ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛАЛЫҚ МАРШРУТТАРҒА 30 ЖАҢА АВТОБУС ҚОСЫЛАДЫ

Шымкент қаласында қоғамдық көлік сапасын жақсарту бағытында маңызды қадам жасалды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа автобустарды қабылдап, олардың техникалық жағдайымен танысты. Бұл жолы жолаушылар тасымалына 30 жаңа «Yutong» маркалы автобус қосылып отыр. Қарағандыдағы «Qaz Tehna» ЖШС зауытында құрастырылған бұл көліктер халықаралық стандарттарға сай жасалған. Әрқайсысы 85 жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік беретін автобустардың қаладағы №146 және №150 бағыттарда қызмет көрсетуі жоспарлануда.

Жаңа автобустардың енгізілуі шымкенттіктердің көптен бері көтеріп жүрген мәселелерінің бірін шешуге бағытталған. Соңғы жылдары қала тұрғындары қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі мен сапасына қатысты жиі шағымданып жүрген болатын. Енді жаңа автобустардың қатарға қосылуы осы түйткілді азайтуға көмектеседі. Бұдан бөлек, бұл бастама қалада бәсекелестікті арттыруға да ықпал етпек. Өйткені, жолаушылар тасымалын жаңа құрылған «Bozjorga Bus» ЖШС компаниясы жүзеге асырады. Қызмет көрсетушілердің көбеюі сапаны арттыруға, тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға жол ашады. Қала әкімі жаңа автобустарды қарап шығып, олардың сапасына оң бағасын берді. Сонымен қатар, жолаушылар үшін мәдени әрі тәрбиелік мәні бар бастаманы қолға алуды тапсырды. Атап айтқанда, автобустарда ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың қара сөздері мен күйлердің дыбысталып тұруын, сондай-ақ аялдамалар мен жолақы төлеу туралы хабарламаларды қамтамасыз ету міндеттелді. Бұл бастама қоғамдық көлікті тек қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге қала тұрғындарына ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ортаға айналдыруға бағытталған.

Жаңа автобустардың іске қосылуы қаладағы инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, жолаушылар мәдениетін арттыруға да ықпал ететіні сөзсіз. Қоғамдық көлік мәселесі – мегаполистегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Осы тұрғыда әкімдік тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып жатқаны байқалады. Жаңа көліктердің пайда болуы жолдағы қауіпсіздікті күшейтіп, тұрғындардың сапалы қызметке деген сенімін нығайтады. Алдағы уақытта мұндай бастамалардың жалғасын табуы қаладағы қоғамдық көлік жүйесін түбегейлі жаңғыртуға негіз болады. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне, әлеуметтік инфрақұрылымның нығаюына ықпал етеді.