«Нұр Отанның» төңірегіндегі «техастық» дүрбелең!. Мұның ақыры не болмақ?

1124
3
Өмірзақ Мелдеханов

Өмірзақ Мелдеханов

Америкаңызда Техас деген штат бар. Тіршілігі тартыссыз өтпейтін, айқай-шуының шуы үзілмейтін, жаға жыртысар жанжалы таусылмайтын, арыздан арылмайтын бір өңір.
Қазақстанда Шымкент деген қала бар. Жұрт оған баяғыда азан шақырмай-ақ «Техас» деген ат беріп, айдарлап қойған. Аса жағымды теңеу емес. Осы шынын айтсақ сол Шымкентіңіз кейде Техасқа ұқсап кететін секілді. Олай дейтініміз айына болмаса да, берісі тоқсанына, арысы жылына Шымкентте бір шулыған шулы оқиға болып тұрмаса, ас батпайтындай.

Қазір Шымкенттің аспанын бір үлкен даудың дардай бұлты тұмшалап тұр. Ол – «Нұр Отан» партиясының  айларға созылған текетірес төңірегінде әңгіме.
Басқа тақырып таппағандай жарты айдан бері республикалық орыс тілді «Время» газеті Шымкенттегі осы партия аясындағы біраз жайсыз жағдайды айналдырған төрт мақаласында жалпақ жұртқа жария етіп жіберді. Мәселенің мәні болып тақырыпқа өзек, әңгімеге азық болып тұрған жағдай «Нұр Отанның» бір бастауыш ұйымының немесе аудандық филиалының төңірегінде емес, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Асқар Исабекұлы Мырзахметов мырзаға тікелей байланысты болғандығы көпшілікті еріксіз елеңдетуде.

Газеттегі мақалаларға тамызық болған мәселелерді және өзіміздің білгендерімізді тұжырымдап алар болсақ, қазір өртке айналуға шақ тұрған дау-дамай бұдан біраз уақыт бұрын тұтанған екен.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, ұшқыннан жалынға айналып бара жатқан мәселенің шығу салдары, негізгі себебі партияның мүшелік жарнасының төңірегінен бастау алыпты. Партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов мырзаға «Время» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Зауре Мырзаходжаева хабарласып, ол кісіден облыс әкімінің партияның мүшелік жарнасы жайлы сұраған. Тілшінің сұрағына Мелдеханов мырза: «Бір жыл үш айдан бері облыс әкімі партияның мүшелік жарнасын төлегені жоқ» деп мәлімет берген.
Облыстағы партияның тізгінін ұстап отырған төраға – осы мүшелік жарнаны 15 айдан бері төлемей жүргені басылымға шыққан соң Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов екендігі еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін һәм партияның облыстағы бүткіл мүшесіне белгілі болды. Өзі Президенттік партияның үлкен бір облыстағы филиалын басқарып отырған төраға неліктен мұндай жауапсыз және жайсыз жағдайға тап болды, оған неге жол берді деген қиындау сауалдың өзінен-өзі туындайтыны  және белгілі. Атылған оқ кері қайтпайды. Мақала «Времяға» шығып, Қазақстанға тарап кетті. Біз бұған дейінгі және бұдан кейінгі газеттегі мақалаларға және өз мәліметтерімізге сүйене отырып, болған, болып жатқан жағдайларды жамиғатқа жалпақ тілмен баяндап берейік.
Жаһанға жария болған жайсыз жағдайға нүкте қойып, мүшелік жарнаның төңірегіндегі дабырайған даудың «өртін сөндіру» мақсатын ұстанған облыстық филиалдың төрағасы бастауыш партия ұйымының тарапынан емес, өзінің әкімдік қызметіндегі бағынышты қызметкері – облыс әкімінің баспасөз хатшысы Бейбіт Оспанды газет редакциясына арнайы іс-сапармен жіберіпті. Редакцияға барған баспасөз хатшысының қолында А.Мырзахметовтың мүшелік жарнасын төленгендігін растайтын ведомость көшірмелері болған. Бір беттік құжаттан жарна төлеуші төрағаның және екі партия мүшесінің аты-жөндері қиылып алынған. Ол жерде жарнаның төленген мерзімі әуелгі жазбада «2010» деп көрсетіліп, кейіннен төленген жыл уақыты «2011» деп түзетілген. Бұл «Времяның» 28 сәуірдегі нөмірінің бірінші бетіне сурет күйінде көшіріліп басылған. Сол ведомоста жарна төлеуші А.Мырзахметовтың оны растаған қолы ұзыннан-ұзақ етіп қойылған.
Қажетті құжаттарды редакцияға нақтылы дәлел-куәгер ретінде алып барған баспасөз хатшысы 2009, 2010, 2011, 2012 жылдардың квитанциясын (ол кісінің осылай айтқанын газетте «ведомость» деп көрсетпегендіктен, біз де осылай беріп отырмыз – ред.) толығымен көрсеткен және болған жағдайдың түсініспеушіліктен туындап отырғандығын айтқан. Журналисттердің тарапынан берілген мүшелік жарнаның ай сайынғы көлемі қанша болатындығы және оны төлеудің жолдары жөніндегі сауалға әкімнің баспасөз хатшысы: «50 теңге шығар, ай сайын. Төлем кез-келген уақытта жүргізіледі, жарты жылға, бір жылға. Оны партия мүшесінің өзі емес, басқа біреу арқылы да, яғни партия мүшесіне қалай ыңғайлы болса, солай төлеуге болады» деп жауап беріпті. Мәссаған, безгелтек! Бір облыстың басшысының бүкіл баспасөз саласына басшылық жасайтын,  партияға мүше, не мүше емес екендігін білмейтін Бейбіт Оспан мырза «Нұр Отан» партиясының баяғыда қабылданған Жарғысын белінен бір сызып тастап, өзінше «жарғы» шығарыпты. Адам өзі білмеген соң…
Ендігі мәселенің мәйектісін – Мырзахметовтың «подписінің» төңірегінде өрбітейік. Жарна төлеу құжатында қойылған қол мен әкімдіктегі Мырзахметовтың әкім ретінде жазған «визасындағы» қолдар екі түрлі. Бұл турасындағы ақиқаттың дұрыс-бұрыстығына байланысты  сауалдарға партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мелдехановтың келтірген дәлелдері өз алдына бір төбе. Ол кісі Мырзахметовтың мүшелік жарнаны бір жыл үш айдан бері төлемегендігін төмендегі уәждермен дәлелдейді. «2012 жылдың 4 айы өтті. Мырзахметовтың жарнаның төленгендігі ешқандай құжат арқылы дәлелін таппайды. Партияның Жарғысында «партия мүшесі мүшелік жарнаны өз уақытында төлеуге міндетті» деп көрсетілген. Неліктен үй сыпырушы өзінің 15-20 мың жалақысының есебінен жүгіріп барып, ерікті түрде  партия ұйымына жарна төлейді? Ал, облыстық филиалдың төрағасы Мырзахметов партияның Жарғысын неге мойындамайды? Баспасөз хатшысы дәлел ретінде көрсеткен құжат менде де бар. Бұл жерде екі нәрсеге ерекше назар аудару керек. Біріншіден, жарнаның қай кезде төленгендігін көрсететін кестеде әуелінде 2010 деп жазылған мерзім 2011 деп түзетілген. Ол соқыр жанға да көрініп тұр. Ал сол кісінің қатарында тұрған, жарна төлеген өзге азаматтардың ешқайсының төлеу мерзіміне түзету енгізілмеген.  Екіншіден партия мүшесі ретіндегі қойған қолы мен әкім ретіндегі Мырзахметовтың қойған қолы неліктен екі түрлі? Екеуі де құнды құжаттар. Мүмкін мүшелік жарнаны әкім өзінің көмекшісі, хатшысы немесе жанындағы жақын біреуден беріп жіберіп, құжатқа сол адам қол қойған болуы мүмкін. Бұл партияның жарғысына мүлдем қарама-қайшы әрекет. Мен тағыда қайталап айтамын – жарнаны көмекші, хатшы, демеуші арқылы төлеуге Жарғы жол бермейді. Ал бұл мәселе дәл осы жолы ұмыт қалған. Әкімнің ай сайын төлейтін 87 теңге жарнасы төленбегеннен «Нұр Отан» кедейленіп қалмайды. Мәселе бұл жерде партиялық тәртіп пен партияға деген құрметте».
Мелдеханов осылай дейді. Редакцияға «ат арытып барған» облыс әкімінің баспасөз хатшысы Б.Оспанов бастығының «қорғаушысы» ретінде өзінің уәжін көлденең тартады. Асқар Мырзахметов аңысын аңдып отыр ма, әзірге үнсіз. Нөсердің алдында қатты жел тұрады. Қазір Шымкентте, «Нұр Отанның» төңірегінде «дауыл» басталған сыңайлы, ал нөсердің қашан «төпері» әзірге «х» күйінде.
Облыстық партия филиалының төңірегінде біраз әңгімеге тамызық болған облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасарлығы лауазымына төраға Асқар Мырзахметовтың өзі бюрода ұсынып, өтпей қалған С.Сүгірбаев төңірегіндегі әңгімеге нүкте қойылған сыңайлы. Абай аудандық партия ұйымында жылдар бойы жарнаны төлемегені үшін партия мүшелігінен бірінші орынбасарлыққа кандидатурасы ұсынылардан әлдеқашан бұрын шығарылған Сүгірбаевты партия төрағасының неліктен биік креслоға «тықпалағаны» әзірге көп жұмбақтың бірі болып тұр. Қазір бірінші орынбасардың орынтағына Алмасбек Мамытбек апта басында келді.
Партияның облыстағы басшысының «басына үйірілген қара бұлт» осы мәселенің бәрін қозғап жүрген «Времяның» тілшісі Зауре ханымның да басына төніп тұр екен. Сәуірдің соңғы күнінде тілшінің ұялы телефонына азиялық ұлттың акцентімен қоңырау шалған жас жігіт журналисті ашықтан ашық қорқытыпты. Егер ауызын жаппай, қаламын «жорғалата» берсе, өлігінің қайда қалғандығын ешкімнің таппайтындығын, тыныш жүрмесе тарақан секілді таптап кететінін айтыпты. «Жанкештіге де жан керек» демекші, осындай бопсалаудан кейін, Зауре полицияға өтініш жазыпты. «Время» газетінің редакция алқасы Қазақстанның Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Қалмұханбет Қасымовқа хабар берген. Сол кісінің пәрменімен қазір журналистің тұрағы ішкі істер департаменті тарапынан тәулік бойы қорғауға алынған. Полицияның жедел тобы бопсалаушы азаматты іздестіру үстінде екен. Оны табу қиынға соқпайтын секілді, өйткені ол тілшіге қоңырау соққан кезде өзінің ұялы телефонының нөмірін жасыруды мүлдем қажет деп таппапты.
Оңтүстік осылай бір дүрбелеңді саяси партияның төңірегінде дүрліктіріп жатыр. Құдай ақырын берсін дейміз.

«Уақыттың» шолушысы.

Р.S.Орыс тілді «Время» газетінің негізінде мақала дайындағанда қазақ тілді «Уақыт» газеті араағайындыққа жүру, делдалдық жолды ұстауды мақсат тұтып отырған жоқ. Ел аузындағы жүрген аумалы-төкпелі әңгімелердің өршуіне тосқауыл болсын деп, нақтылы болған жайлардың шындығын басылым оқырмандарына жеткізуді ғана басты өзінің мүддесі санады.