САБЫРДЫҢ САЛХАНЫ
Адам дүниеге келген соң, мүмкіндігінше айналасындағы қоршаған ортаға өзінің игі ықпалын тигізуге міндетті. Оның барлығы дерлік дүние есігін ашқан күннен бастап алған, көрген, білген, қалыптастырған ұлттық нақыштағы мінезі мен дүние танымына тікелей байланысты болса керек. Одақ тұсында дүниеге келген, азат елдің арайлы нұры шашқан тұстан Тәуелсіз елдің іргетасын мықтауға белсенді де қажырлы үлесін қосқан замандастарымның алды ширек ғасырлық торқалы ел мерекесі қарсаңында кеуделеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен төсбелгілер мен ордендер тағып жатқан тұста ерекше бір қуанышқа бөлендім. Себебі, тыңнан сүрен салған Тәуелсіздіктің әрбір таңы тың серпілісті күндерге ұласып, еліміздің өркениетке қадам басқан баспалдақтарына ұласты. Осынау бір қиындықпен басталған замана көші жүре келе жарқын болашағы алдан тосқан әлемдік өркениет көкжиегіне серпінмен бет алды…
Бүгінгі әңгіме-сұхбатымыз елім деп, жерім деп, Отан-анам деп білген қарапайым қазақтың бірі Полатов Салхан Сабырұлы жайлы болмақ. Елбасының Жарлығымен омырауына «Құрмет» орденін таққан замандас аға кім, Президент назарына ілігетіндей нендей істер тындырды, жалпы оңтүстік өңірінің халқы айтулы азаматтың өмір өткелдері жайлы не біледі?- деген сауалдар төңірегінде кеңінен әңгіме-дүкен құрып, сұхбаттасқан жайымыз бар. Марапат құтты болсын дей отырып, оқырмандар назарына сол әңгімемізді қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.
— Атам қазақ «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Өскен орта, алған тәлім-тәрбие жайлы айта кетсеңіз?
— Мен осы Сарыағаш ауданының бұрыңғы Черняевка /негізгі атауы Полтарацкий/ селолық Советіндегі «Красный Восток» колхозының «Ворошиловка» елді мекенінде 1959 жылы дүниеге келдім. Әкемнің тұңғышы, әжемнің ең үлкен немересі болған соң, әжем Тұрдыкүл мені өзінің тәрбиесіне алыпты. Атам үш ағайынды Полат, Дауыл, Егемберді. Полаттың үлкен ұлы менің әкем Сабыр. Қазақтың басына түскен қиямет қайым қилы замандар біздің әулетті де айналып өтпеген. Ашаршылықтан титықтап шыққан кезде кішкентай інісі 1938 жылы әскерге алынып, 1940 жылы қайтатын кезде Кеңес Үкіметі оны қайтармай содан соғысқа қалып қойған. Алғашқы неміс фашистерінің соққысына кез болса керек, іс-түссіз кеткен. Әлі күнге дейін дерек жоқ. Одан кейінгі інісі Дауыл да 1942 жылы соғысқа аттанған, ол кісіден де ешқандай хабар жоқ. Қазір, іздеу салып жатырмыз. Бірақ, әлі еш жерден хабар шыққан жоқ. Полат атамызды да соғысқа алған. Алайда, олар Иркутскідегі азық-түлік отрядына түсіп, сол жерде жұмыс істеп, соғыс біткеннен кейін елге қайтып оралған. Құдайдың құдыретінде шек жоқ. 1959 жылы мен дүниеге келгеннен кейін, атамыз бір аптадан кейін өмірден қайтқан көрінеді. Содан әжем Тұрдыкүл мені бауырына алып «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» ешкімге тигізбей өзі тәрбиелеген. Әжемнің соғысқа қатысқан інісі бар, 1925 жылғы. Өзімнің туған шешемде атам қазақтағы ырым бар, дәстүр бар дегендей осы күнге дейін атымды атамайды. Мені «Ана бала» дейді. Әкемнің бір інісі, үш қарындасы болған. Әжемнен сол бесеу ғой. Үлкені менің әкем, одан кейінгі інісі Полатов Гафур Шардара ауданында ұзақ жылы қызмет істеген, 2006 жылы марқұм болды. Салима, Әлима, Карима атты үш қарындасы бар еді. Сәлима әпкеміз де бұл күнде бақилық. Қалған екі әпкеміз бен жезделеріміз тірі. Әженің баласы болғаннан кейін, мен ол кісілердің інісіндеймін. Әлі күнге дейін той-томалақ, жиындарда араласып тұрамыз. Кеңестік кезде Өзбекстанмен шекара болмайтын. Кішкантай кезімізде Шыршықтың суына түсіп шомылып, балалық шағымызды сол жақта өткізгенбіз. Себебі, менің туған нағашы жұртым да Өзбекстандағы жоғарғы Шыршық деген ауданнан. Нағашылар жаққа екі әпкем де тұрмысқа шыққан. Ол кезде сол жақта қазақы ауылдар көп еді, шекара деген атымен жоқ. Егемендік алғаннан кейін сол әпкелеріміз, бала-шағасымен қазақстанға көшіп келді. Қазір осы қалада тұрып жатыр.
— Сәке, құшағына кең әлем сиятын елдің анасы болған әженің тәлімі жайлы тоқталсаңыз?
— Әженің тәрбиесінде болып, 1966 жылы бірінші класқа бардым. Кішкентай кезімізде бізге әдептілікті, одан кейін имандылықты үйреткен әжеміз 5 уақыт намазын үзбеген жан. Атам да намаз оқитын, дінге өте берілген адам болған. Апам соны құлағымызға құйып, айтып отыратын. Дінді дәріптеп көп айтатын. Үлкендердің алдында өзіңді қалай ұстап отыру керек екендігін, қонақты қалай сыйлап, қонаққа барғанда әдептілікті қалай сақтау кертігін айтып отыратын. Сондықтан болар көп әңгімелері бүгінгі күнге дейін құлақта сақталып қалды. Әжеміз ораза ұстайтын. Ораза ұстағанда таңертең сәресін ішетін. Сол сәресіне талқан жейміз деп, талқанын жеуге бола, әрекетімізді істеп, біз де ерте тұратынбыз. Тұрғызбаса қиғылықты салып, ренжіп, ұрсатынбыз. Әжеміз оқымаған жан болғанменен, діни жағынан өте сауатты кісі көп нарсені үйретті. Көргені көп, әулеттің ақылдысы деуге келеді. Өйткені, 1996 жылы 93 жасқа қараған шағында Аллаға «Тәуба, шүкір» деумен ризашылықпен өмірден өтті.
— Тұрдыкүл апаның кеңдігі, балажандығы, қамқорлығын айта кетсеңіз?
— Нақты мысалдар көп. Мәселен, әкемнің інісі Целиноградтағы Сельхоз институтында екінші курста оқып жүргенде Қарағанды облысындағы Ақшатау елді мекеніндегі Арғыннын ішіндегі Қаракесек руынан жеңешемізді келін етіп алып келіп, той істеген. 3 курста жеңешеміз босанып, қос студент шақалақ-нәрестені қалай қарасын. Сол кезде 4 айлық баланы апамның айтуы бойынша біздің үйге алып келді. Содан қызықты қара. Әжемнің тұңғыш баласынан мен болсам, екінші тұңғыш баласы Бауыржан болып шыға келді. Қиын шақтарда қиуын келтіріп, өзекті мәселені оп-оңай шешетін апамның ісіне әлі күнге дейін таң қаламын. Сөйтіп, мені де оны да «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» аялап өсірді. Менен кейінгі 1966 жылғы інім бар. 1966 жылғы ағамның да баласы бар. Арасы небәрі 4-ақ ай. Әжемнің басқаруында оны да менің шешем емізіп, әжем тәрбиелеп, үлкен азамат етіп өсірді. Сол бала да біздің отбасыда қалып қойды. Қызығын қара, біз отбасында он жан болсақ, жаңа қосылған баламен енді он бірміз.
-Салхан мырза, мейірімі шуаққа толы апамыздың өмірден өткен де арманы болды ма?
— Өте орынды сауал. Ол кезде мен зауытта жұмыс жасаймын. 1991 жылы М.С.Горбачевтің арнайы «Жилье-91» деген бағдарламасы бойынша, бізге жер берді. Сол жерден үй салдық. 1996 жылы үйді бітіретін кезде, әжемнің көзі көрмей қалды. Келіндері не арманыңыз бар деп сұрайды ғой. Сонда: -Осы Салхантайдың үйін көре алмадым, одан кейін Бауыржанның ұлының түрін көре алмай кетіп барамын, депті өмірден бақи озып бара жатып… Жақсылап, арулап шығарып салдық. Сол кісінің тектілігі ғой, мені, Бауыржанды бауырына басып тәрбилеп өсіргендігі. Айта кетер жай Бауыржан үйленгеннен кейін өмірге 4 қыз келді, бесіншісі ғана ұл болды ғой. Сол бала Қасымжомарт қазір Қарағандыда оқиды. Қазір, Бауыржанның төрт қыз, екі баласы бар. Сол Бауыржанның үйіндегі келін алғашқы бірінші-екіншісі қыз босанады. Үшіншісіде қыз болған тұста Бауыржан әжеме келіп жылайды екен. Төртіншісі де қыз болған ғой. Гаухар келінің қыз туа береді,-деп еңіреген шақта басу айтқан Әжеміз ұрсады екен: «Құдайдың бергені таусылмасын, қыз берген құдай ұл да береді» деп сабырлыққа шақырған. Дана емес деп айтып көрші осыдан кейін.
— Сәке, мектеп табалдырығын қашан, қай жерде аттадыңыз?
— Ауылда 4 кластық негізгі мектепке 1966 жылы бардым. Ол кезде ручка жоқ, қолымызға перо-дәуіт алып баратынбыз. 4 класты бітіргеннен кейін колхоз орталығындағы «Чернявка» елдімекеніндегі Амангелді атындағы орта мектепте оқуымды жалғастырдым. Мектеп пен ауылдың арасы 3 шақырым, соған таңғы сағат 8-де шығамыз. Бір сағатқа таяған уақытта жетеміз. Есейе келе 45 минутта баратын болдық. Соған барып-келіп, 6 жыл оқыдық. Күні бүгінге дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен беретін Ермек Керімбаев, Әлішер Көнешов, Жорабек, Әбдіраш деген ағайларымызбен орыс тілі пәнінен беретін Мақпал Омарова атты өте сауатты, білікті ұстаздарымыздың есімдері көңіліме ерекше жылылық ұялатады. Ал, таяуда ғана өмірден озған мектептің директоры Әлібек Қаламбаевтың ұлттық рухы, келешек жастардың бойына дарытқан отаншылдық қасиеттері мектеп түлектерінің бойында сайрап жатыр. Бір азаматтығы жайлы айта кеткеннің артықтығы болмас. Қазақтың маңдайына біткен бірегей ақындардың бірі Төлеген Айбергеновтің тарихын оқыдым. Қарақалпақстаннан Сарыағашқа көшіп келген ақынның түбі сонау Ақтөбеде жатыр екен. Өзі жазған кітабынан оқыдым. Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов үшеуінің ұлы достығына тәнті болдым. Ал, енді қиын-қыстау заманда Қарақалпақтан келген Төлеген Айбергеновтей ақынға қол ұшын созып, өзінің төрінен орын беріп, жанына жалау болған бірден-бір жан біздің мектептің директоры Әлібек Қаламбаев екендігін ешкім де біле бермейді. Істегенін дабыра етпей қазақтың қарапайым салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтаған осындай ағаларымызбен біз әрдайым мақтанамыз. Мектепті бітірген кезімізде менің аттестатымда үш төрт болатын. Біреуі орыс тілінен, екіншісі неміс тілінен, үішншісі қазақ тілінен. Мектепте оқығанымда математика, физикаға мән беріп, тіл жағына көбірек көңіл бөлмеппін. Мектепті бітірген соң, Ленинградтан бір-ақ шықтым. Әлі есімде Ленинградтағы 2 -ші красноармейский көшесіндегі инженер строительный институтына құжат тапсырып, үш экзаменнен өттім. Математикадан ауызша-жазбаша, физикадан ауызша, төртіншісі орыс тілінен сүрініп, екі алып елге қайттым.
— Салхан Сабырұлы, алғашқы еңбек жолыңызға тоқталсаңыз?
— Келген соң әкем колхозға жұмысқа тұрғызды. Колхозда 1977 жылы шопыр болып, еңбек жолымды бастадым. Колхоз бастығы Әріпқан Ақбердиев көкеміз болатын. Баласымен бірге оқимыз, ол кісінің үйіне жиі барып тұрамыз. Мен колхоздың завфермасын алып жүрдім. Таңның атысынан, күннің батысына дейін тыным жоқ. Колхоздың фермасына, мал баққан шопандарға барады. Сөйтіп, солардың өмірін көрдім. Барлық шопанға барамыз, барлығының өзекті мәселесі бар. Завферма келгенде әр шопан өзінің проблемасын айтады. Анау жок, мынау жоқ, мынау мынандай деп. Солардың барлығына завферма тоқтау айтып, анау қырдағы шопан сені көре алмайды. Досыңнан дұшпаның көп, бәрін ынтымаққа шақырып, жетпегенін жеткіземіз деп, жұрттың бәрінің көңілдерін көтеріп кететін. Ел ағасының қарапайым еңбек адамдарымен сөйлеген сөздерін естідім. Шопандарға қалай сөз айтады, қалай сөйлейді. Кейін, сол кісі Манап Әбсаматов колхоздың аграномы болды. Ол кісінің үйі бізге жақын. Таңғы 5-те мен ұйқымнан тұрғанша бас аграном үйге келіп мені оятатын. Машинаны оталдырып, екеуміз егістікті аралап кетеміз. Барлық бригадирлерді оятып шығады. Колхоз сол кезде 2000 гектар мақта, бидай, жүгері, жоңышқа егетін. Мал бордақылау алаңы болатын. Жүгері, жоңышқаны сүт сауатын фермаға беретін. Мақтаны аралаймыз, жоңышқаның орып жатқанын қадағалаймыз. Таңғы 5-те кетіп, 10-да таңғы шәй ішіп, түскі 1:30- да түскі асымызды ішіп, қас-қарайғанша егістікті аралап келетінбіз. Бригадирлермен бірге суды қалай беріп жатырсың деп бәрін өзі қадағалайтындығы бүгін ойласам ол кісінің еңбекқорлығы екен. Мен сол кісілерден көп нарсе үйрендім. Одан кейін оқуға түсіп кеттім де Қағандыдағы Политехникум институтына тапсырып, соны бітірдім.
— Мамандық алған соң жұмысты қайдан бастадыңыз?
— Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте «Манкентживмаш» деген москваға бағынатын завод болатын. Жас маман болып жұмысқа келдім. Панов Владимир Усимович деген зауыттың директоры екен. Бас инженер Савосин Владимир Иванович, бас инженердің орынбасары Шаламов арнайы қабылдап, зауыт басқармасына жұмысқа алды. Бір жыл сол жерде инженер-конструктор, инженер-технолог болып қызмет істедім. Бір жылдан кейін Шымкенттегі қорғасын зауытына ауыстым. Ол кезде Қобдабергенов Ырзабай атақты металлург кісі. Москвада бітіріп келген заводтың директоры еді. Бас инженер Рязанцев Владимир Иванович болатын. Қобдабергеновтын кезінде жас мамандар, жұмысшы болып істейтін. Менде сол жұмысшы болып бастадым, үстімізге киіз камзол, киіз шалбар, аяқта пима, басымызға киізден қалпақ соны киіп бір жыл үлкен қазанда жұмысшы болып, сменде жұмыс істедік. Рафинация сехы болатын, қорғазынды балқытып тазалайтын жерде жұмыс істеп, одан кейін мастер болып ауыстым. Кейін аға шеберге көтерілдім. Учаске бастығы болдым, кейін управленияға ауыстым экономист болып, сол жерде снабженияны басқардым. Қобдабергенов 1985 жылы жұмыстан босағаннан кейін, Қылышбек Ізбасқанов директор болды. Қазір ол кісі Астанада «Самұрық» қазына да жауапты қызмет істейді. Одан кейін зауытты Манат Әбенович Етбаев басқарды. Көп ұзамай зауыт жұмысы тоқтап қалғаннан кейін Асанбаев Тұрсын Қанатбекұлы келіп, оны жүргізді. Бірақ, зауыттың жұмысы мардымсыз болып, ақыры тоқтады. Сол заводта 2002 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылы өз еркіммен жұмыстан кеттім.
— Сәке, одан әрі тіршілік қайда жалғасты?
— Бизнесті көрейін деп сол салаға кеттім. Біраз жұмыстар атқардық. Құрылыс компаниясын құрып, 2004-2006 жылдары «Қуат» корпарациясы деген Алматыдағы үлкен құрылыс компаниясының құрамына кірдік. Соларменен бірлесіп, ең бірінші рет Ақтауда 9 этаждық үйді салуда қосалқы мердігер болып бастадық. 200 жұмысшымен барып, Ақтауда 9 этажды үйді бітіріп, одан кейін жұмыс Оралға жалғасты. Онда да дәл сондай 9 этажды бой көтерді. Астанаға шақырды, сол жақ жағалауда «Қуат» компаниясымен бірігіп, өркениет талабына сай көп нысандар салдық. Кейін Алматыға шақырды. Онда 24-14 этаж үйлерді «Қуат» компаниясымен бірігіп салып, тыңғылықты жұмыс істедік. «Қуат» компаниясы банкрот болғанша солармен бірігіп жұмыс жасадық.
— Салхан Сабырұлы, мемлекеттік қызметке қашан келдіңіз?
— 2006 жылы мемелекеттік қызметке келдім. Ол кезде Төтенше жағдай басқармасы болатын, қызметті сол басқарма басшысының орынбасары болып бастадым. 4 жыл жұмыс істедім. Бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемегеннен кейін, жаңаша ойлап бұл қызметтің қыр-сырын түсіндім. Төтенше жағдайда жүріп облыстың бәрін түгел араладым. Сол кезде елге керек екенін, ол мәселелерді қалайша жедел шешуге болатындығын жете ұғындым. Қаншама елде төтенше жағдай болды. Сарыағашта су тасып, үйлердің бәрін су алып кетті. Дарияның жағасында 2007-2008 жылдары төтенше жағдай орын алған тұста, басы-қасында болып, апатты жағдайлардың алдын алу қажеттігін сезіндім. Төтенше, апатты жағдай өте көп болды. Қандай қызмет екенін, елге керек екендігін сол жерде жүріп сезіндім. Маған үлкен сабақ болды. Сол кезде, өңірде Асқар Исабекұлы әкім болатын. Көп ұзамай облыс басшысы мені қалаға тұрғын үй комуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы қызметіне шақырды. Ол жерде біраз қызмет істегеннен кейін, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін ұсынды. Ол жерде 2 жылға жуық қала әкімінің орынбасары болып, қала әкімі Арман Жетпісбаевпен қоян-қолтық коммуналдық жол, свет, газ , су, қаланы көгалдандыру мәселесін жолға қоюмен айналыстық. Одан кейін салық басқармасына қызметке ауыстым. Сол жақта жұмыс істеп жүріп, А корпусы ашылған тұста А корпусына құжат тапсырып, өттік. Өңір басшысы Асқар Исабекұлы шақырып алып, Отырар ауданына әкім болып баруды ұсынды. Мен келісімімді беріп, Отырар ауданында 2 жыл 7 ай жемісті қызмет еттім. Қаладағы жұмыс пен ауылдағы жұмысты салыстырсаңыз, қаладағы жұмыстың қазаны қайнап жатқан, ауылда не жұмыс бар десем, ол жерде де қайнап жатқан тірлік көп екен.
— Отырар ауданында қай мәселенің шешілуіне көңіл бөлдіңіз?
— Мен өзім ауылда өскенен кейін, таңертен ерте тұрам, жұмысты ерте бастаймыз. Ауданның экономикалық жағын зерттеп қарап, соны қалай көтеру керек екендігін, ауданның бұрын немен айналысқанын, келешегі қалай болатынын сол жердегі мамандармен ақылдасып, сол бағытта Елбасының жолдауы, өкіметтің беріп жатқан нақты бағдарламаларына сай тірлік атқардық. Қызылқұм бүгінгі Отырар ауданы Кеңестік кезде жүгері егумен аты шыққан бірден-бір аудан. Сол жүгеріні Егін шаруашылығы кеңестік кезде 25 мың гектарға дейін еккенін жұрттың бәрі біледі. Қазіргі жағдайы 5 мың-ақ гектардан аспай тұр. Жүгері алқабын көбейтуді мамандармен ақылдасып, бір тоқтамға келдік. Себебі, ең бірінші мәселе өндірген өнімді қысыменен сақтайтын қойма жоқ. Исі шығып, көгеріп кеткен өнімді ешкім алмайды. Содан соң, қалың жұрт жүгеріні екпей қойған. Бірінші мәселе, жүгеріні өңдейтін зауытты қолға алдық. Сол жерде жүгері өңдейтін зауытты салып, жүгерінің көлемін 7 мың гектарға жеткіздік. Қазіргі уақытта екінші жүгері зауыты салынды. Бұл дегеніміз келешекте жүгеріні көп егуге жол ашу. Ол үшін бітіп қалған бұрыңғы каналдардың барлығын тазалаттық. Күрделі жөндеу жұмыстарын жасадық. Соның арқасында жаңа 8 насостар сатып алынып, суармалы жердің көлемін көбейттік. Нәтижесінде жүгері алқабы көлемі 7 мың гектарға артты. Одан басқа, аудандағы жолдар, көпірлерді қалпына келтіруді қолға алдық. Мәдениет үйлерін, бала-бақшалар салдық. Жергілікті полиция бөлімдерінің отыратын жайлары бой көтерді. Отырар ауданының әкімі кезімде менің бағыма «Отырар ауданының 80 жылдығы» мен «Шәмші ағамыздың 85 жылдық», «Қазақ Хандығына 550 жылдық» торқалы мерекелері тура келді. Соны халықтың көңілінен шығатындай, тарихтың сырын тереңінен ұғатындай етіп жақсылап өткіздік. Академик Карл Байпақов, біраз ғалымдар келді. Сол жерде ғалымдар Отырар ауданының аумағында ашылғанынан құпиялары ашылмаған деректердің көп екендігі баса айтылды. Жерді қазсаң қойнауының барлығы тарих екендігіне тәнті болдым. Ауданда жүргенде облысқа тағайындалған Бейбіт Бәкірұлы облыстың құрлыс басқармасына қызметке шақырды. Осы жерде жұмыс істеп жатырмыз.
— Салхан мырза, құрылыс саласының қарқыны қай бағытқа өрбиді?
— Елбасымыздың тапсырмасы бар. Шымкент қаласын Республикадағы 3-ші қала ету. Жерлердің барлығын жекеменшікке беріп жіберген. Қала аумағы жайылып кеткен. 70 пайызға жуығы жеке үйлер. Бүгінгі таңда қаланың көрінісі көп қабатты зәулім үйлермен әдемі. Соған көбірек көңіл бөліп, облыстағы әлеуметік нысандар салынып, олардың архитектуралық нұсқаларын қарап, қалаға сәйкестендіріп жұмыс жасап жатырмыз. Әзір облысқа келгеніне 2 айдан асқан Жансейіт Қансейітұлы шетелді көп көргендігін, көп жерлерді аралағандығын білдіріп, Елбасы тапсырмасына орай нақты ұсыныстар белгілеп жатыр. Жеке үйлердің құрлысын тоқтатып, көп қабатты үйлерді салуға тапсырма беріп, қызу жұмыстар басталып кетті. Қазіргі таңда, қаланың даму концепциясын қарап жатырмыз. Одан кейін «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданайын деп жатыр. Онда: «Тұрғын үй құрлысын салуды ынталандыру, өкіметке банкілерден келесі жылдан бастап субсидия берілетіні» айтылған. Қазір банкілер жеке үй салуға 16-17 пайыздан несие беретін болса, енді келесі жылдан бастап оның 7 пайызын өкімет субсидиялайды. Демек, жеке салушы несиені 10 пайызбен алатын болады. Тұрғын үй жинақ банкілері арқылы, оның 5 пайызын үй салушы төлесе, қалғанын өкімет беріп жатыр. Мөлтек аудандарда тұрғын үйлерді бір архетектуралық стильде салу, қаланың сәнін келтіру сол бағдарламаның ішінде бар. Келешекте инфраструктурамен қамтылған сәулетті үйлер салынатынында дау жоқ.
— Сәке, Отан отбасынан басталады. Қайын жұртыңыз, құдай қосқан қосағыңыз, жанұяңыз жайлы айта кетсеңіз?
— Қарағанды институтын бітіріп келген соң, Шымкент қаласында туылған жолдасым Майрамен үй болдық. Оның отбасын «Металлургтер династиясы» дейді. Әкесі қорғасын зауытында көп жылдар цехтың бастығы болған. Зауыттың басшы құрамында жүрген қайын атам Сейдулла Мелдеқожаев, қайын енем Ханшайым сол зауыттың байырғы жұмысшылары. Қайын атамның әкесі Сейітхан Мелдеқожаев 1956 жылы КПСС-тің ХХ-шы съезіне делегат болған азамат. Қазақстанның компартиясының ХІІІ-ші съезіне қатысқан. Кемеңгер Қонаевпен етене араласып, дәмдес болған. Сол кісінің немересі біздің үйдегі Майра құдай қосқан қосағым. Ол мектепті алтын медальмен бітіріп, Жамбылдағы тамақ-өнеркәсібі институтын қызыл дипломмен тамамдаған білікті маман. Сөйтіп жұмыс істеп, бала тәрбиесімен қатар өзінің жұмысын да жемісті атқарып келеді. Үлкен ұлымыз Нұржан прокуратура саласында, кіші ұлымыз Дархан «Соутс ойл» компаниясында жұмыс істейді. Қызым Динара Қазақстан республикасы Парламентінің шаруашылық басқармасында қызметте. Отбасылы, Астана қаласының тұрғыны. Күйеубала Бақытжан қорғаныс министрлігінде жауапты қызметте. Үлкен ұлымыздан 4 немере, қызымыздан 3 шырын немерелеріміз бар.
— Салхан Сабырұлы, «Құрмет» ордені құтты болсын. Тәуелсіздіктің тұғыры ширек ғасырлық мереке мен үндесіп жатқан тұста қалың оқырманға айтар тілегіңіз?
— Елбасымыздың 25 жылда атқарған еңбегі айтып жеткізуге болмайтын ерен еңбек. Нұрсұлтан Әбішұлы 25 жылда біздің мемлекетімізді осындай биік дәрежеге көтерді. Ол кісі кеше 25 жылда үлкен баяндама жасады. Сонда ол: — Бір мен емес, алдымдағы осы Халқым болмаса, әріптестерім болмаса осындай дәрежеге жетерме едік,-деді ғой. Демек, 25 жылда жеткен жетістіктеріміз жайлы саралап айтты. Менімше, Елбасымыздың Астананы Сарыарқаның төріне апарып салуының өзі, бір керемет ерлік. Көзсіз батырлық. Елу алты мемлекетті Астананың төрінде тоғыстырғанының өзі керемет нарсе емес пе? Елбасымыз 25 жылдықта 50 елдің қатарына кірдік, ендігі 25 жылдықта 30 үздік елдің құрамына кіру деген «2050» бағдарламасын қойып отырғанының өзі көрегендік. Сол кісінің сыңдарлы саясатының арқасында біздің еліміздің жеткен жетістігі бүгінгі таңда өте керемет деуге келіп саяды. Оны біздің облыстан да көріп отырмыз. Облыста бұрын қандай жағдай еді, қазір қандай?! Тәуелсіздіктің 25 жылдығында 500 ден астам мектептер, 300-ден астам ауруханалар, 9 миллион шаршы метр тұрғын үйлер бой көтерді. Біз мойындауымыз керек, бұрын мұндай жетістіктер болған емес.
Елбасымыздың арқасында осындай дәрежеге жетіп отырған шақта, еткен еңбегімізді ескеріп, елеп орден беріп отыр. Елбасымызға, облысты басқарған азаматтарға шын жүректен шексіз алғысымды айтамын. Қызметті сеніп тапсырып, үдесінен азамат деп елегендеріне шексіз ризамын. Игі тірлігіміздің нәтижелі болуы сол кісілердің арқасы.
Елге тілейтінім осы 25 жылда біз тынымсыз да тыңғылықты еңбек етіп, үлкен дәрежеге жеттік. Осы бағыттан таймай, бұдан да оң тірліктерімізді көбейте отырып дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін тер төгуге шақырамын. Тәуелсіздігіміз құтты болсын, Жаңа жылымыз тек табыстар жылы, халқымыздың дені сау, ырысы мол, берекесі ынтымақпен баянды жыл болсын.
Қазақстанымыз алға қарай дами берсін!
Сұхбаттасқан Талғат САДЫҚҰЛЫ.