«АЛПЫСҚА ҚАЛАЙ КЕЛГЕНIМДI БАЙҚАМАЙ ДА ҚАЛЫППЫН»

276
1

 

Анарбек ОРМАН, «Ақ жол» демократиялық партиясы ОҚО филиалының төрағасы:

«Бiздiң сұхбат» айдарының бүгiнгi қонағы —  «Ақ жол» демократиялық партиясының Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Анарбек ОРМАН. Анарбек мырза – кәсiпкерлiк пен саясатты бiр-бiрiмен ұштастыра бiлген ел ағасы. Елiмiздiң ең жоғары марапаты — «Парасат», «Құрмет» ордендерiнiң иегерi, Шымкент, Түркiстан қалаларының, Бәйдiбек, Зайсан (Шығыс қазақстан облысы) аудандарының Құрметтi азаматы. Әсiресе, Оңтүстiк үшiн атқарған еңбектерi бiр төбе. Анекең – Шымкент қаласын бiр емес, екi рет басқарған әкiм. Ол әкiм болып қызмет атқарған жылдары қалада тың жобаларды жүзеге асырып, өзiнiң салмақты бастамаларымен Шымқаланың тарихында өзiндiк қолтаңбасын қалдырды. Ағымдағы жылдан бастап «Ақ жол» партиясының Оңтүстiктегi филиалын абырой биiгiмен басқарып келедi.

— Анарбек аға, күнi кеше ғана алпыс жасқа толдыңыз. Алпыс құтты болсын! Бұл жасқа қалай жеттiңiз?

— Шерхан Мұртаза ағамыз «Алпыс – тал түс» деп бекерге айтпаған. Шынымды айтсам, өзiмнiң алпысқа қалай келгенiмдi байқамай қалдым. Өйткенi, қыруар жұмыс, соның iшiнде, кейбiр ойда жүрген, балалық шақта армандаған жетiстiктерге қол жеткiзе бiлдiм. Үлкендерден тәлiм-тәрбие алып, кiшiлерге мейiрiм жасап, еңбек етiп жүрiп, алпысқа жасқа келiп қалыппын. Бұл алпыс дегенiңiз – ел ағасының жасы. Менi «алпыс келгенше қандай жұмыс тындырдым?» деген ой мазалайды. Абай Құнанбаев атамыздың айтқан сөзi бар ғой «Жасымда ғылым бар деп ескермедiм, пайдасын көре тұра тексермедiм» деген. Ақын атамыз айтпақшы, өзiм жастайымнан күндiз жұмыс iстеп, кешқұрым оқыдым. Су саласының мамандығын таңдап, бiрқатар жетiстiктерге жеттiм.

— Жұрт сiздi су шаруашылығының бiлгiр маманы деп мақтайды. Бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды?

— Мен оқу оқып жүрiп, жәй жұмысшыдан, аға инженер қызметiне дейiн көтерiлдiм. Ташкент қаласындағы ең үлкен су арнасы мекемесiнде аға инженер болып қызмет iстедiм. Аталмыш мекемеге жаңадан кiру оңай емес, осы сала бойынша жинақтаған тәжiрибемнiң арқасында қызметiм бiршама көтерiлiп қалған-ды. Әлi есiмде, күндiз жұмыста iстеген тiрлiгiмдi, кешкiсiн сабаққа барып оқитынмын. Студент кезiмде, жұмыстағы су сорғысы қондырғыларын өз көзiммен көрiп, оны тәжiрибе жүзiнде қолданып жүрдiм. Су құбырларының ағымдағы күрлелi жөндеу жұмыстарына түгел қатысатынмын. Мен су және канализация жүйесi мамандығын «бес» деген бағамен бiтiрiп шықтым. Кеңес үкiметi кезiндегi тәжiрибенi елiмiздiң жоғары оқу орындарында пайдалануымыз керек. Сол кездерi оқу жүйесi дұрыс шешiлген деп ойлаймын. Кешкi оқу бөлiмдерiн ашу керек. Сонда жастарымыз күндiз жұмыс iстеп, кешкiсiн бiлiм алса, маман мәселесi мен жұмыс орны өздiгiнен шешiмiн табар едi.

— Сiздерде шешiмiн таппай жатқан қандай  мәселелер бар?

— Қазiргi таңда Шымкент қаласының су жүйесiн жөнге келтiрiп отырмыз. Басында бiзде шешiмiн таппай жатқан мәселелер болған, сол себептi әлемдегi су шаруашылығы саласындағы озық технологияларды, өзiмiздiң кәсiпорында қолданудың арқасында аталмыш қиыншылықтарды жеңiп шықтық. Уақыт өте келе, жоғарыдағы мәселелер өз шешiмiн тапты. Бүгiнде республикамыздың төңiрегiнде бiздiң су және канализация басқармасы үлгiлi мекеме ретiнде танылып келедi. Өңiрдегi елдiмекендердi таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесiнде «Су ресурстары маркетингi» серiктестiгi республика бойынша үлкен жетiстiкке жетiп отыр. Үкiметiмiз арнайы бағдарлама қабылдап, бiздiң мекеменiң тәжiрибесi бүкiл республикаға енгiзiлсiн деген бағдарлама қабылдады.

Өзiңiз бiлесiз, 1996-2000 жылдар аралығында бiздiң елде өте күрделi кезең қалыптасты. Ол кезде экономика құлдырап, зауыт-фабрикалардың жұмысы тоқтап қалды. Адамдардың көбiсi жұмыссыз жүрдi. Жалақы мен зейнетақы жылдап кешiктiрiлетiн. Қаламызда электр жарығы, жылу, «көгiлдiр отын» жоқ болатын. Сол жылдары халық өте қатты қиналды. Өзiм сол кездерi Шымкенттегi су саласын басқарып отырдым. Құдайға шүкiр, қиын кезеңдерде халыққа бiр сағат болса да, таза ауызсуды үзген жоқпыз. Мiне, бұл аз да болса, дұрыс қадамдардың арқасы деп ойлаймын. Одан берi де мемлекеттiк қызметте жұмыс атқардым. Алты жарым жыл Шымкент қалалық әкiмдiгiнде iстедiм. Әуелгiде, қала әкiмiнiң орынбасары болып, одан бiрiншi орынбасарлыққа жоғарылап, кейiннен Шымкент қаласының әкiмi болып қызмет атқардым. Әкiм болып жүргенде бiрталай тiрлiктердi халық үшiн жүзеге асырдым. Қаланың қақ ортасында орналасқан базарды шаһардың шетiне көшiрiп, оның орнына тұрғындар демалатын саябақ салуға мұрындық болдық. Қазiргi таңда саябақта жыл сайын Шәмшi Қалдаяқов ағамыздың фестивалi өтiп келедi. Сол кездегi облыс әкiмi Өмiрзақ Шөкеевпен Қошқарата өзенi бойынан гүлзар салып, басынан аяғына дейiн халық серуендейтiн демалыс орнын салмақшы едiк. Оның перспективалық жобасын жасап, оны өмiршең етудiң жолдарын қарастырып қойған болатынбыз. Өкiнiшке қарай, бастаған жұмысымызды ақырына дейiн жеткiзуге мүмкiндiк болмады. Бiзде негiзiнен облыс әкiмi ауысса, қала әкiмi де ауысатын ауру бар. Жаңа команда келгеннен кейiн ол кiсiлердiң ойында басқа таңдау болды. Олар сол жұмысты аяқсыз қалдырмаулары керек едi. Қазiргi билiк басында отырған азаматтар сол iстердi қайта қолға алып жатса нұр үстiне нұр болар едi. Қошқарата өзенiнiң бойында орынсыз салынған ғимараттар мен үйлер бар. Олардың иелерiмен келiсiмге отырып, бiзде өзен маңын үлкен гүлзарға айналдырсақ деген мақсат болды. Бұған мемлекеттiң қаржысын жұмсаудың қажетi жоқ, керек десеңiз, бұл жоба көп қаржыны да керек етпейтiн. Өзеннiң бойынан саябақ, асхана, дүкен салуға болады. Осындай жолмен, мемлекеттiң қаржысын ысырап етпей, жеке инвесторларды тартуға мүмкiндiк бар болатын. Өмiрзақ Естайұлымен осы мәселенi талқылап, жұмысқа кiрiсiп жатқан кезде, ол кiсiнiң қызметi жоғарылап, Астанаға кеттi. Сонымен бұл жоба аяқсыз қалды.

— Өзiңiз басқарып отырған мекеменiң бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi жайлы айтып өтсеңiз. Сiздерге мемлекет бюджетiнен су шаруашылығына жыл сайын қанша қаржы қаралған?

— Бiздiң мекеме бюджеттен бiр тиын да алмайды. Қайта мемлекетке салықтың есебiнен жылына 200 миллионға жуық қаржы төлеймiз.  Ал, ендi, елiмiздiң басқа қалаларында жыл сайын су шаруашылығына бюджеттен миллиардтаған қаржы  бөлiнедi.

Көршi облыстарда әзiрге су жүйесi заманауи тәсiлге көшкен жоқ. Қазiргi кезде бiздiң барлық тұтынушыларымызда су пайдаланушылар 100 пайыз су есептегiш құралдармен қамтамасыз етiлген. Көпқабатты үйлер мен мекемелердiң  барлығына дерлiк арнайы қондырғылар орнатылған. Қарапайым халық тек тұтынған суларына ғана ақша төлейдi. Орта есеппен алғанда, адам басына шаққанда 100 литр суға ғана төленедi. Басқа аймақтарда, мәселен, Астана мен Алматы, Қарағанды секiлдi қалаларда су өлшеуiш құралдары 100 пайызға қамтылған жоқ. Бұл жөнiнде Үкiметтiң арнайы тапсырмасы бар. Елiмiздiң басқа аймақтарындағы әрiптес кәсiпорындар неге бiздiң қол жеткiзген жетiстiкке жете алмайды? Белгiленген норматив 230 литр, олар жоғарыда көрсеткен есеппен мемлекеттен қаржы алады. Өзге аймақтардағы су арнасы мекемелерi бiздегi тәжiрибенi пайдаланып, жаңа технологияға өтетiн болса, онда олардың шығындары едәуiр азайып, өзiне де, мемлекетке де пайда әкелетiн едi. 230 литрдi бiр адамға шаққанда, одан халық екi есе зиян шегедi. Төмен төлемақы көрсетiлген қызметке, тек Шымкент қана, су және канализация қызметiне (кейбiреулер, мұны тариф деп айтады) өзiмiздiң жерлестерiмiздiң қалтасынан шығып жатқан төлемақының берiлгенiн есептеуiмiз керек. Осы төлемақыда көрсетiлген қызметке Шымкент қаласының тұрғындары республика бойынша ең төмен қаржы төлейдi. Мекемемiз мемлекеттiк бюджеттен бiр тиын алмайды, ал, елiмiздiң басқа қалаларында бюджеттен су арнасы кәсiпорындарына жылына миллиардтаған қаржы бөлiнiп жатыр. Онын пайдасын кiм көрiп жатыр? Республика бойынша таза ауызсу бағдарламасы басталғаннан берi 500 млрд. теңгеге жуық қаржы кеттi. Қай жерде осы жоба 100 пайыз жұмыс iстеп жатыр? Су жiберiп, қазiргi кезде одан табыс тауып жатқан мекемелер бар ма? Жоқ. «Табыс тауып жатыр» дегендi бiзде естiмеймiз. Үкiмет әкiмдерге тапсырма берген кезде, жеке инвесторлармен жұмыс iстеп, жеке секторларға қатты көңiл бөлгенi жөн. Бiздiң мекемемiз 1996 жылдан берi үлгiлi су басқармасы болып, жемiстi жұмыс атқарып келдi. Жаңа технологияның бәрi бiзде толық орнатылған. Мекемедегi су сорғыш қондырғыларын Германия, Швеция, Қытай сияқты мемлекеттерден сатып аламыз. Ол елдерде жасалынған сорғылар электр қуатын аз алады, автоматты түрде жұмыс iстей бередi. Құбырларды жаңартып жатырмыз.

— Қазақстандық банктердiң несие беру саясаты сiздiң көңiлiңiзден шығады ма?

— Негiзiнде шықпайды. Оның өсiмi өте жоғары. Бiздiң мекемемiздi дүние жүзiндегi барлық iрi компаниялар бiледi, интернеттегi сайтымыз арқылы, еуропалық компаниялар мекемемiздi көрiп, бiздi iздеп, өздерi келiп жатыр. Шетелдiк компаниялар бiздiң жұмыспен жiтi танысқан соң, бiзге кепiлсiз, 5 пайыздық мөлшермен несие бердi. Олар бiр жыл мекемемiздiң  жұмысымен танысып, зерттедi. Жұмысымыз Еуропалық даму және қайта құру банкiнiң көңiлiнен шыққан соң, бiзге кепiлсiз несие берiп отыр.  Несиенiң бiрiншi кезеңiнде 10 миллион евро алсақ, екiншi кезеңде 20 миллион евро алдық. Олар тек жаңа технологияны қолдайды. Неге өзiмiздiң жергiлiктi отандық банктер 15 пен 20 пайыз аралығында несие бередi? Бiр жылдың iшiнде 30 пайызбен қайтаратындары да бар. Бұл деген халықты қанау ғой. Неге бiздiң халыққа отандық банктерiмiз Еуропалық қайта құру және даму, Ислам банкiлер секiлдi 5-6 пайызбен несие бермеске?!

— Анарбек аға, қолжетiмдi тұрғын үй, қолжетiмдi баспана жайлы не айтасыз? Үкiметтiң осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары көңiлiңiзден шыға ма?

— Қазiргi кезде үлкен проблема болып отырған несие мәселесiн шешуiмiз керек. Қолжетiмдi баспана, қолжетiмдi тұрғын үй, спорт мәселесiне қатты көңiл бөлiнiп жатыр. Елбасының көреген саясатының арқасында елде көптеген iс-шаралар атқарылуда. Өткенде маған құрылысшылар қауымдастығының президентi Амангелдi Бердаш келiп, жоғарыдағы мәселе бойынша өз ренiшiн айтып кеттi. «Мен өз қаржыма балабақша салдым. Әкiмшiлiкке айтып, өзiм салдырған балабақшаны жалға алыңыздар немесе сатып алыңыздар, мемлекеттен әр балабақшаны салуға кетiп жатқан қаржы бар ғой, соның деңгейiнде маған ақша шығарып берiңiздер, мен сiздерден көп қаржы сұрамаймын, жұмыстарымның шығыны есебiнен менен жалға алыңыздар десем, олар «бiзге балабақша керек емес, өзiңiз аштыңыз, өзiңiз жүргiзiңiз» дейдi. Амангелдi құрылысшы, инвестор ғой. Осындай түсiнiксiз жағдай болғанын мен құптамаймын. Сол үшiн инвесторларға айту керек «Айналайындар, қолжетiмдi үйлер, балабақша, спорт алаңдарын салыңдар» деп. Инвесторлардың керектi суын, газдын,  жарықтың, жолын, телефонын, канализациясын, инженерлiк инфрақұрылымды тартып беретiн болса, бүгiнде сол инвесторлардың көмегiмен осы мәселенi шешуге болады. Мұны әкiмдер де бiлуi керек. Сонда әкiмдер жақсы жерлерге инвесторларды жинап, қолжетiмдi үй салса, сол үйiнiң 50 пайызын әкiмшiлiкке, 50 пайызын өздерiне қолайлы  бағамен беруi қажет. Болмаса, «Сендер құрылысты жүргiзiңдер де, осы үйдi бiзден жалға алыңдар. Үйiңдi бiзге 10 жылға бер, бiз 10 жылда құтыламыз, сенен сатып аламыз, сосын баспанасыз жүрген көпбалалы аналар мен зейнеткерлерге пайдалана тұруы үшiн беруге болады. Спорт алаңдарын да солай етуге болады. Осындай озық тәжiрибенi бiз ендiруiмiз керек. Германия мемлекетiнде мен көп болдым. Ол жерде әлеуметтiк жағдайы өте төмен, жұмыс iстемейтiндерге мемлекет тарапынан көмек берiледi екен. Оларға уақытша пәтер бередi, қашан жұмыс тауып, өзiңмен-өзiң болып кеткенше. Мысалы зейнеткерлер немесе соғыс ардагерлерiнде пәтер жоқ. Оларға сатып берудiң қажетi шамалы. Сол үшiн бiз инвесторлардың көмегiн пайдаланғанымыз жөн. Одан кейiн техникалық байқау мәселесi. Жылда жұрттың бәрi айтады «Техникалық байқаудан өтуiм керек» деп, ал, ендi өту үшiн барсаң, өте алмайсың, оның үстiне ақша беру керек, осы мәселенiң кiмге керегi бар?! Одан да «бармақ басты, көз қыстымен» қолына қыстыратын қаржыны өзiнiң автокөлiгiне жұмсамай ма?! Сол үшiн мынау өзiмiз жүргiзiп жатқан техникамызды дер кезiнде жөндеуiмiз керек, бiз соған сенiмдi болуымыз қажет. Көптеген мемлекеттер «техникалық байқау» дегендi бiлмейдi, ал, бiзде автокөлiктерiнiң арқасында күн көрiп жүргендер бар. Жолда жол полициясы ұстап, «техникалық байқаудан өтпепсiң» деп пәленбай мың айыппұл салады. Осындай жағдайдың бiзге керегi бар ма?!

— Сiз қаншама iрi лауазымды қызметтер атқардыңыз. Жалпы, мемлекеттiк қызмет пен партияның айырмашылығын сезiне алдыңыз ба?  Шыныңызды айтыңызшы, «Ақ жол» партиясы сiзге не үшiн қажет болды? Бұл партияға келуiңiздiң айтарлықтай бiр себептерi бар ма?

— «Ақ жол» — кәсiпкерлердiң партиясы. Қазiргi кезде Үкiмет адамдардың бәрiн жұмыспен қамти алмайды. Оған мүмкiндiгi жоқ. Кәсiпкерлер қаншама мыңдаған адамға жұмыс берiп отыр. Мемлекет орта және шағын бизнестi дамыту керек. Оларды қолдау қажет. Осы салада Перуашев мырзаның iстеп жатқан тiрлiктерi маған ұнады. Көптен берi ол кiсiнiң iстеген жұмыстарымен таныспын. Маған «Ақ жол» партиясының ОҚО филиалын басқаруға ұсыныс түскенде өз келiсiмiмдi бердiм. Жаңағы, жоғарыда айтып өткен мәселелердiң бәрi осы партияның, Перуашев мырзаның депутаттық сауалдарында көрiнiс тапқан. Ол сауалдар Үкiметкеде жолданған болатын. Бiздiң ұйым халыққа жақын болу мүддесiн шешiп жатса, нұр үстiне нұр болады. Жаңағы мен айтып өткен кiсiлердiң бәрi халықтың көңiлiне қонатын, халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған ұстанымда екенiн айтқым келедi. Бiз айтпасақ, ол мәселелердi көтермесек, ол сол қалпында қалып кете бередi. Дағдыға айналып кетсе, түзеу өте қиын болады.  Халық тарапынан «Ақ жол» партиясына келiп түскен ескертпелердiң барлығын талдап, оны тиiстi орындарға ұсынатын боламыз. Мiне, осындай бағдарлама бiздiң «Ақ жол» партиясында бар.

Осы  бағытта жұмыс iстейтiн болсақ, бауырларымызға, халқымызға бiр көмегiмiз болар деп ойлаймын. Бiр ғана, «Ақ жол» емес, «Нұр Отан», Комунистiк  партиялардың бәрiнде  халық үшiн, оның әлеуметтiк жағдайын жақсарту жолындағы бағыт-бағдар бар.

Мұны орындау үшiн жұмыстың көзiн табу керек. Парламентте отырған халық қалаулылары дұрыс түсiнiп, заңға өзгерiс енгiзсе, сонда ғана бұл мәселе түзеледi. Жұмыстың көзiн тауып, заңды түрде халыққа жағдай жасайтын болсақ, сонда партияның мақсаты орындалғаны. Бiз ақты ақ деп, қараны қара деп айтуымыз керек.

Үкiметтiң билiк басшылығындағы қызметкер азаматтар мен  кәсiпкерлер арасында ынтымақтасып, жұмыс iстейтiн болса, экономикамыз өрлеп, табыс көздерi көп болары анық.  Қазақстан Еуропаның, Жапонияның, Кореяның деңгейiне жетуi де мүмкiн. Бiзде жалпы iшкi өнiм адам басына шаққанда 2011 жылғы мәлiмет бойынша – 12 000 долларды құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткiш 15 000-нан 30 000 долларға дейiн. Бiз әлеуметтiк жағдайымыз бойынша Еуропаның деңгейiне жеттiк пе? Жоқ. Алты есе төмендемiз. Бұл жағдайлардың бәрiне Үкiмет түсiнiстiкпен қарап, нақты шешiм қабылданса, жаңағы айтқан проблемалардың бәрiн шешуге қол жеткiзген болар едiк.

— Анарбек аға, сұхбатымыздың соңында отбасыңыз жайында айтып өтсеңiз.

— Мен ауылда өстiм, көпбалалы шаңырақта дүниеге келдiм. Мектептен келе салысымен әкем менi еңбекке баулып өсiрдi. Жас балалар сияқты ойнауға да уақыт болмады. Егiн егiп, қой бақтым. Таңертең ерте тұрып, малдарға қарау керек. Сол кезде ойлайтын едiм «Әкем қандай адам? Бiзге соншалықты ауыр жұмыс iстетедi, бұл – неге бiтпейтiн тiрлiк?» дейтiнмiн. Әкем мұғалiм болып iстеген. Ұлы Отан соғысына қатысып, бiр қолын берiп келген. Сонын зардабы шығар, өмiрден ерте өтiп кеттi. Өзiмнiң отбасым жайлы айтсам, жұбайымның есiмi – Гүлнар. Оған рахмет! Бала-шағамды өсiрiп, оларға саналы тәрбие бердi. Ердi танытатын да – әйел. Құдайдың  берген ұл-қыздары бар, бәрi отбасылы. Ата-ананың арманы бала шағасының қызығын көрiп, өз арбасын өзi сүйреп кетсе,  ең бақытты сәт сол деп ойлаймын. Мен — бақытты әкемiн!

 — Сұхбатыңызға рахмет!

Схбаттасқан Талғат БАЛТАБАЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сiз не дейсiз?

 

Уәлихан БИШIМБАЕВ, ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты:

– Мен Шымкент қаласына 2001 жылы келдiм. Анарбек Орманды сол уақыттан берi танимын. Бизнесте де, мемлекеттiк қызметте де жолы болған жiгiт. Әйтпесе екi мәрте Шымкент қаласының әкiмi болу дегенiңiз әркiмнiң маңдайына бұйыра бермейтiнi хақ. Одан Ауыл шаруашылығы министрлiгiне қарасты Су ресурстары комитетiн басқарды. Астана көрдi. Бұл да – үлкен мәртебе. Кәсiпкер ретiнде дүйiм жұртқа танымал. Қаншама жылдан берi Шымкенттiң су арнасы жүйесiн тiзгiндеп келедi. Жүрегiндегi иманының күштiлiгiнен шығар, жамағат Аллаға мiнажат ететiн зәулiм мешiт салдырды.

 

 

 

 

Сiз не дейсiз?

Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты:

– Анарбек Орман жақында ғана «Ақ жол» партиясының Оңтүстiк Қазақстан облысындағы филиалының төрағасы болып сайланды. Және ол тектен-тек емес. Себебi, Анекең – елге сыйлы, көптiң көңiлiнен шығып жүрген азамат. Оңтүстiк жұртшылығы оны сауатты кәсiпкер ретiнде де жоғары бағалайтынын бiлемiн. «Ақ жол» партиясы бiздiң басымызды қосқандықтан, қазiргi таңда өте тығыз қарым-қатынаста еңбек етiп келемiз. Маған Анарбек Оңғарұлының жұмыс iстеу стилi, ұйымдастырушылық қабiлетiнiң мығым екендiгi қатты ұнайды. Уәдеге берiк. Сөзi салмақты. Ойланып сөйлейдi. Қоғам қайраткерi дәрежесiне көтерiлген азамат. Ал, «Ақ жол» партиясының Оңтүстiктегi филиалын қолға алу арқылы үлкен саясатқа бет бұрып отыр.

 

 

 

Сiз не дейсiз?

 

Әбдiғани ТАШҚАРАЕВ, Қазақстанның Құрметтi құрылысшысы, Шымкент қаласының Құрметтi азаматы, АҚШ Калифорния штатының Құрметтi заматы:

– Анарбек   Орманды Ташкенттен қоныс аударған кезiнен берi бiлемiн. Сол жақтан келiп, Шымкент қаласының су арнасы мекемесiнде еңбек еттi. Өзiмiздiң көз алдымызда өстi. Өте зерек, өз тiрлiгiне ұқыпты, жауапкершiлiкпен қарайды. Су шаруашылығы бойынша өте сауатты маман. Адамгершiлiгi мол. Үлкендi үлкендей, кiшiнi кiшiдей сыйлай бiледi. Қызметте баспалдақтармен көтерiлдi: Су арнасында бас инженер, бастықтың орынбасары болуы – өзiнiң маңдай терi. Кейiннен аталмыш кәсiпорынның басшысы зейнетке шыққан соң, соның орнын басты. Әрине, өзiнiң iскерлiгi мен бiлгiрлiгiнiң, iзденiмпаздығының арқасында. Әйтпесе, әлi есiмде, басшылық лауазымға Анарбектен бөлек тағы екi азамат үмiткер болған. Мен ол кезде горкомның хатшысымын. Бiр орыс, бiр еврейдi шаң қаптырып, Анарбек бауырым конкурстан оқ бойы озық шықты. Мiне, содан берi қаланың су арнасы жүйесi – Анарбек Орманның қолында. Бiздi ешқашан ұятқа қалдырған емес. Орайы келгенде айта өтейiн, баяғыда Шымкентте ауызсу өте тапшы болатын, тiптi, шiлденiң кезiнде сусыз отыратынбыз. Ал, Анарбек келгелi, судан проблема жоқ. 2020 жылға дейiн Шымкентте ауызсуға деген зәрулiк туындамайды. Су арнасы жүйесiн содан кейiн барып бiраз кеңiту қажет етiледi. Әрине, оған бiраз қаржы керек. Жетi-сегiз жылдың iшiнде әжептәуiр аяққа нық тұрып алатынына сенiмдiмiн.