«Біздің полиция бізді қорғайды» деп біз жүрміз, ал, олар?..

338
0
1173601

Суреттің мақалаға қатысы жоқ

ҚР Бас  прокурорының назарына!

Редакцияның хат қоржынына келіп түскен мына бір шағым бізге қызық көрінді. Қызығы сол, бұл бұрынғы полиция қызметкерінен келіп отыр. «Менің милициям мені қорғайды» деп жүргенде, полицейдің тілшілерден көмек сұрағаны расымен қызық емес пе?! Хат тақырыбының «Ұйымдасқан сыбайлас жемқорлық туралы» деген атауы бізге одан да қызық көрінгенін несіне жасырайық. Біз, әрине, сенсация қуалаудан, пәле іздеп, біреуді қаралаудан аулақпыз, дегенмен шағымданушының хатты жазудағы мақсатын беруді құп көрдік. Ал, кімнің әрекеті дұрыс, кімдікі бұрыс – мұның анығына жетуді оқырманның патша көңілі мен құзырлы органдардың анықтауына қалдырдық.
Елбасыдан бастап елдің Премьер-министрі, Сенат және Мәжіліс төрағалары, Бас прокурор мен Ішкі істер министрі, сондай-ақ, бірқатар БАҚ назарына ұсынылған бұл хатты түгел беру, әрине, мүмкін емес. Сондықтан  тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шағымданушының өз сөзімен теріп-теріп бергенді жөн көріп отырмыз.  

«Мен ОҚО ІІД Шымкент ҚІІБ патрульдік полиция полкінің полицей-жүргізушісі, полиция аға сержанты болып 23 жыл 5 ай 13 күн жұмыс істеп, 2009 жылдың 1 тамызынан 18 қыркүйегіне дейінгі аралықта кезекті еңбек демалысына шыққанмын. Демалыста жүргенде ОҚО ІІД бастығы, полиция генерал-майоры С.Досымов осы жылдың 11 қарашасы күні  №150 бұйрығымен мені жұмыстан босатып жіберіпті. Генерал-майор «ҚР Iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруi туралы ереженің 91-бабы «б» тармағын (жасы бойынша) негізге алыпты.
Мен 1961 жылы туылғанмын, ішкі істер органы қатарында 1990 жылдан бері өз қызметімді адал атқарып келдім. Жұмысымда не ескерту, не сөгіс алған емеспін, маған қатысты ешқашан тәртіптік жаза қолданылған емес. Кезекті еңбек демалысымда жүргенде жұмыстан босатып, ҚР «Еңбек туралы» заңын белден басты. Зейнеткерлікке 1 жыл 6 ай 17 күн (бір жарым жыл. Ред.) қалған еді. Мұнан кейін С.Досымов мырзаның орнына жаңадан келген бастық А.Оспановқа жағдайымды айтып, қайтып жұмысқа қабылдауын өтіндім. Бірақ, өтінішім қабылданбады.
Арадан екі жарым жылдай өткен соң мен полиция генерал-майоры С.Досымовтың 2009 жылдың 11 қарашасы күні №150 бұйрығының күшін жою туралы Шымкент қалалық әл-Фараби аудандық сотына шағымдандым. Алайда, сотта талап арызым қанағаттандырылған жоқ.   ОҚО ІІД тарапынан келген өкіл Қ.Абылайұлы сотқа менің үстімнен жалған мәлімет беріпті. Онда мені  2009 жылы 11 ақпанда жол-көлік оқиғасы бойынша әкімшілік құқық бұзған, іс қозғалған деп көрсетіпті.
Сонымен қатар, ОҚО ІІД кадр бөлімінің бастығы С.Тіленшин мен кадр инспекторы Н.Егізбаев менің 01.08.2009 жылы еңбек демалысына шыққаным туралы бұйрықты құртып жіберіпті, «Бұйрық шықпаған, рұқсат берілмеген» деп жалған құжат дайындаған. Біздің жұмыстан 3 сағат кешіксең, рапорт жазып, жұмыстан босатады. Ал, мен 45 күн жұмыста болмасам, неге сол кезде  маған тәртіптік жаза қолданып, жұмыстан қумаған? Судья осыны неге негізге алмады?
С.Досымовтың №150 бұйрығымен зейнеткерлікке шығуға 1 жыл, 1,5 жыл, 2,5 жыл қалған  жеті азамат жұмыстан шығарылған болатын. ОҚО ІІД-нің жаңа бастығы А.Оспановқа осы жеті адам бірге кіргенбіз. Менен басқасы заңсыз жұмыссыз жүрген күндеріне өтемақы талап етпейтінін, тек жұмысқа қабылданса болды деп келісім берген. Және олардан жалақысын талап етпейтіні туралы қолхат алынған. Сол алты адамды жұмысқа қабылдап, зейнеткерлікке шығарып жіберді. Ал, мен заңсыз бос жүрген күндеріме өтемақы талап етемін деп, жұмыссыз қалдым.   Сонша адамның еңбекақысын бермеуі заңсыз емес пе?
ҚР Ішкі істер министрлігінің 01.01.2001жылғы №1 бұйрығының 6-бөлімінде кіші құрамдағы қызметкерлердің кезекті еңбек демалысына бұйрық шығарылмайтыны, оған өзі қызмет ететін бөлімнің бастығы бекіткен кесте, бастықтың атына жазылған рапорт негіз бола алатыны көрсетілген. Ендеше, ОҚО ІІД кадр бөлімінің бастығы С.Тіленшин мен кадр инспекторы Н.Егізбаевтың  «еңбек демалысына шығуға бұйрық шықпаған, рұқсат берілмеген» деген айыптарымен келіспеймін.
ОҚО ІІД кадр жұмысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қ.Ербасов менің арызымды мұқият көріп шығып, 2013 жылғы 13 шілде күнгі №7/26/129 хатында менің  жалпы еңбек өтілімнің  22 жыл  1 ай  7 к.үнді, ал, жеңілдік түрде 26  жыл 1 ай 3  күнді құрайтынын  көрсетіпті. Бірақ, мен әлі зейнеткерлікке шыға алмай отырмын» депті шағым иесі Абдуали Жаңабаев.
Атап өтерлігі, генерал-майор С.Досымовтың бұйрығы шыққан кезде А.Жаңабаевтың жасы 48-де болған. ҚР «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 11-тарау 82-бабы бойынша «құқық қорғау органдарында қызмет етудің шекті жасы майорға дейінгілер, кіші кеңесшіні қоса алғанда – қырық бес жас» деп көрсетілген. ОҚО ІІД Кадр жұмысы басқармасының бастығы кезінде осыны негізге ала отырып, Жаңабаевтің жұмысқа қабылдау туралы өтінішіне «ІІО-да қатардағы және кіші басшы құрам қызметкерлері 45 жасқа дейін қызмет атқара алады, соған қарамастан А.Жаңабаевқа 48 жасқа дейін жұмыс істеуіне мүмкіншілік берілген» деп жауап қайтарыпты.
Хат иесі «ОҚО ІІД кадр бөлімінің бастығы С.Тіленшин мен кадр инспекторы Н.Егізбаев менің 01.08.2009 жылы еңбек демалысына шықты деген бұйрықты құртып жіберген, «бұйрық шықпаған, рұқсат берілмеген» деп жалған құжат дайындаған» деп еді ғой, соған дәлел ретінде Шымкент қалалық ІІБ Патрульдік полиция полкінің командирі, полиция полковнигі Н.Қарабаевтың С.Тіленшин мырзаға 28.02.2012 жылы жолдаған хатын  ұсынады. Онда 2009 жылдың 1тамызы мен 18 қыркүйегі арасында А.Жаңабаевтың расында да кезекті еңбек демалысында болғаны көрсетілген. Ал, С.Досымов мырзаның бұйрығы 11 қыркүйекте шыққан. Қала берді оның бұл уақытта еңбек демалысында болғанын растайтын тағы бір құжат бар. Ол – полк командирінің ОҚО ІІД-ға тапсыратын кадрларды орналастыру журналы. Мұнда полк бойынша 9 адамның, оның ішінде А.Жаңабаевтың да 2009 жылдың 18 қыркүйегі күні еңбек демалысында болғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр.
Шағым иесі кезінде әл-Фараби аудандық сотының судьясы М.Абдрасиловтың да, ОҚО сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы құрамына төрағалық еткен судья С.Дзюлиевтің осыны ескермегеніне наразы.
Қазір А.Жаңабаев жұмыссыз, басқа әріптестері сияқты зейнеткерлікке де шыға алмаған. Біздің ішкі істер департаменті басшылығында да, судьяларда да алты аласы бес бересіміз жоқ. Бізді алаңдататыны —  адам тағдыры ғана.
Заң – баршаға ортақ, хан да, қараша да заңға бағынуы тиіс. А.Жаңабаевтың жасы бойынша заңға сәйкес қызметтен босатылуы заңды шығар, бірақ, кезекті еңбек демалысында жүрген кезде сырттай жұмыстан босатылғаны ақылға сыймайды.
Егер ОҚО ІІД кадр жұмысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қ.Ербасовтың 2013 жылғы 13 шілде күнгі №7/26/129 хатындағы жалпы еңбек өтілі —  22 жыл  1 ай  7 күн, ал, жеңілдік түрде 26  жыл 1 ай 3  күнді құрайды» дегені рас болса (лауазымды қызметкер өтірік жазбайтын болар),  құқық қорғау саласына соншама жыл еңбек сіңірген азаматтың әлі күнге зейнеткерлікке шыға алмай жүргені түсініксіз.
А.Жаңабаевқа  түсініксіз болған осындай мәселелерге біз де түсіне алмай отырмыз. Алдағы уақытта осы мәселе бойынша құқық қорғау органдары тиісті жауабын береді деген үміттеміз. «Біздің полиция бізді қорғайды» деп біз жүрміз, ал, олар?..

Г.БАТЫРБЕКҚЫЗЫ