Тест талайларды терлетті-ақ!

252
0

32Шенеунік біткенді шырт ұйқыларынан оятып, қан қысымдарын күрт көтеріп жіберген атышулы «А» корпусына тестілеу машақаты аяқталып, жеңіске жете алғандары желпінді, өте алмағандары өкініштен бармақтарын тістеді. Үміткерлердің үштен бірі өте алмапты деген мәлімет бар.

Білім-біліктілігі, саяси сауаттылығы, тәжірибесі төмен қаншама шенеуніктің жолдары кесіліп, олар өздерінің, халық олардың кім екенін анық ажыратты. Қолынан түк келмесе де, ел басқаруды мансұқ көретін әкім-қаралар, басқарма басшылары ендігі жерде аяқтарын  аңдап басатын болады. Бұл тәсіл өте қажет екендігі анық. Тек, тестілеу әділ де, жариялы өткенін хош көреміз. Оңтүстік өңірінен де тест тапсыруға Астанаға ат арылтып, жолға шыққандардың алғашқыда қарасы молдау еді, мәреге жеткенше көпшілігінің меселдері қайтып, орта жолдан кері қайтқандары да, ауруханаға жатып алғандары да болғанға ұқсайды. Одан гөрі, өте алмаса да бәйгеге қатысқандары жөн еді. Біздің қолымызда Астанадан тестен өтіп келген шымкенттік шенеуніктердің тізімі тұр. Бірақ, бірқатар аудан әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшыларының аты-жөндері бұл тізімде жоқ болып шықты. Сонда олар тестке қатыспаған ба, әлде құлаған ба, жоқ басқа себептері болды ма? Бұл жөнінде нақты мәлімет жоқтың қасы. Білім, мәдениет, тілдерді дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ауылшаруашылығы, ішкі саясат, құрылыс басқармасы басшыларының аты-жөндері не өткендердің, не өтпегендердің тізімінен көрінбеді. Былайша айтқанда, барған із бар да, қайтқан із жоқ.

«Уақыт»