Жол және жолаушы

435
0


«Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі»-дейді елбасымыз Н.Ә. Назарбаев.
Біз, бәріміз, жолаушымыз. Күн сайын түрлі шаруалармен жолда жүреміз. Тек, отбасымызға аман оралуды ойлана бермейтін сияқтымыз. Олай дейтініміз мынау нарықтық заман жайбырақаттықты көтермейтін болып алды. Сонан жұрттың бәрі асығыс.
Ал осы «асығыстық» өмірге «авария» дейтін үрейлі ұғымды алып келді. Ресми статистикаға қарасаң да, күнделікті өмірде болып жатқан апаттарды ойласаң да төбе шашың тік тұрады. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегендерді былай қоя тұрғанда, соңғы кезде жаппай қырылып қалу оқиғалары жиіліп кеткен жоқ па?
Мың өліп, мың тірілген ел едік… Мыңдап, миллиондап қырылғанымыз аз ба? Енді бейбіт өмірде, Тәуелсіздігіміздің тұсында көбеюдің орнына азғантай қазақ осылай қара тұтып қала бермек пе деген ой әрбір саналы азаматты мазаласа керек…
Билікте белгілі бір деңгейде қаралыпты, мынандай бір шаралар қолданылыпты дегенді есіту қиын, бар шығар, бірақ, халықтың құлағына жетіп жатқаны шамалы. Рас, бәрі заң аясында шешіледі. Әркім айыбына қарай заң алдында жауап беруі тиіс.
Бұл жерде біз 2015 жылы мамыр айының соңында қабылданған «Ұлт жоспары» тарихи құжатының 30,31- қадамдарында осынау мәселе нақты әрі егжей-тегжейлі, жан-жақты көрсетілгенін еске салғымыз келіп отыр. Онан бері өткен уақыт аралығында мемлекет тарапынан тиісті заңды құжаттар қабылданып, өмірге еніп үлгерді. Енді алдын алу шараларын пәрменді жүргізіп, көпшіліктің назарын аударып, бәлекеттің бетін аулақ қылуға ұмтылу қажет.
Жақында аудан деңгейінде қоғамдық кеңес құрылды. Осында талқыланып тұрса, оның оң ықпалы зор болар деген ойдамыз. Болмағанда шенеуініктердің моральдық жауапкершілігі артар еді.
Енді әңгіме барысын жол қозғалысына бұралық. Алдымен жүргізушілер туралы. Аллаға шүкір, жер жаннаты Жетісайда да, оған қарасты барлық елді мекендерде де қаптаған көлік. Сонан болар жұрттың бәрі жүргізуші. Үлкен де, кіші де, бала да, қыз-қырқын да – жүргізуші. Бұларды негізінен екі топқа бөлуге болады. Жол ережесін жақсы білетін, оны бұзбайтын, жол инспекторына бағынатын, салиқалы, салмақты азаматтар. Өкінішке орай мұндайлар көп емес. Ал енді заңды білместікпен немесе біле тұра әдейі бұзу немесе айналып өтуге әбден бейімделіп алғандардың қарасы мол.
Әңгімені соңғыларынан бастайық. Ұлы бабамыз Абайдың сегіз аяғында
Қулықты көргіш,
Сұмдықты білгіш – деген жолдар бар.
Жол ережесін бұзуды қулық деп, ал жол инспекторымен тіл табысып кетуді сұмдық деп есептеуге әбден болады.
Арнайы маман болмасақ та, көп жүргізушінің бірі ретінде байқағанымыз елді мекендерден тыс жердегі жолдар мен қала көшелеріндегі заңмен бекітілген қозғалыс ережелері жиі бұзылады. Тіпті, оның кейбіреулері қалыпты дағдыға айналып кеткен сияқты әсер етеді.
Енді мақтанышпен, дарақы күле жүріп ашық іске асырылатын күнделікті өлшемге айналып кеткен заңды бұзудың түрлеріне қараңыз.
Қап-қара асфальт жолдың бетіне аппақ бояумен сызылған бүтін сызықты басып, жолдың қарсы бағытына шығу; екі қабат бүтін сызықтан кері бұрылу; бағдаршам алдындағы көлденең сызықтан өтіп тұру; жолдың тап ортасына тұра салу, бұған бұрылыс алаңында тұра қалып сөйлесетіндерді қосып қойыңыз; күндіз көлігінің жарығын жақпай жүру; қауіпсіздік белдігін тақса, тынысы тарылып, ауруға шалдығатындар тіпті жетерлік; жұрт «зебра» деп атап кеткен жаяулар өтпесіне келгенде сигнал беретін, жүргіншілердің ара-арасымен зу ете қалатындарды көрсеңіз таң қалмаңыз; Ал енді қызылдан кезексіз өтудің түрлерін айталық: алақтап қарап алған болып, тіке зу ете қалу; маневр жасап оңға, солға, тіке өтуге әрекет жасап келе жатқан транспортты сигналмен немесе жарықпен кідіруге мәжбүр етіп өтіп кету; бас көзге қарамай қарсы бағытқа шығып алып алып өту;
Қаланың ішінде халықаралық трассада бара жатқандай зымырайтындарды осы тізімге қоспасақ, олардың өкпелеп қалуы әбден мүмкін.
Мұның бәрін тек ереже бұзушылықтың ұсақ-түйек түрі деп сылап-сипалауға келе қоймас, себебі осы жерде таразыға адам тағдыры түсіп тұр. Бұл-нағыз құқық бұзушылық. Ал оның соңы автоапатқа ұласып жатқанын көпшілік көзімен көріп, қолымен ұстап жүр ғой.
Әдетте, жұрт мұндайда жол полиция қызметкерлерін айыптауға бейім тұрады. Құмырысқадай қаптаған автокөліктің әрбірін жеке-жеке қадағалау, әрине, тіпті мүмкін емес…
Дей тұрғанымен, осы мәселелерді реттеу, жүгенсіз кеткен жүргізушіні ауыздықтау олардың тікелей қызметтік міндеті екені тағы рас.
Жолдардың сақталуына тиісті мекемелер жауап беретін болар. Ал жол полициясының ықпал ету құқықтары бар ма? Болса қай дәрежеде екен? Егістіктегі артық суды қала сыртындағы асфальт жолдың үстімен мотормен айдауды, бұзып тұрып су жүйесін өткізгендерді көргенде осылай ойлауға мәжбүр боласың. Жол инспекторлары қайда жүр екен деп оларды ойша іздейтініміз бар.
Жүйріктің желігін көтере алмайтын жетесіздерге сабақ болатындай ұран сөздерді қала көшелерінде қаптаған көрнекіліктер арасынан оқысақ, көрсек деп армандайсың, кейде… Олар шамамен төмендегіше болса, шіркін!
— Байқа! Жол қателікті кешірмейді! (20)
— Қала іші халықаралық трасса емес! (40)
— Ей, жүргізуші!
Жай жүрсең алысқа жетесің
Асықсаң өмірден кетесің. (60)
— Жаяудың құқын сыйла! (05)
— Рөлде сөйлеспе, тамақ ішпе, темекі шекпе!
Мұндай сөздердің көшеден орын алуының қаншалықты заңды-заңсызын білмедік, бірақ біздің қазақ үшін керек-ақ сияқты!.
Осы мәселелерге заңның не дейтіні көпшілікке белгілі. Біз енді қоғамға танымал азаматтардың ой-пікірін білмек болып, ауданымыздағы бас мешітке бас сұқтық. Бас имам Бекзат Сыздықовқа жолықтық. Ол жағдайды түсінген соң, жол қозғалысына қатысушыларға өзара кішіпейілділіктің жетпей тұрғанын қадап айтты. Онан әрі сөзін былай сабақтады. Кішіпейілділік – Алла тағаланың пендесіне берген ерекше мінез-құлқы. Мұхаммед пайғамбар бір хадисінде: «Кім кішіпейілділік көрсетсе, Алла оның мәртебесін өсіреді. Ал кімде-кім көкірек қақса, Алла тағала оны мұрнымен жер сүздіреді»-деген деп ой түйіндеді.
Иә, жүргізуші буыңызға нан пісіп жүргенде, Алланың қаһарына ілініп, мұрныңызбен жер сүзіп қалмаңыз.
Сонымен, Сіз не дейсіз?…

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.