаласа, мұндағы шенеуніктер ел бірлігіне сызат салатын саяси айыптаулардың басы-қасында жүр. Тіпті, елші З.Тұрысбеков пен сенатор Б.Жылқышиевтың иелігіндегі «Отырар» телеарнасының (басшысы В.Куликова) тексерілмеген, зерттелмеген, зерделенбеген мәлімдемені атүсті таратуының да мәнісі бар. Ғ.Әбдрахимовты облыс әкімінің орынтағынан көргісі келетін кейбір көркөкіректілердің арманы аспанда. Білдей бір облысты Ғ.Әбдрахимов пен оның кадры қазіргі қала әкімі Д.Сатыбалдыға қос қолдап ұстатқанда кімнің не ұтарын ойлап жүрген ешкім жоқ. Сондықтан, он жасар қызын «ойынға» тығып, өзі тергеуге қызын жақындатпай жүрген Н. Бұқарбаевтың бүкіл бір облысқа көлеңке түсірген «сауатсыз сандырағын» құқық қорғау органдары тереңнен тексергені дұрыс. Дәлелденсе, қылмыскер жазасын алсын. Ал, егер дәлелденбесе, депутат Н.Бұқарбаевтың жүйке жүйесі мен арнайы маман —  дәрігер айналысып, денсаулығына баға беру керек. Өйткені, біреу бетіне қараса болды, дереу депутаттықтан кететінін айтып, байбалам салу «модаға» айналып бара жатыр. Кезінде Н.Бекназаровта «Егер мәслихат хатшысы болмасам, депутаттықтан кетемін» деп шала бүлініп шығып, халық қалаулылары бұл қызметке О.Ешімбетовтің сайлайын деп тұрған райынан қайтып (мұны дұрыс түсіне білген депутат О.Ешімбетовтің атасына рахмет), Н.Бекназаровтың ыңғайына амалсыздан ауған еді. Енді Н.Бұқарбаев шықты, кетемін деп… Сонда, қаласа сайланатын, қаламаса тастап кете салатындай, депутаттық мандат олар үшін ойыншыққа айналған ба, әлде сайлау болса алдына ұшып баратын «Нұр Отан» партиясы Н.Бекназаровтың командасы үшін «проходной двор» ма? Бәлкім, тағы біреулер бар шығар, ойы бұзылып жүрген… Ондай «қояндар» бар болса, осы бастан қамдансын, Бекназаорв мырза! Керек болатын болса, осы отырған депутаттардың басым көбінің дүниенің күшімен, әкімнің белден басуымен сайланғанын елдің барлығы біледі. Атам қазақтың «Жаман қатын кетемін деп қорқытады» деген нақылын қайталата бергендері де біз үшін де ыңғайсыз екен. Әліптің артын баға тұрайық, депутатты үркіткен мәселенің анық-қанығы да белгілі болып қалар.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.