МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ТҰРҒЫДА ДАМУЫ – білім сапасының негізі

270
0

2 (1)Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты” атты Жолдауында атап көрсеткеніндей, білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадрлар даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Осының бәрі мұғалімнің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Ұстаздықты екінің бірі атқара алмайды. Оның алдында әр күн сайын іздену, еңбектену, білімін толықтыру, уақытпен үндесу талабы тұрады. Осы тұрғыда өз біліктілігін, кәсіби шеберлігін жетілдіріп тұру қажет. Сайрам ауданындағы №94 жалпы орта мектебінің  педагогикалық ұжымы оқытушылардың әлеуетін, кәсіби дәрежесін жоғарылату мақсатында  өзара орта білім беретін оқу орындарымен  ынтымақтастықты жүзеге асырады. Мектеп  педагогтері  қазіргі білім беру кеңістігі жағдайында  әдістемелік  жұмыс істейді.

Жаңа тұрпатты мұғалім үш түрлі құзыреттілікке ие болуы тиіс. Олар: әдіснамалық, жалпы мәдени, тілдік бағыттылық. Біріншіден, педагогикалық қызметтің шығармашылыққа бағытталуы, екіншіден, зияткерлік мәдениетін, мінез-құлық, қарым-қатынас, соның ішінде педагогикалық қарым-қатынасты игеруі, үшіншіден, қазіргі кіріктіру үдерістерін, әлемдік білім берудің даму беталысын бағдарлай алуы керек.
Қазіргі кәсіптік-педагогикалық қызмет оқушылардың жеке тұлғасын дамытуға бағыт беретін, күрделі әлеуметтік-мәдени жағдайды еркін бағдарлайтын, шығармашылық үдерістерді басқаратын, адам туралы ғылымның жетістіктерін, оның даму заңдылықтарын, компьютерлік оқыту өнерін терең меңгерген, жан-жақты дамыған шығармашыл ұстазды талап етеді. Колледж ұжымы білім саласының дамуына, оқушылардың сапалы білім алуына зор үлесін қосып келеді. Оқытушылар мен оқушылар өз табыстылығы мен бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеу мақсатында кәсіби шеберліктің облыстық, республикалық сайыстарына белсене қатысады.
Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, практикалық үйлестіруді шебер меңгерген психолог, педагогикалық диагностика қоя білетін іскер мұғалім қажет. Педагогтік-психологиялық білімін күнделікті ісінде шебер пайдалана білетін, бейімділік сараптамалық қабілеттері мен идеялық ұстанымы бар, білімді де білікті мамандар жыл сайын біздің колледжден даярланып шығады.
Абайдың: “Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға”, – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?! Қазіргі білім беру саласы қызметкерлерінің алдында тұрған басты міндет – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беру. Біз осыны мінсіз атқаруға тиіспіз.

Жібек ПРАЛИЕВА,
Сайрам ауданы,№41 Жамбыл атындағы орта мектебінің мұғалімі.