Ет сасыса тұз себеді, ал, әкім заңды белінен басса не істейді? немесе Президент не үшін шырылдай береді?

971
0

ҚР Президенті әкімшілігінің қаперіне!

ministrvOKMPI (35)Мен кейде Президентті аяймын. Шыр-пыры шығып, барын салып, жаны ауырып, бірді екі етсем деп қолынан келген қам-харекетін халқына арнап жатыр. Оған демеу болатын, айтқанын істейтін, жоқтан бар жасауға құмбыл болатын командасындағы дәу-дәу әкімдер соны біле тұра, кейде теріс қарап, кереғар тірлік істейді. Оған дәлелді алыстан іздеудің керегі жоқ, жақында ғана өткен бір тендер соның айқын дәлелі бола алады.

Таяуда ғана ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында кезекті бір тендер өтті. Ол Отырар ауданындағы «Шәуілдір-Ақдала» автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізуге байланысты еді. Дәл осы жерде үлкен келеңсіздікке жол берілді. Оған жеті бірдей жол салумен айналысатын серіктестіктер бағын сынап, қатысты. Пәленің бәрі осы жерден шықты. Атағы жер жарған, талай-талай ірі құрылыстарды жүзеге асырған «Береке-А» корпорациясы ЖШС мен «Ақжол» ЖШС секілді тәжірибесі мол компаниялар осы бәсекеде шеңберден шығып қалды. Сөйтіп, ешкім танымайтын, ешкім білмейтін, не атағы, не шатағы жоқ айдаладағы «СМК и Ж-7» ЖШС ғана бәсекенің бәйгесіне дара жіберілді. Нәтижесінде ұтып алды. Бірақ… Ең жаманы да осы «бірақта» болып тұр. Мұнда мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңдылықтың негізгі қағидалары толығымен 360 градусқа бұрылып кетті. Бұл жерде жариялылық деген мәселе жауырды жапқандай, биліктің тоқымының астында қалды. Егер құжаттар пакетін ақтарып көрсеңіз дәл осы ЖШС-ның бұған дейінгі көзге ілінетін бір ісін көре алмайсыз. Оның үстіне техникалық базасы жөнінде ауыз толтырып айтатын дәлелді тағы таппайсыз. Баяғыда, баяғыда да емес, күні кеше Болатбек Нәжмедденұлы (Әлиев) мырзаның заманында дәл осындай аузын қисайтып, көзін шығарып, белінен шірініп тұрып басып, талай «көзсіздіктерге» барған тендердің төңірегіндегі текетірестің тұрпайы бір түрі тағы қайталанды. Бұл жолы «көргенсіз істі» кетіп қалған Әлиев емес, кейінгі «әлиевтер» қолмен істеді. Оны мойнымен қалай көтеретінін ойланған жоқ. «Бармақ басты, көз қысты» дегенді олар іс жүзінде, өмірде осылайша оспадарсыздықпен орындап шықты.
Президент көп шырылдайды. Оның да ет пен сүйектен жаратылған адам екендігін еске алсаңыз, кейде жаның ашиды. Айтып жатыр, жолды саусағымен шұқып көрсетіп жатыр. Орындамайды. Орындамайтын – әкімдер. Біліп тұрып, тірлікті сол қолымен істей салады. Оң қолымен істеуге батылдары бармайды немесе жемнен құр қалады. Бұған ешқандай дәлелдің керегі жоқ, өмір өзі көрсетіп жатыр. Кейде жүрегің ауырғанда ойланасың «Осы Елбасы неге барын салып, арын салып» айқайлап та, аялап та айта береді? Айтқаны жартастан шыққан жаңғырық секілді. Бұған жоғарыда біз дәлел еткен «СМК и Ж-7» ЖШС-нің конкурстің жеңімпазы болғаны бұлтарыссыз дәлел болады.
Оңтүстік Қазақстан облысының аты жол төңірегіндегі көптеген келеңсіздіктерге байланысты шырқау шегіне жетіп тұр. Дәл осы тендерді өткізген облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы мен бірнеше әкімнің жұмыстан кетуі, жауапқа тартылуы ешкімге таңсық іс емес. Соны біле тұра осындай заңсыздыққа жол беріп отырған облыстың әкімі бұл келеңсіздікке байланысты қандай орынды уәж айта алады екен. Әй, сірә, осыған бір нақтылы жауап табу қиын болатын шығар. Біз әңгіме етіп отырған аталмыш тендер биылғы жылдың 28-ші қазанында өткізілді. Алда қарашаның қара суығы, желтоқсанның желкем күндері бар. Құрылысты жүргізудің мерзімі екі айға белгіленгендігін ескерер болсақ, оның орындалуы көңілге күдік ұялатады. Осының барлығын көзбен көріп, көңілге тоқып тұрып, заңды белінен көлденең сызып тастаған әкімге жарасатын тірлік пе?
Біз жоқтан бар құрап отырған жоқпыз. Айтарымыздың ақиқат екендігіне кепілдік бере аламыз. Ал Асқар Исабекұлы бұл көтерілген мәселенің нақтылығына байланысты қандай бір түйінді ой айтады екен? Егер біздің тарапымыздан ақиқатты аттап өткен пікір болатын болса, онда біз баспасөз бетінде өзіміздің айыбымызды толығымен мойындауға кұмбылмыз.
Баста ой көп. Кейде шегіне жете алмайсың. Анау Рабаевтың тұтқынға алынуы, Әлиевтің жауапқа тартылуы шынымен Мырзахметов мырзаға ескерту болып саналмай ма? Санасына басқа бір дұрыс жолдарды таңдауға сабақ болмай ма? Бізді осы жәйттер көп ойландырып, жанымызды жабырқатады. Соның нақтылы бір ашық алаңдағы көзге көрінетін, бізге де, көпке де сабақ болатын салдарлы әңгімені біз әкімнен күтсек, оны ешкім сөкет көре қоймас. Ендеше, осындай заңсыз әрекеттердің тағы да қайталанып, елге, қоғамға зиянын тигізбеуі үшін қандай әрекеттерге барғанымыз дұрыс екендігін әкім мырзаның өз аузынан естігеніміз жөн болар.  Газеттің дәл осы бетінен, дәл осы көлемде әкімнің берер жауабын жалпақ жұртқа жария етуге біз дайынбыз. Егер сондай жауап болып жатса…
Біздің көңілімізде тұншыққан бір күдік бар. Осыдан біраз бұрын біз «Уақыттың» бірінші бетінде көлемді мақала жариялап, онда облыс әкімі Асқар Мырзахметовті ашық әңгімеге шақырған едік. Соған ол кісі ләм-мим демеді, біздің достық рәуіштегі, игі ұсынысымызды қабылдаудан бас тарты. Мүмкін айтар жауабын ауырсынған болар? Ендігі ұсынысымызға қандай жауап боларын сәуегейсіп, алдын-ала болжамдамай-ақ қоялық. Бірақ көңілде бір үміт, бір күдік бар.
Өзіміз кейде Елбасының елі үшін «бозторғайдай» көп шырылына куә болып жүрміз. Жақында ғана Үкімет мүшелерінің жанындағы жиында осындай тағы бір шырылға куә болдық. Талай әкімді тікесінен тік тұрғызып, ісіне жауап беруді талап етті. Соның бірі – Мырзахметов мырза. Өкініштісі сол, ол кісіден мардымды жауап болмады. Талай тендерге төраға болып, «қисық билікке» жол беріп жүрген кісінің жауабының тұщымды болуы да қиын-ау деп ойладық. Бірақ қашанғы ойлаймыз? Мүмкін енді бір жауап беретін кез келген шығар, Мырзахметов мырза?

Талғат БАЛТАБАЕВ

Редакциядан:
Осы анонс дайындалып жатқан кезде, бізге Оңтүстіктің аты дардай оннан астам кәсіпкерлері арнайы хабарласып, өздерінің көңілдеріндегі пікірлерін, реніштерін ашық білдірді. Тіптен олар мемлекет басшысының атына тендер төңірегінде болып жатқан келеңсіздіктерге байланысты бірнеше ондаған кәсіпкерлер қол қоятын Ашық хат дайындап жатқандығын да жасырған жоқ. Адамдарды ашындыру ешқандай басшыға абырой әпермейді. Қайта қасықтап жиғанды, шөміштеп төгуге апаратындығын біз осы әрекеттердің, наразылықтардың төңірігінен пайымдап білдік. Егер осы Ашық хат біздің редакцияға келіп жатса, оны жария етуді біз өзіміздің бір жақсы парызымыз деп санап, жария етуге қуана келісім береміз.