Жүрегі жылылыққа толы жан

491
0


Оқушы дәптерiнiң қос парағына жазылған мына бiр жүрекжарды ой ерiксiз өн бойыңды елжiретедi. Мұны жазған автордың шынайы лебiзiнен адамдық шапағат нұры себезгiленгендей.
«Құрметтi Рахым аға! Сiзге қасиеттi Рамазан айында өзiңiзге арнайы алғыс айтуға Түркiстаннан Кентауға келiп едiм. Бiрақ кездестiре алмадым. Сондықтан сiздiң қамқорлығыңызды көрген жандардың бiрi ретiнде осы жолдарды жазып отырмын.
Тоғысып ақыл-ой мен парасатың,
Жүрекке болды иман, саналы ұғым.
Ұрпақтар көгередi батаменен,
Бақытты анаменен, атаменен, – деп ұлыңыз Қайраттың елу жылдық мерейтойында аталы сөзiңiздi айттыңыз. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз «Кiмде-кiм өзгеге рахымды болмаса, ешкiм оған рахымды болмайды. Кiмде-кiм бiреуге ақшалай қарыз не садақа берсе немесе адасқан адамды жолға салса, ол бiр құлға азаттық әпергендей сауапқа ие болады» деген.
Сiз өзiңiз жасаған сауапты iстерiңiзбен талай жығылғанды демеп, сүрiнгендi сүйедiңiз. Жасаған жақсылықтарыңыз бiр Алладан өзiңiзге, ұрпақтарыңызға тек жақсылық болып қайтсын!
Осы орайда өзiме өмiрлiк бағдаршамдай болған бiр мысалды айтқым келедi. Бiр бақуатты әйел жас келiншектi үй қызметшiсi етiп қабылдапты. Бiрде жұмыс арасында жуынатын бөлмеге жиi баратынын байқап, үй иесiнiң көңiлiне «осы ұры емес пе?» деген күдiк ұялайды. Сөйлесейiн деп әлгi келiншектi шақырып: «Сен жуынатын бөлмеге орынды-орынсыз баруды неге жиiлеттiң? Тек шыныңды айт, әйтпесе жұмыстан қуып жiберемiн» дейдi. Келiншек дауысы дiрiлдеп: «Кешiрiңiз, мен жұмысқа тұру үшiн сiзден бiр сырды жасырып едiм. Шиеттей бала-шағам бар, кiшкентайым емiзулi. Омырауыма сүт толып, шыдай алмағандықтан соны бөлмеге барып сауып тастаймын. Баламның барын айтсам, сiз жұмысқа қабылдамай ма деп қорықтым» деп шынын айтады. Жас келiншекке мейiрiмдiлiк танытқан бәйбiше: «Мынау ақшаны алып үйiңе бар. Балаларыңды бақ, кiшкентайың омыраудан шыққан соң келерсiң» деп оған жеткiлiктi мөлшерде мол қаржы берiп босатады.
Арада бiршама уақыт өткенде үй иесi белгiсiз кеселге душар болып, дәрiгерге көрiнедi. Науқасы әбден дендеп, омыраудың қатерлi iсiгiне шалдыққанын бiледi. Ем қабылдағанмен, тағдырына мойынұсынып, одан айығарына сенбейдi. Байлығы да саулығына араша бола алмай, жанын жабырқатады. Бiр ғажабы, кезектi тексерiлуге барғанда аурудың белгiсi де болмай, науқас та, дәрiгерлер де таң қалады. Он ойланып, жүз толғанғанда оның себебi жас ана мен балаға жасаған сауапты iске барып тiреледi. Жаратушы шебер ғой, өлшеусiз жақсылыққа мейiр-шапағатын төгiп, әлгi әйелдi жазылмас дерттен құлан-таза айықтырыпты. Бұл бiр мысал ғана, ал, сiз талайларды тығырықтан шығарып, көз жасын құрғаттыңыз, үзiлген үмiттерiне жалғау болдыңыз. Солардың бiрi ретiнде ашыққанда аузымызға дәм салған, рухани демеу берген, күдер үзген күндерiмiздi ұмыттырғаныңыз үшiн Сiзге ғұмыр бойы ризамыз. Жақсылығыңыз Алладан қайтсын, ауырмаңыз, тарыққандардың жердегi жебеушiсi болып, ұзақ жасай берiңiз.
Бақыткүл қарындасыңыз».
Мен Рахым ағаның адал ниетпен жасаған көп жақсылығына, осы бiр жанның жылы лебiз айтқанына қуандым. Рахым ағаның көпке жасаған қайырымы бiр бұл емес. Кентауда бiлiктi дәрiгер болып зейнетке шыққан, қаланың Құрметтi азаматы атанған Ысқақ Жұмашев деген кісі бар. Тастанды балаларды тәрбиелейтiн отбасылық «Ар-нұр» деген балалар үйiн ашып, зайыбы Гүлжаһан екеуi төрт жетiмдi жетiлдiрiп, балиғатқа жеткiздi. Оларды өз кiндiгiнен тараған Арман, Нұрлан, Шолпан, Ержан, Балжаннан кем көрген жоқ. Аялы алақанға тап болған сол төрт қыз, бiр ұлға жанашырлардың бiрi, бiздiң кейiпкерiмiз Рахым Балабиев болды. Қолындағысын аямады. Тiптi, кiшi ұлы Талғат екеуi қажылық сапармен Меккеде жүргенде сол жетiмектер түсiне енiптi. Сөйтiп, жолға шығарда оларға арнап садақа жасамағаны ойына оралады. Араб елiнен Қазақстанға телефон шалып, бәйбiшесi Салихаға Ысқақтың үйiне бiр мал жеткiзiп, дастарқан жаюды тапсырып, ол орындалған соң барып көңiлi жайланады. Рахым қажы қамқорлық танытқан Айым, Зияш, Айша, Гүлнар, Ернар бүгiнде бойжетiп, ержетiп, оқуға түсiп, оң-солын тануға айналды.
Рахымның әкесi Балаби ескiше өте сауатты, сонау Самарқанда медресе тауысқан дiндар қария едi. Рахым ес бiлiп, әкесiнiң етегiнен ұстап жүрген 8-9 жасында асқар тауынан айрылып, аурушаң ананың алақанында қалды. Талайлардың тепкiсiн көрдi. Жүрегi жылы жандардың мейiрiмiне де бөлендi. Соғыстан кейiнгi кез ғой, ашықты, тарықты. Тойып нан жеп, торқа киiм киюдi армандаған ол кейiн өзгелерге қол ұшын созуды өзiнiң өмiрлiк дағдысына айналдырды.
Қайырым жасап, жәрдем беруде Рахым қажы оның көлемiне қарап емес, мұқтаж жанның жағдайына қарай қол ұшын созады. Бiреулерiне теңгедей, бiреуiне заттай ұсынады. Бiраз жылдар бұрын Кентауда автокөлiк мекемесiн басқарып тұрған кезінде жабдықтаушы жiгiт қоластында жұмыс iстедi. Жақсы сыйласты, бiрiн-бiрi демеп, толықтырып, қоян-қолтық араласып, талай игi iстердi тындырды. Сол жiгiттiң жары қайтыс болып, басына қиын күн туғанда да жанынан табылды. Қалтасын қалыңдатып барып, бата жасады. Тұрмысының төмендiгiн көрiп, отын-су түсiрттi, жас балаларына қажеттi керек-жарағын әпердi.
Ислам дiнiн хақ көрген Рахым бар жақсы iстiң әркез жанынан табылады. Құдайберген Құсбеков дейтiн дiн жолындағы жарымжан азамат Шорнақтан намазхана ашуға осы ағасына арқа сүйеп, өтiнiш жасап келедi. Бiрден құп алып, жер әперiп, ғимарат салдыртып, жиһаздарымен жабдықтап, басы-қасында өзi жүрдi. Үш бөлмелi имандылық үйiне бүгiнде «Рахым ата» деген ат берiлiп, үлкен-кiшi тәу ететiн қасиеттi орынға айналған. Қадiр түнiнде жамағаттың басын қосып, үлкен ас бердi. Арнайы азаншы тағайындап, еңбегiне айлық жалақы белгiледi. Ел ағасының мұсылмандық жолдағы мұндай сауапты тiрлiгiне ел риза болды.
Былтыр балаларымен ақылдаса отырып, Кентаудан жетi мұнаралы үлкен имандылық үйi «Балаби қары» атындағы зәулім мешіт салдырып, оны ашып, ас бердi. Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының өзi келiп ашқан қосымша медреседе жас өскiндер бiлiм алуда. Ғимаратта дәрісханалар мен 500 адамға арналған намаз оқитын үлкен бөлме орналасқан. Сондай-ақ әйелдер намаз оқитын 70 орындық арнайы бөлме қарастырылған. Имам бөлмесі бүгінгі талапқа сай компьютермен, заманауи технологиялармен, кітап сөрелерімен, жиһаздармен жабдықталған.
Дағдарыстың дауылы дәулердi шайқалтып, әлсiздердi ермек еткен кезде Рахым қарап қалмады. Өзi қырық жылдай қалам ұстаған арқалы ақын. Жазушылар мен журналистер одағына мүше болып, 14 кiтабы жарық көргендiктен, жасы 80-ге келсе де әдеби ортадан алыстаған жоқ. Керiсiнше «Қаратау тәжi» әдеби бiрлестiгiнiң жұмысына басшылық жасап, оны тұралатпай, тiршiлiгiне нәр беруi үлкен iс екенiн ел де, қаламгерлерде бiледi,сол үшін қадір тұтып, шынайы қадiрлейдi. Кеудесінде ҚР мәдениет қайраткері төсбелгісі жарқыраған абыз қария кенді шаһардағы «Қаратау тәжі» әдеби бірлестігінің төрағасы ретінде қаламгерлерге бағыт-бағдар беріп, қолтығынан демейді. Кентаулық ақындар Мұхит Махажанов, Раушан Тәшiмбетова да ақын, кәсiпкер Рахымнан рухани қамқорлық көрген жандар.
Қайырымдылықты қастерлi адамдық, азаматтық парызы санаған Р.Балабиев осылайша материалдық, рухани жәрдем жасаудан танған емес. Кентау, Шымкент пен Түркiстандағы ниетi адал, ойы түзу, бiрақ қолы қысқа талайларға қажылық сапарға баруға демеушi болып, қаржылай жәрдем бергенiн олардың әрқайсысы айтып жүредi.
Жүрегi алтын, жүзi иманды, биыл сексен деген сеңгiрдiң табалдырығын аттаған, кiндiк қаны Созақта тамып, бүгiнде кентаулық болған Балабидiң ел таныған ұлы Рахым баспа өнiмдерiн шығаратын қысылтаяң кезде «Еркiн K–XXI» баспаханасына үш тонна қағаз сатып әпергенiнiң өзi неге тұрады? Мұны екiнiң бiрi iстей бермейдi.
Рахым аға Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер Одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасы қажылар ассоциациясының мүшесі, Кентау қалалық филиалының төрағасы, Кентау қаласының Құрметті азаматы. Бiз бiлетiн арманы асқақ, мәртебесi биiк, жүрегi жомарт Рахым осындай жан.

Үмітхан АЛТАЕВА.