Ауыл ветеринары жазылмайтын сырқаттың емін тапты
Бүгінде қоғамдық өмірімізге компьютерлік технологияның дендеп енгендігі сонша, жылт еткен жаңалықтың жерде қалып жатқаны жоқ. Жорналшы деген қауымыңыздың әрбір ерекше оқиға, жаңалықты сол сәтінде-ақ ғаламтор «сайттарына» шығарып, атойлататыны ше… Кезінде небір талант иелерінің ел ішінде танылмай, елеусіз қалып қойғаны осындай сергектіктің, дер кезінде көңіл аудармаудың кемшіндігінен болар.
«Қолда өскен құлынның тай аты қалмайды» дегендей, ауылда, күнбе-күн өзімізбен аралас-құраластықта, тап жанымызда жүрсе де, озық ойлы, жаңашыл іске бейім азаматтарды қазір де аса көзге іле қоймаймыз. Әлгі «сайттарыңыздың» арыны ауылға келгенде біртүрлі кібіртіктеп, жүрісінен жаңылып қалатыны әмбеге аян. Ауылды өркениеттің тасасында қалып қойған тұрмысы жүдеу өңір ретінде көрсететінін қайтерсің! Ал, біз ауылды небір таланттардың түлеп ұшқан алтын бесігі деп білеміз. Олардың жаңа буынының дүбірі естілмес пе екен деп ауылға елеңдей құлақ түретінімізді де жасырмаймыз.
Жуырда тік ішегі бітеліп, «енді өледіге» сайып отырған Ойық ауылының тұрғыны Артық мініс атын байырғы мал дәрігері Бота (төлқұжаттағы есімі «Кенішбек» екенін бертінде білдік) Тұрсынбековтың ота жасап, емдеп жазғанын естідік. «Ойпырм-ай, қолының епсектілігі-ай, жылқының жамбас қуысына ота жасағанды Ботадан көрдім» дейді мал иесі әрі қуанып, әрі таңырқап. Соңыра «емшінің» өзімен де жолығып, тілдескенбіз.
-Жылқының осы ауруы түрін емдеп жазуға қызығушылығым осыдан жиырма жыл бұрын ойда-жоқта оянды. Арнайы білімі жоқ болғанымен, әкемнің ара-тұра мал емдейтіні бар-ды. Сол кісіден жұғысты болды ма, әлде. 1992 жылы ауылда осы дерттен жылқы көп қырылды. Біздің де бір жылқымыз оның «торына» ілігіп қалды. Әкем оны әрі-бері қарап, басын шайқап, «мал болмайды, ертең сойып, елге қырық жілік қылып таратып бер» деді. Өзім мініп жүрген, жақсы көретін атым еді. Союға көзім қимады да, азды-көпті оқыған-тоқығаным бар ғой, өзімше ем-дом жасамақ болдым. Тексеріп көрсем, тік ішегінің түбінде бір қатты түйін бар екен. Қолмен алуға келмейді. Не істеу керек? «Ветеринарлық анықтамалықта» мұндай тік ішектің толуы (закупор прямого кишка) дертінен малдың оңалып кетуі сирек екендігі, тіпті күрделі ота жасаудың да жақсы нәтиже бермейтіні жазылған. Қысқасы, тәуекел деп асай-мүсейімді әзірлеп алып, өзім білетін әдіспен ота жасауға кірістім. Ісім сәтті болып, сол жылқы ұзамай оңалып кетті. Өзім ашқан «жаңалығым» өзіме ұнап, әрі нақты іс жүзінде сынап көрейін деп сол жылы ауылдастарымның 20-дан астам жылқысын емдеп жазғаным бар.
Кезінде өзім ғана білетін осы ота жасау әдісін «жаңалық» деп те ойламаппын. Содан да оны көпке жария етпей келдім. Қазір егде тартқанда барып, мұның еліміздің ветеринария ғылымы үшін өте-мөте қажеттігін түсіне бастағандаймын. Ғылыми әдебиеттерде тік ішек ауруының осы түрін («қу тезек» деп те айтылады) емдеп жазуға қатысты мәлімет әлгіндей. Ал меніңкі қарапайым әдіс қой, — деп Бота (Кенішбек) ағамыз ағынан жарылды сол жолы.
Соңыра осы мәселе жөнінде тиісті мекемелердің ветеринар мамандарынан да сұрастырып білгенбіз. Олар тік ішекке қатысты үш бірдей (ішектің оратылуы, тік ішектің ісінуі, толуы) дерт барын, оның қай-қайсысын болсын емдеп жазу, ота жасау тым қиынға түсетінінін, ота жасалған күннің өзінде күткендегідей нәтиже бермейтінін айтып, «ең дұрысы сойып тастау ғой» десті.
Ал, ауылдан шыққан «алтын қолды» мал дәрігері Бота Тұрсынбеков «Жылқының «қу тезек» (закупор прямого кишка) дертін емдеу әдісім өзін-өзі толықтай ақтады. Осы күнге дейін емдеген, өзім ота жасаған бірде-бір тұяқ шетінемепті. Тек біреуі ғана дерті асқынғандықтан, жығып салып ота жасауды бастай бергенімде пышаққа ілінді» деп отыр. Оның өзі ойлап тапқан ота жасау әдісі жуықта ауылындағы енді міне, енді әне пышаққа ілінгелі тұрған және бір қылқұйрықтының қатарға қосылуына септесіпті. Қамбар ата тұқымының тік ішегіне ебелек пен жоңышқа араласып, желімдей тұтасып қатып қалуынан туындайтын аталмыш дерт көбінесе көктемде, мамыр айының аяғында көптеп кездеседі екен. Осы ауру түрінен қазір де аяқты малдарының көптеп қырылуына жол беріп жүрген Семей өңірінің жұртшылығы Бота Тұрсынбековтің емін қаншалықты қажетсініп отыр екен десеңізші!
Бүгінде ол өзінің жылқы ауруларын қарапайым жолмен емдеу әдісін патенттеуге кірісуде. Уақыт талабы сондай. Б. Тұрсынбековтің өткен ғасырдың сексенінші жылдары Луговой зоотехникалық-ветеринарлық техникумынан алған мамандығы бойынша шаруашылықта көп жылдар бойы мал дәрігері болып жұмыс істеп, жиған бай тәжірибесін елдің игілігіне жұмсамақ ниеті әбден құптарлық.
Жанат ҚАПАЛБАЙ, Жамбыл облысы