«СУДЬЯЛАР – ҚЫЛМЫСКЕР, АДВОКАТТАР – … ПОЧТАЛЬОН» БА?

306
0

001001Редакцияға шындық іздеп тағы бір азамат келді. Ол Оңтүстік судьяларының шешіміне наразы. Наразы дегеніміз жай сөз, оларды сыбайласқан қылмыскерлер деп айыптайды. «Судьялар – қылмыскер, адвокаттар – сыбайластықты жүзеге асырушы почтальон» дейді шағымданушы. Осылай айыптап қана қоймай, соны заңмен дәлелдейді.  «Шындық жоқ жерде сұмдық көп» деген ата-бабамыз. Бұл іс те соның кері емес пе екен? Әйтпесе, сот әділ төрелігін айтса, исі қазақ аталы сөзге тоқтамас па еді?! Ендеше, әңгімені басынан бастайық.

«Дау – қарындастан»…

Былтыр дәл осы уақытта жалғыз ұлды аяқтандырып, қуаныштан есі шыққан Үсеновтер отбасы бірер айдан соң жаңа келін мен құдалармен соттасармыз деп ойлапты дейсіз бе?! Қазақтың салт-жоралғысын бұлар да жасап, дәстүрмен келін түсірген. Алайда, бірер айдан соң келін мен ұлдың арасы жараспай, ажырасып кетеді. Араларында бала болмаса да, келін жақ, яғни Искаковтар отбасы екі жастың бірге тұруын талап етеді. Олай болмаған күнде соттатуды көздеді. Іс сотқа жететіндей, бір-біріне қол жұмсап, тұмсық бұзған ешкім жоқ, тек жаңа түскен келін мен құдалар жаңа күйеу жігітке «қорлады» деп жала жауып сотқа берген.
Алғашқы сот отырысы  биылғы 27 ақпанда өтіп, Искаковтар отбасы көрінеу жалған сөз айтып, жасанды айып тағып, жігіттен 3  миллион теңге моральдық шығын талап етеді.
Ажырасып кеткен келіннің шағымына сүйенсек, ол 20 қаңтарда ата-анасымен бұрынғы күйеуінің үйіне келген.  Сол арада күйеуі оны қорлап, қылмыс жасады деп көрсеткен. Таң қаларлығы, жас келін сотқа шағым жазғанда күйеуіне қатысты Қылымыстық кодекстің 130-бабының 1-тармағымен (Қорлау,басқа адамның ар-намысын әдепсіз түрде кемсіту) іс қозғауды сұранған. Атап өтерлігі, келіннің куәгерлері тек өз туыстары: ата-анасы, атасы, апасы, әжесі. ҚР ҚІЖК 86-бабының  2-бөліміне сүйенсек, келіннің туыстары мүдделі адам болып табылады, ал, мүдделі адамдар куәгер бола алмайды. Жарайды, бұл бөлек әңгіме.
Судья Ш.Бийсимбиева туысқандарының іске мүдделі адамдар екенін біле тұра, арызды қабылдап алған және арызда шағымданушының қолы қойылмаған, берілген күні де көрсетілмеген. Ендеше, «домалақ арызға» іс қозғаған судьяның әрекеті заңсыз болып табылады.
Сот отырысында жігіт жақ шағымда көрсетілген айыптардың негізсіз екенін дәлелдеп береді. Олар сотта 20 қаңтар күні келіннің ата-енесінің үйіне келмегенін, күйеу жігіттің де үйде болмағанын дәлелдеп беріпті. Ақырында келін жақ айыптаудан бас тартады.
Сонымен, істі қараған әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ш.Бийсимбиева қылмыс құрамы жоқ дегенмен, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 37-бабы  1-бөлімінің 6-тармағы, 324.325,393-395 баптарын басшылыққа ала отырып, істі өндірістен қысқартуға қаулы қабылдайды. Сондай-ақ, осы қаулыда айыптаушы жаққа «қылмыстық іс қайта қозғалмайтыны түсіндірілсін» делінген. Жігіт жақтың сотқа деген алғашқы наразылығы, міне, осы жерден басталыпты.
ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 37-бабы  1-бөлімінің 6-тармағы деген — айыптаудан бас тарту. Ал, жігіт жақ соттың бұл төрелігімен келіспейді. Өйткені, олар сот отырысында айыптаушының барлық айыптарының негізсіз екенін дәлелдеп берген, ендеше әрекетте қылмыстық құрам жоқ. «Олай болса сот қаулыны ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 37-бабы  1-бөлімінің 2-тармағы бойынша қысқартуы керек еді» дейді айыпталушы жігіттің сенімді өкілі әрі әкесі Жақсыбай Үсенов. Өйткені, екі жақ ешқандай ымыраға келмеген. Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы істі тексеріп, дәлелдеуге дәрменсіз. Сонымен қатар, қаулыда судья «ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 324.325,393-395 баптары» деп тізіп қана шыққан. Бұл баптардың әрқайсысы бірнеше бөлім, тармақтардан тұрады. Мұны мектеп оқушысы да жақсы білмей ме?! Алайда, судья қаулыда осы баптардың бөлімін де, тармақшасын да көрсетпеген. Әрбір істің артында адам тағдыры тұр, ендеше, бұл жерде бір баптың әрбір тармақшасының өзі адам тағдырын басқа арнаға бұрып, өзгертіп жіберетінін басқа емес, судьяның өзі жақсы білуі тиіс еді.
Жақсыбай Үсенов ақсақалдың «судьялардың бәрі сауатсыз» деп жүргені осыдан.
Судья Ш.Бийсимбиеваның қаулысында «қылмыстық іс қайта қозғалмайтыны түсіндірілсін» деген сөйлем бар. Алайда, қыз жақ мұны түсінбеген бе, әлде кек қайтара алмағандарына ызаланды ма, әйтеуір дәл осы сотқа жігіттің үстінен екінші рет шағымданып, тура сол арызды сөзбе-сөз көшіріп, бабын ғана өзгертіп, қайта өткізеді. Бұл жолы ҚР ҚК 129-бабы 2-бөлімімен іс қозғалады. Өйткені 27 ақпанда өткен сот отырысында жігіт жақ келіннің келмегенін дәлелдеген соң Искакова бұл арызында өзінің 20 қаңтар күні ол үйге келмегенін көрсетіп жазыпты. Судья Абдрасилов осындай кереғарлықты арызды көре тұра, істі өндіріске қабылдайды. Келесі сот арадан бес ай өткен соң ғана қаралады. Заң талабы бойынша, іс әрі барса бір айдың ішінде қаралуы тиіс. Бұл жолы істі судья М.Абдрасилов ісі тура алғашқы сот отырысындағыдай етіп қаулы шығарады.
Алғашқы шағымда арыз иесі «20 қаңтар күні туыстарымен бірге күйеуінің үйіне бардым» десе, екінші шағымда оның үйіне бармағанын жазыпты. Басқа жерде білінбес, бірақ, сотта осылай екі сөйлеу қылмыс болып табылады. Жасанды айыптау айғақтарын жасау ҚР Қылмыстық Кодексінің 351-бабы бойынша көрінеу жалған сөз жеткізу қылмысы болып табылады. Ал, судьялардың мұны ескермегені қайран қалдырады. Ал, Қазақ СССР Халық ағарту ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» Жақсыбай Үсенов ақсақал мұны тағы да судьялардың сауатсыздығынан көреді. Олар жалған айыптаумен 3 миллион теңге моральдық шығын талап еткен құдаларын ҚР ҚК 351-бабы  2-бөлімімен жауапқа тартылуы керек деп есептейді.
Судьялардың мақсаты жігітті заңсыз мәжбүрлеп бірге тұрғыздыру, олай болмаған жағдайда заңсыз соттату болған секілді.
Ел мен елді елдестіретін де – қыз, жауластыратын да – қыз. Қала берді, «Ауру – астан, дау – қарындастан» келеді. Бұл дау осылай қарындастан басталыпты.

Есі кеткен бе, есесі кеткен бе?..

Жақсыбай Үсеновтің айтуынша, осы іс барысында олар судья М.Абдрасиловтан бір ай бойы сотқа шақырту қағазын және екінші қайталанған арызды қанша рет сұрағанмен, судья бермей қояды. Соңында әл-Фараби аудандық сотынан бұлар шықпай, талап ете берген соң ғана олар арызды әзер алады. Соған қарамай судья айыпталушы Мақсат Жақсыбаевқа қатысты жігіт жаққа жасырын түрде «сот процесіне мәжбүрлеп әкелу» және «іздеу жариялау» туралы қаулы шығарады. Заң талабы бойынша қаулы күшіне енген соң ғана полиция бөлімі іздеу жариялауға құқылы. Алайда, келін күшіне енбеген қаулыны қолына ұстап, «Айғақ» телеарнасында әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің атынан Мақсат Жақсыбаевқа іздеу жариялайды. Іздеу жариялайтындай, оның мекен-жайы белгісіз емес, елден жасырынып қашып кеткен жоқ, тіпті тұрақты жұмыс орны бар, жаңалықтары күн сайын  өзі қызмет ететін телеарнада  көрсетіліп жатыр. Алайда, соған қарамай «Айғақ» телеарнасы арқылы оған іздеу жарияланады. Соттың ұлына осындай қаулы шығарғанын да олар осы телеарнаға келіп біледі. Ал, заң талабы бойынша қаулымен екі жақ та танысып, қаулыны қолдарына беруі керек еді.
Ұлының сенімді өкілі болып жүрген Жақсыбай ақсақал ізденіп жүріп, іздеуді полиция бөлімі емес, келінінің жариялағанын біледі. Келіннің бұл тірлігі, әрине, заңсыздық, қылмыс. Өйткені, шындық іздеп жүрген Үсенов ақсақалдың қолында «ОҚО ішкі істер департаментінен де, әл-Фараби аудандық полиция бөлімінен де Мақсат Жақсыбаевқа іздеу жарияланбағаны, «Айғақ» телеарнасына тапсырма берілмегені туралы анықтама бар. Осы әрекетіне қарай іс қозғалса, жас келіннің абақтыдан бір-ақ шығуы да ғажап емес. Соттардың қаулысына әбден наразы болған ақсақал «Жас алаш» газетіне «Көпшіліктің көз алдында жүрген ұлыма іздеу жариялап, сотқа не көрінді?» деп мақала жариялайды.  Осыған жауап ретінде «Жас алашта» келін Ақерке Искакованың «Оны ешкім қылмыскер деп отырған жоқ» деген уәжі жарияланады. Сонда Искакова «мен құқығымды пайдаланып,.. соттың іздеу жариялау туралы қаулысын ақысын төлеп, «Айғақ» телеарнасына бердім» деген. Сонда бұл ақысын төлесе телеарна кез-келген дүниені, тіпті Елбасыны, елді қаралау туралы материалдарды да бере береді дегенді білдіре ме?
Осы мақалада ол «соттардың іздеуге не болмаса жұмысына хабарлауға құзырлары жоқ» деп көрсеткен. Сөйтіп, жас келін өз құқығын пайдаланып, әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің атын жамылып, тапсырыс беріп, өзінше билік еткен. Искакованың мұнысы, әрине, қылмыс. Ішкі істер органының рұқсатынсыз мұндай қадамға барған телеарнаның әрекеті де заңсыз болып тұр. Телеарна басшылығының мұны білмеуі мүмкін емес. Бұл – бір. Екіншіден, «Айғақ» телеарнасы мамандарының Мақсат Жақсыбаевты танымауы мүмкін емес. Мақсат — біздің де, олардың да әріптесіміз. Танымайтындай, ол сырттан жақында келген жігіт емес. Ендеше, әріптеске қиын күндерде қолдау танытудың орнына, іздеу жариялауды екі апта бойы беріп, отқа май тамызғаны қалай? Қала берді, «ерлі-зайыптының арасына не есі кеткен, не есесі кеткен түседі» дейді қазақ. Телеарна басшылығының Мақсат әріптесте не есесі кеткенін өздері білмесе, біз түсіне қоймаспыз.

Капитанның жазығы не?

Мақсат Жақсыбаевтың әпкесі Мархабат Үсенова – полиция капитаны, Шымкент қалалық ІІБ әл-Фараби полиция бөлімінде қызмет еткен. Өткен шақта айтуымыздың себебі бар, қазір капитан қыз осы оқиғалардың кесірінен жұмысынан шеттетіліп, жұмыссыз отыр. Былтыр құқық қорғау саласының мамандары аттестация тапсырды. Тепсе темір үзетін талай ер азамат сыннан сүрініп жатқанда, Мархабат аттестацияны өте жақсы тапсырыпты, заңға қатысты сұрақтың бәріне түгел жауап берген. Бұл оның өз саласының білгір  маманы  екенін көрсетсе керек. Мұны ОҚО ІІД тарапынан берілген тестілеу қорытындысы дәлелдейді.
Кетіскен құдалар, яғни Искаковтар ОҚО ІІД-ға Мархабаттың үстінен шағым жазады. Шағымның көшірмесі редакцияда да тұр. Ұлы сөзде ұят жоқ, шағымда мынадай сөздер бар: «Күйеу баламыз жұмыстан келіп теріс қарап жатады, қызыммен төсекте қатынас жасамайды» деген. Мархабаттың екі жастың «бөлмесіне» не қатысы барын түсінбедік. Құдағи Мархабатқа «екі жастың төбесінде тұрмады» деп өкпелеген жоқ па екен? Өйткені, арызда бастан-аяқ осындай төсек пен өсектің төңірегіндегі жәйттер ғана жазылған.
Құдағидың арызы бойынша капитан қыздың үстінен қызметтік тексеру жүріп, оның бұл істе ешқандай кінәсі жоғы дәлелденеді. Қайынбикесінің үстінен келін де шағымданады, одан да түк шықпайды. Алайда, құдалар мұнымен тоқтамайды.
Судьялардың алғашқы сот отырысынан бастап заңсыздыққа жол беріп, сауатсыз қаулы қабылдағанын көрген Жақсыбай Үсенов осыны жазып сотқа талап арыз жазумен болады. Құдалар жағы да, судьялар да мұны заң білетін Мархабаттың ісі деп ұқса керек, әйтеуір оған «өшігіп» алады.
«Қызым балағат сөз айтпаса да, оны балағат сөз айтты, інісіне теріс бағыт берді деп айыптап, судьялар Кульчикова заңсыз қаулы, ал Алшынбаев ұйғарым шығарды» дейді Жақсыбай ақсақал. Осы ұйғарым ОҚО ІІД-ға жіберіліп, ақыр соңында Мархабат жұмыссыз қалады. Заң бойынша балағат сөз айтқан адам бірнеше тәулікке қамауға алынады. Сот процесінде айтса, айдауылын шақыртып, оны дереу қамау керек еді. «Ар-намыс кодексінің талаптарын өрескел бұзып…» дейді сот отырысына төрағалық еткен М.Алшынбаев өз ұйғарымында. «Өрескел бұзып…» дегені — ҚР ҚК-нің «Бұзақылық» дейтін 257-бабы. Егер бұл өрескел бұзақылық болса судья капитан қызға не айыппұл салуы керек еді, не түзеу жұмыстарына тартуға, қала берді екі жылға бас бостандығынан айыруға құқылы еді. Алайда, судья тағы да осы жерде сауатсыздығын көрсеткен.
Ұйғарымда «өрескел бұзақылық» дегенмен, қылмыстың сипаттамасы талданып, дәлелдермен  көрсетілмеген. Капитан қыз балағат сөз айтылғаны үшін жауапқа тартылатынын жақсы біледі, сондықтан ол ешқашан ондайға бармағанын жеткізді. Сөйтіп, ол ОҚО сотының азаматтық істер қарайтын апеляциялық сот алқасына шағымданады. Шағымды көрген Алшынбаев өтіп кеткен күнмен Үсенованың сыртынан Искакованың сенімді өкілі Дербесалиеваны балағаттады деп жасанды акті құрастырған. Ол күшіне енбей жатып ОҚО Ішкі істер департаментіне жолдайды. Істі қараған судья А.Чокмарованың ұйғарымында капитан қыздың «талапкердің сенімді өкілі Ж.Дербесалиеваға балағат сөздер айтқан» деген  сөйлем пайда болыпты. Ал, Алшынбаев шығарған ұйғарымда Ж.Дербесалиеваның аты мүлде аталмаған, балағат сөз айтылды деген нәрсе жоқ еді. Бұл сонда нені білдіреді?
Іздеу жариялау туралы сот қаулысына қатысты шағымды қараған судья А.Кульчикова «М.Үсенова құқық қорғау органының қызметкері ретінде заңдылықты сақтау және оны орындау ҚР Құқық қорғау қызметі жөніндегі заңының 1-бабының 7-бөлігінде көрсетілген талаптарды сақтамай, істің шынайы қаралуына бөгет жасап, іздеуде жүрген інісі М.Жақсыбайға теріс бағыт беріп,.. әдепсіздік көрсетті» деген өз қаулысында. Ал ҚР Құқық қорғау қызметі жөніндегі заңының 1-бабының 7-бөлігінде «құқық қорғау органы – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететiн, өз құзыретiне сәйкес қылмыстылыққа және өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы iс-қимыл жөнiндегi мемлекеттiң саясатын iске асыратын, заңдылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртiптi қолдау, құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, тергеу, қылмыстық iстер бойынша сот шешiмдерiн атқару жөнiнде арнаулы өкiлеттiктер берiлген мемлекеттiк орган» деп көрсетілген. Ендеше, Мархабат Үсенованың бір ай бойы сотқа шақырту туралы қағазды және арызды судьялардан сұрауы қалайша заң бұзушылыққа жатады? Ендеше, судья А.Кульчикова осы заңды негізге ала отырып, осы заң талабына өзі қарсы келіп отыр, яғни өзі не жазып отырғанын түсінбейтін сияқты.

Осындай заңсыздықтармен бетпе-бет келген Жақсыбай Үсенов судьялардың заңды белден басқанын (өзі мұны сауатсыздық деп есептейді) айтып, облыстық соттың төрағасы Н.Шәріповке бірнеше рет шағымданады. Алайда, облыстық сот төрағасы судьяларға қатысты істі қарауды құп көрмейді.
«Заңды өте жақсы білетін полиция капитаны менің өзім осындай әділетсіздікке ұрынып отырмын, сонда заң білмейтін адамның күні не болмақ?! Бұрындары жазықсыз сотталыпты дегенге ешқашан сенбейтінмін, «жазығы болмаса, сот бекерге соттамайды» деп қарсы тұратынмын» дейді полиция капитаны Мархабат Үсенова.
Бұл жақтан әділдік болмасын білген Жақсыбай Үсенов ҚР Президенті аппаратына, ҚР Жоғарғы сотына шағымданыпты. Қолдағы барлық құжаттармен танысқан олар Оңтүстік судьяларының расында да заңсызсыққа жол беріп отырғанын көріп, ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріпов мырзаға «… сот жүйесінің лауазымды тұлғаларының заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты Ж.Үсеновтің өтінішін ведомостволық бағынысқа сәйкес» жолдайды. Алайда, Н.Шәріпов мырза бұларға «шағым арызда жаңа немесе жаңадан анықталған мән-жайлар келтірілмеген, сондықтан оның қаралуы тоқталады» деп жауап беріпті. Онсыз да заңсыздыққа тұнып тұрған іске бұдан артық жаңа мән-жай не керек екенін тағы түсіне алмадық…

«ОҚО Соттары  қылмысты жасырып отыр»

Жақсыбай Үсенов судьялар жайлы осылай дейді. Әрине, бұл ауыр айып. Сондықтан, мұндай айыпты ақсақалдың өз сөзімен жеткізуді жөн санаймыз. «Сот кеңсесінен берілген құжаттарда «арыз қабылданды» деген таңба басылмаған, қабылдау уақыты көрсетілмеген, нөмірлеп тіркелмеген. Сот төрағасының визасы қойылып, мөрі басылмаған. Ең бастысы, арызданушының қолы қойылмаған және берілген күні де көрсетілмеген. Ендеше, бұл «домалақ арыз» емей немене?! Судьялар соны қабылдап, сыбайластыққа барған. Қылмыстық іске қатысатын куәгер ретінде қарсы жақтан ата, апасы, әже, әке-шешесі, бір анадан туған бауырлары сұралған. Ал, мүдделі адамдар куәгер болмайтынын біле тұра, сыбайластыққа жол берген». Мұның бәрі – ақсақалдың сөзі.
«Судьялар Бийсимбиева мен Абдрасиловтар «айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты қысқартылды» деп әділетсіз қаулы шығарды. Арыз жазылды ма, дәлелденуі керек! Ал дәлелдей алмаса талапкер жауапқа тартылуы керек» дейді ақсақал.
«ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріпов – қылмысты жасырып, қылмыскерлерге бағыт-бағдар беріп, ұйымдастырушы. Кәсіпкер Искаковпен сыбайлас. «Ұсталмаған ұры емес» деген. Шәріпов бастаған судьялар – ұсталмайтын қылмыскерлер! Қылмысты білдірмей жасайтын топ. Мен бұл соттардың бірнеше рет заң бұзып, сыбайластық жасап жүргеніне куәмін. Дәлелдеп бере аламын. ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріпов қызметінен кетпей, қылмыстық топ құрықталмайды. Шәріпов тұрғанда Оңтүстік Қазақстанда заң жұмыс істемейді. Барлық құқық қорғау органдары Шәріповтен аса алмайды. Соның айтқанын істейді. Соның ішінде адвокаттар айыпталушы мен судьялардың арасындағы сыбайластықты жүзеге асырушы почтальон. ОҚО-да заң емес, сыбайластық жұмыс істейді» дейді.
Сөз соңы:
Жақсыбай ақсақал соттардың үстінен шағымданып, айыптап жүрген жалғыз адам емес. Редакцияға күніне сотқа наразы қаншама адам шағымданып келіп жатады. Соттардың жұмысына баға беретін біз емес, алайда, кешегі аптада ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмидің өзі жергілікті судьялардың біліктілігі өте төмен екенін атап айтты. Осыған қарап, Жақсыбай Үсеновтің жанайқайының жаны бар шығар деп ойлаймыз. Бұл отбасы осы сергелдеңнің кесірінен тоғыз айдан бері зардап шегуде. Жақсыбай ақсақал инсульт алып, ауруханаға түсті. Қызы стресс алып, сәбиін мезгілінен бұрын дүниеге келтірді, сәби аурушаң. Ал, Мархабат тура майор шенін алар кезде жұмысынан шеттетілді. «Айғақ» телеарнасындағы «іздеу»  ел алдында жүрген әріптесіміз Мақсаттың ар-намысына нұқсан келтірді.
Бір қарағанда бұл іс жаңадан отау тіккен екі жастың арасындағы кішкентай ғана ұсақ-түйек секілді. Бірақ, іс насырға шапқан кезде, осы ұсақ-түйек үлкен проблемаға айналып, қоғамдағы келеңсіздіктердің бетін ашып  тұрғандай.

Гүлжамал МҰСАЕВА

Бір ауыз сөз

Қайрат Мәми  жергілікті соттардың жұмысын сынады

Ақтау үкімдері санының көбеюімен бірге елде күші жойылған және өзгерген сот актілерінің саны үздіксіз өсуде. Республика бойынша сот актілерінің 9,5%-на шағым жасалып, әрбір екінші сот шешімінің күші жойылады.
Тек ағымдағы жылдың 9 айында аудандық соттардың 1796 адамға қатысты үкімдері қате деп танылды. Бұл былтырғы жылға қарағанда 2 %-ға жоғары. Жергілікті соттардың 6 мыңға жуық шешімдерінің күші жойылған. Қадағалау және кассациялық сатыдағы соттар Алматы қаласы соттарының 45 шешімін, Астана қаласы соттарының 18 шешімін және Шығыс Қазақстан облысы соттарының 16 шешімін қалпына келтірді.
Қ.Мәмидің айтуы бойынша, өңірлердегі мұндай ахуал кейбір облыстық соттардың жергілікті жерлердегі істің жағдайы үшін жауапкершіліктен шет қалғанын, ал бірінші сатыдағы соттар ешқандай практикалық көмек алмайтынын дәлелдейді.
«Облыстық соттардағы судьялардың біліктілігі не төмен, не істің дамуында белгілі бір мүдде бар деген ой туады. Осындай сәттер соттарға деген сенімсіздік пен наразылық тудырады, — деп атап өтті Жоғарғы Сот Төрағасы. – Міне, біз сот актілерінің 90 %-дан астамы заңды әрі әділ деп танылғанын мақтанышпен айтамыз. Ал қалған бірнеше пайыз – бұл судьялардың кемшілігіндегі тек құрғақ цифр ғана емес, бұл – адам тағдыры. Биыл екі мыңға жуық адам судьялар қателігінің құрбаны болды. Сот билігі беделінің төмендеуі мен судьяларға деген сенімсіздіктің басты себебі осында. Осының нәтижесінде біз қоғаммен түсінісе алмай жүрміз».