Жаңа әкімнің жаңа жоспарлары бар екен
Біз газетіміздің өткен нөмірінде су жаңа Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының әкімі Данияр Ізбасарұлы Тілеубергенов жөнінде сыни мақала жазған едік. Сол сынды дұрыс қабылдаған әкім өзінің орынды өкпесін айтып, бас редакторды жүзбе-жүз әңгімелесуге шақырды. Газет ұжымы «Датым бар» деген уәжді құп келісіммен қабылдады.
Әкім газет басшысымен кездесу кезінде өзінің бұған дейінгі атқарған жұмыстары жайында толық мәлімет берді. Мұны есеп деп қабылдағанымыз жоқ, керісінше жасалған жұмыстардың, жүзеге асқан жақсы істердің қорытындысын ашық айту деп түсіндік.
Осы кездесу кезінде Темірлан ауылындағы тасқын судың зардаптары әкімнің көрсетуі мен толық ақпараттандырылды. Онда негізінен табиғаттың тосын мінезіне себеп болған су арналары, елді мекендегі ойпатқа салынған, бұрын да судың шаюынан зардап шеккен жекелеген тұрғын үй жайлары көзбен көрілді, жекелеген тұрғындармен жүзбе-жүз әңгімелер өткізіліп, пікір алмасылды.
Шындығында да бұрын Темірлан ауыл округінде әкім болып қызмет атқарған, бұған дейін де аудан аумағында көптеген жауыпты қызметтердің басын ұстаған Данияр Тілеубергенов осы апатты жағдайдың болатындығын болжамшы ретінде емес, сол ауылдың байырғы тұрғыны есебінде білгендігін және ол жөнінде аудан басшылығына мәлімдегендігін, бірақ тиісті тараптан бұл іске салғытты болғандығын жасырған жоқ. «Мен ол кісілерді бүгін сыртымнан ғайбаттай алмаймын. Пенде болған соң, кейде көзге көрінбеген қауіпке көз көрмегеннен кейін көңіл сенбейді ғой. Олар да осындай ойда болған болуы керек. Оның үстіне осыншалықты зардап әкелетін апат болатындығына сенудің өзі сол кезде күдіктілеу еді. Бірақ табиғаттың тылсым күшіне не істей аласың. Біз бүгінде өзіміздің жұмысымыздың бастамасын осынау орын алған зардаптардың түпкі себебін зерттеуден бастап отырмыз. Оның барлық жақтары терең саралануда. Апат зардаптарын жою, көмек қолын созу секілді мәселерді де назардан тыс қалдырғанымыз жоқ» дейді әкім мырза.
Жаңа әкім жұмысты жаңа бағдарламалармен, жүйелі жоспарлармен бастап жатқаны бізді қуантты. Ол кісіге деген көңілді бір ғана тілегіміз болды, ол бастаған ісінің баянды болуын тілеу еді.
Адамдармен санасу, оның уәжді пікіріне құлақ асу – адамгершіліктің қастерлі қасиеттерінің бірі. Кімнің кім, ненің не екендігіне – уақыт деген ұлы көштің өзі бағасын береді. Біз сол жақсы күндерді күтіп, ауданның 100 мыңдаған халқының алдында бар жауапкершілікті мойынына алған, ердің жасына келгенде ел тізгінін қолға ұстаған Даниярдай азаматқа сәттілік тілеп, Темірланнан Шымкентке селкеуі жоқ сенімнің жылы жүгін арқалап қайттық. Ел аман, жұрт тыныш, табыс толы, уәж уәлі болғай.
Айтылған сынды айқара көңілмен, ашық пейілмен қабылдап, одан нақтылы қорытынды шығаратын осы Данияр сынды азамат әкімдердің көбейгеніне не жетсін, шіркін!
«Уақыт» .