«Ақсақ Нұржан» ақыры қолға түсті
Талайдан бері құқық қорғау органдарын сан соқтырып келген қылмыс әлемінің тағы бір «серкесі» қолға түсті. Криминалды ортада «Ақсақ Нұржан» лақап атымен танымал болған Нұржан Махамбетов есімді бұл азамат ОҚО Отырар мен Түркістан аудандарындағы «бақылаушы» болған. 36 жасар «авторитетті» ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Кентау мен Байырқұм арасындағы тасжолдың үстінде қолға түсірді.
Алдын ала дайындалған бұл операцияны ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері және «Бүркіт» арнайы жасағының сарбаздары бірлесіп жүргізді. Ізге түсіп, жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде Кентау-Байырқұм тасжолында келе жатқан «БМВ» маркалы автокөлігі тоқтатылып, тексеру жүргізілгенде орындықтың астынан шолақ мылтық табылған. Ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі, лақап аты «Ақсақ Нұржан» деген Нұржан Махамбетов мал ұрлығымен айналысатын азамтатарды бақылауында ұстап келген. Қымыс әлеміндегі бірқатар мәселелерді өз еркімен шешіп келген ол алғашқыда көліктен шыққан қаруды «тауып алдым» деуінен танбаса да, тіркеуде жоқ шолақ мылтықты заңсыз алып жүргені үшін оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Өз ортасында әжептәуір беделі бар Махамбетовті қолға түсіру операциясы сәтімен аяқталып, халықты қан қақсатып келген мал ұрыларының «көсемі» қамауға алынды.
«Уақыт»