Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, ОҚО Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «ҚЫЗМЕТПЕН АУЫРМАҒАН ҚАЗАҚПЫН»
Қалдыбек Құрманәлі деген есімді естімеген, танымайтын қазақ жоқ. Қарымды журналист, талантты композитор, шәмшітанушы, өнер десе ішкен асын жер қоятын азамат ретінде біледі. Бүгінге дейін оның жүрегінен жарып шыққан сазды әндері әр қазақтың тойында шырқалады. Бәйдібек және Отырар аудандарының «Құрметті азаматы» деген мәртебе бұл азаматқа оңайлықпен ұсыныла салған жоқ. Елі үшін соған лайық тірлік жасады. Осыдан төрт ай бұрын тау тұлғалы азаматқа облыстың бірінші басшысының өзі үлкен сенім көрсетіп, қызметке шақырды. Қазір Қалекең ОҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары ретінде бірмаша көңіл сүйсінер тірліктер істеп үлгерді. БАҚ-пен етене араласып, оларға өзінің пайымды ұсыныстарын іске асырып, жаңа леп алып келді. Қашан да өзінің ашықтығымен, батылдығымен және іскерлігімен көрінетін тұлға ретінде өзін қалыптастыра білді. Жақында ғана мемлекеттік қызметкер ретінде ант қабылдаған Қалдыбек Құрманәлі облыстағы саяси өмірге, ақпарат құралдарымен жұмыс істеуде өзіндік жаңа міндеттерді қалыптастырып, танымал саяси жүкті қалыпты деңгейде ұстаудың үлгісін танытуда.
— Қалдыбек аға, сырттай естуімізше, сізді ақпарат құралдарына сұхбат беруден бас тартатын азамат деп естіп едік. Біздің өтінішті жерде қалдырмадыңыз. Алғашқы сұрағымызды осыдан бастасақ…
— Мына сауалың тосындау болды. Шындығында мен осы күнге дейін кез келген газетке, журналға сұхбат беруден көбірек бас тартатын адаммын. Бұл кісілік емес, газет, жалпы ақпарат құралдары – елдің көз алдында болатын нәрсе. Айтарың болмаса, жазарманға не айтпақшысын? Менің бүгінгі атқарып отырған қызметке келгенім бес айға жуықтады. Саламыз тікелей ақпарат құралдарымен жұмыс істейтін болғандықтан, оның ұңғыл-шұңғылына көбірек назар аударамыз. «Уақыт» газеті маған алғаш көргеннен-ақ ұнады. Батылсыңдар. Батырлық деу артық болады. Қандай нәрсені болсын жеріне жеткізіп, ашық, айқын жазатындарың ұнайды. Сол себептен де мен өздеріңмен әңгімелесуге келісімімді бердім. Оңтүстік өңірі Алматыдан кейінгі басылымға бай өлке. Талай газет шығып жатыр, беретін сұхбатын беріп жатыр. Бұл – менің елге келгеннен кейінгі тұңғыш сұхбатым. Яғни, сендердің басылымдарыңның абыройы мен беделі мен сұхбат бергеннен арта қоймас, бірақ өз салмағыма лайық сендерді таңдауым – бұл «Уақытқа» деген бағамды білдірсе керек. Жүздеген газеттің ішінен бірінші іздейтінім – кейінгі кезде осы басылым екендігін мен батыл айта аламын. Өйткені, «Уақыт» бүгінгі заманның талабына сай мәселелерді көбірек қозғайды, әрі оны халыққа ұғынықты етіп, оқырманына дәл жеткізе алады. Осыған көңілім толғандықтан, мен бүгін айтарымды, ой-ниетімді толық жеткізгім келіп отыр.
— Бізге деген ниетіңізге рахмет. Сізге деген шынайы тілегімізді қабыл алыңыз. Енді негізгі сауалға көшейік. Сіз облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болып келгеннен бері баспасөздің бүгінгі биігі мен пәс тұстары жайында қандай ой түйдіңіз?
—Қазіргі заманда баспасөзбен жұмыс істеу өте ауыр. Оның себебін талдап айтар болсақ – басылымда әділеттілік, айғақтық пен уақыт көшіне сай болу баспасөздің басты міндеттеріне айналуы керек. Қазір мың дана болсын, он мың дана болсын шығатын газеттерді бағалау өз дәрежесінде емес. Оның үстіне басылымға басшылық жасайтын азаматтар дәл осы бағалауға келгенде дұрыс сараптама жасамайды. Мемлекеттік тапсырыс арқылы берілетін қаржының бөлінуі де кейде әділетсіз болып жататындығына менің көзім жетті. Әзірге өз тарапымннан осы мәселеге терең талдау жасап, мүмкіндігі болғанынша заңға сәйкес әділетті шешім қабылдауға күш салып отырмын. Амандық болса, алда тағы да осы мәселенің тағдырын шешкен кезде мен барынша әділ өтуіне жіті назар аударамын. Осы уақытқа дейін қандай қызметте болмасын мен барынша адалдыққа көбірек көңіл бөліп жүрген азаматтың бірімін.
— Идеология – қуатты құрал. Оның заманның көшінен кейін қалмауы, уақытпен үндесіп жатуы басты талаптың бірі. Өзіңіз осы салаға бір облыстың деңгейінде басшылық жасап отырсыз. Сіз қызметке келгелі бері кейбір басылымдардың орынды-орынсыз сынаулары азайған секілді. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
— Баспасөзде сынның болуы – міндетті нәрсе. Бірақ ол барынша айқындылықты, нақтылықты басты принціп етіп ұстануы керек. «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген қағиданы ұстанған басылым қатты қателеседі. Мен жұмысқа келгеннен кейін облыстан шығатын біршама басылымдарға өзіндік сараптама жүргізіп, талдау жасадым. Бір байқағаным – жеке бастың мүддесін көздеп, басшылықта отырған кей азаматтардың түкке алғысыз тірліктерін сынап-мінеу секілді дағдысыз дәстүр орын алыпты. Басылым басшыларымен тікелей жеке сөйлестім. Баспасөз мәдениеті, басылым қағидасы жөнінде өз білгенімше әңгіме айттым, түсіндіруге ұмтылдым. Журналистік этиканың қандай болатындығын білмейтіндерге ұғындыруға ақ ниетімді ұсындым. Қазір мұндай орынсыз тірліктерді олар ойланып барып істейтін болды. Сын болу керек, бірақ әр нәрсенің шегі, пайымы болады. Осыны ұмытпаған, соған сүйенген басылымның абыройы мен беделі өз дәрежесінде болады.
— Баспасөз бетінде облыстың басшысы жөнінде кез келген газет сын жазуды кәдімгі қалыпты дағдыға айналдырып алған. Осыған қандай баға бере аласыз?
— Бұл айтып отырғаның өте орынды. Бір нәрсені тауып алып, оның бар ауырпалығын басшының иығына артып қою – ағаттық. Сын жазылмасын демеймін, бірақ әр нәрсеге барынша әділ баға берілуі тиіс. Баспасөзге басшылық жасайтын азаматтардың тарапынан мұндай ойындар дұрыс ойналмаған. Осыны айтқаным, көздерін жеткізгенім үшін мені жақсы көрмейтіндер бар. Бірақ ақиқатқа дұрыс көзбен қарау керек екендігін олардың біразы түсініп үлгерді. Орынсыз сындардың орын алуы, облыс басшысын кез келген мәселеде сын садағының нысанасы етіп алу – салаға басшылық жасайтын орында отырғандардың білместігінен, саяси сауатының төмендігінен орын алғандығын атап айтқым келеді. Ойынды бұлай ойнауға болмайды. Осыны саяси тұжырыммен талдап, саралағанда ғана біз қандай да болмасын бағалау жөніндегі талаптың деңгейінен көріне аламыз.
– Сізді қалың қазаққа танытқан – әндеріңіз. Қазір «Қариялар азайып бара жатыр», «Кірмеші жиі түсіме» «Ән аға-Шәмшімен сырласу» секілді сырлы саздарыңыз сізді танымал етті. Қазақтың біртуар азаматы – Дінмұхаммед Қонаев ағамыздың өзі сіздің «Қариялар азайып бара жатыр» деген әніңізге соншама құмбыл болып, өзіңізді шақырып сырласып, батасын берген екен. Осыны тарқатыңқырап айтып кетсеңіз.
– Мен – музыкалық білімі жоқ композитормын. Табиғат берген дарын мені ән өлкесіне алып келді. Жүздеген ән жазбадым. Саусақпен санайтындай ғана әндер менің жан-жүрегімнен шығып, елдің қалаулы дүниесіне айналды. Бүкіл ғұмырым – Шәмшідей тұлғаны пір тұтумен, Мұхтар Шахановтай азаматты қадірлеумен өтіп келеді. Мен Шәмші жөнінде ат қойып, жұрнал шығарған адаммын. Әуеннің өзі маған Шәмшінің рухымен бойыма дарыған секілді. «Қариялар азайып бара жатыр» деген ән – менің тұңғыш туындым. Халық оны бірден қабылдады. Танымал болған кезде мені Д.Қонаев ақсақалдың өзі арнайы шақыртты. Үйінде болып, шынайы пейілінен шыққан алғысын естідім. Аталық батасын берді. Маған бұдан артық құрметтің керегі жоқ. Бүкіл өміріме осыны үлкен қанағат деп сезінемін. Марқұм Мәдина Ералиева әпкем «Кірмеші жиі түсіме» деген әніме қанат бітіріп, бүкіл қазаққа танымал етті.
– Сіз Алматыда отыз жыл өмір сүрдіңіз. Өзіңіз айтпақшы, оның әр көшесін, қиылысын, әр үйін жатқа білесіз, жаяу аралағансыз. Жасыңыз елуге жақындағанда елге қоныс аудардыңыз. Осының бір себебі бар ма? Әлде мансап қуалап келдіңіз бе?
– Мансап маған Алматыдан да бұйырған. Елге келуіме ең басты себепкер облыс әкімі Асқар Мырзахметов болды. Қызметтік ұсыныс жасалынды. Мен бас тартқаным жоқ. Бірден келістім. Өзім де ел деп елжіреп жүрген жан едім. Қазір Бәйдібек ауданындағы Тасқұдық ауылында «әкем атын суарған, шешем бұлағынан су тасыған» ата қоныстан үй салып жатырмын. Кішкентай ғана ауыл. Бірақ мен үшін ең қасиетті мекен. Балаларым бабалары мекендеген өңірден қол үзбесін, әкесінің кіндік қаны тамған жерден алыстамасын дедім. Әйтпесе Алматыда жағдайым жаман болған жоқ. Екі бірдей үйім бар, қызмет те бар. Абырой, атақ жөнінде де ешкімнен кем емеспін, бірақ соның барлығын туған жер үшін қиып келдім. Енді қалған ғұмырда еліме, өзім өскен өңірге қызмет етуді басты мақсат санап отырмын. Мен үшін қызметтің үлкені, кішісі жоқ. Қандай жұмысты сеніп тапсырса, соған бар білігім мен білімімді жұмсауға әркез даярмын.
– Қалдыбек аға, саясаткерсіз. Саяси салада басшылық жасап отырсыз. Бүгінгі күннің ең басты қағидасы – Елбасының «Мәңгілік ел» қағидасы жөнінде не айтар едіңіз?
– Жұбан ақын айтқандай, «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың ұрпағымыз. Біз өзімізді өзіміз бағалап, қадірімізді арттырмасақ, бізге ешкім төбемізден жақсылықты үйіп-төкпейді. Азғантай ғана халықпыз, жеріміз ұлан-байтақ. Басқалардан кем болмай, осы тәуелсіздігімізді, бостандығымызды мәңгілік ел болып сақтау біз үшін ең басты міндет болуы тиіс. Осы игі мақсатты жүзеге асыру – оңай тірлік емес. Әр азамат өзінің елін, туған жерін шын пейілімен жақсы көріп, оның патриоты болғанда ғана біз елдігімізді мәңгілікке жалғастырамыз. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз халқы үшін баға жетпес ерлік жасады. Қазақтың төрткүл дүниеге танылуы осы кісінің арқасында екендігін біліп қана қоймай, оны бағалауымыз керек. Халқы үшін қандай да болсын қиындық пен ауыртпалықтарды мойнымен көтеріп, оны ешқандай міндетсінбей жүзеге асырып жатқан тұлғаны қалай бағалап, қалай қадірлесек те артықтық етпейді.
– Біздің халық дарындылар мен атақтылардан кенде емес. Өзіңіз кімдерді тұлға тұтып, бас иесіз? Құпия болмаса соны айтсаңыз.
– Мен 22 жылдан бері Шәмшімен ұйықтап, Шәмшімен оянып, бірге тыныстап келемін. Қазақтың Асқар Тоқпановын, Нұрғиса Тілендиевін, Роза Бағлановасын, Олжас Сүлейменовын, Мұхтар Шахановын өз ұлтымның тұлғасы ретінде, қандай ортада болсын мақтанышпен айта аламын. Олардың әрқайсысы елі үшін, қандастары үшін үлкен тірлік атқарды. Оны бағалай білуіміз керек. Бір ғана Шахановтың өзі осы ғұмырында елге өлшеусіз еңбегін сіңірді. Олардың ұлт руханияттына сіңірген үлестері ұрпақтарға үлгі болатынын мен үлкен сеніммен айта аламын. Осындай ұлы тұлғалардың жақсы істері маған көп үлгі болды. Мен мінезімді ауыстырған жоқпын, бірақ көптеген жайсыз қылықтарды осы тұлғаларға қарап түзедім.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қыдыр ҚАЛИЕВ