ЕҢБЕК – ЕЛДІҢ МҰРАТЫ: ШЫМКЕНТТЕ ӨҢІРАРАЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ

Шымкент қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында және Еңбек күні мерекесіне орай ерекше мәнге ие шара – «Еңбек – елдің мұраты» атты өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бұл іс-шара еңбек адамын ұлықтауға, жастарға жаңа мүмкіндіктер беруге және жұмыс берушілер мен мамандар арасында тиімді байланыс орнатуға бағытталды.
Қазақстанда Еңбек күні 2013 жылдан бастап ресми мереке ретінде аталып келеді. Оның басты мақсаты – еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру, жас ұрпақ бойына еңбекке деген құрметті сіңіру. Жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде өтетін бұл күн еңбек құндылықтарын дәріптеудің, табанды еңбектің қадірін ұғынудың айрықша мүмкіндігі болып отыр. Жәрмеңке барысында жүздеген бос жұмыс орны ұсынылды. Әсіресе жастар үшін бұл шара алғашқы жұмыс орнын табуға, өз мамандығына сай тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндікке айналды. Жұмыс іздеушілер enbek.kz порталына тіркеліп, резюме толтыруды, заманауи еңбек нарығы талаптарына бейімделуді үйренді. Ал жұмыс берушілер үшін кәсіби мамандармен бетпе-бет кездесіп, жаңа кадрларды тартудың тиімді алаңы болды. Іс-шараға қатысқан Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтеев еңбек озаттарын марапаттап, Алғыс хаттар табыстады. Ол өз сөзінде «Еңбек – адам өмірінің мәні. Қай салада болмасын, тер төгіп жүрген әр жұмысшы – қоғамның тірегі. Кәсіподақтардың міндеті – сол еңбек адамын қорғау, қолдау, еңбегін әділ бағалату» деп атап өтті. Бұл сөздер еңбек адамының қоғамдағы орны айрықша екенін айқын көрсетіп, жастар үшін өнегелі ой тастады.
Жәрмеңке тек жұмыс орындарын ұсынумен шектелмей, еңбек мәдениетін дәріптеудің, жастардың бойына еңбекқорлық пен табандылықты сіңірудің нақты қадамы болды. Мұндай шаралар арқылы жастар еңбекке құрметпен қарауды, қоғамдағы өз орнын табуды үйренеді. Айта кету керек, кәсіподақ орталығының төрағасы Алтеев Еңбек күні мен кәсіподақ қозғалысының маңызы жайында жергілікті телеарналарға – «Хан» ТВ, «Оңтүстік» ТВ, «Айғақ» ТВ-ға сұхбат беріп, пікірін ортаға салды. Еңбек күні – тек мерекелік іс-шара емес. Бұл – әрбір азаматтың қоғамдағы орнын айқындайтын, ел дамуына қосқан үлесін бағалайтын күн. Жұмысшының, ұстаздың, дәрігердің немесе құрылысшының еңбегі – мемлекетіміздің берік іргетасы. Сондықтан еңбекке құрмет көрсету – болашаққа деген құрметтің өзі. Шымкентте өткен «Еңбек – елдің мұраты» жәрмеңкесі – еңбек адамына деген құрметтің жарқын үлгісі болды. Кәсіподақтардың бастамасы мен қолдауымен ұйымдастырылған мұндай іс-шаралар қоғамды біріктіріп қана қоймай, жастарға еңбекқорлықтың, адалдықтың және табандылықтың құндылығын ұғындырады. Еңбек – елді біріктіретін күш, ал еңбекке құрмет – жарқын болашақтың кепілі.