«ӘКЕМ САЛҒАН САРА ЖОЛ СЕРПІН БЕРЕДІ»
Биыл М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының «Парасат» колледжіне 15 жыл толып отыр. Алғаш негізі қаланған кезде аталған оқу орнының көптеген орталарда мойындалып, оза шабатынына күмәнмен қарағандар көп болды. Бірақ бұл осы білім ордасының қалыптасуы жолында өзіндік қолтаңба қалдыра білдірген Марат Сапарбаевты жасытпады. Керісінше ерекше ерік жігер берді. Оқу орны басшысының ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен ата-ана тәрбиесінде болуы, одан соң өзі де сол салада бірнеше жыл еңбек етуі білім ордасын басқарудағы іскерлігін ерекше шыңдай түсті. Нәтижесінде оқу орны облыста өзіндік орны бар білім ордасына айналды. Бүгінде ол жерде 1600-ге жуық жас маманның білім алуы осы сөзімізге дәлел. Жуырда үлкен сұранысқа ие мамандарды даярлайтындығымен ерекшеленетін оқу орнының президенті Марат Сапарбаевпен тілдескенімізде ол бізге алдағы жоспарымен бөлісіп, көкейге қонымды көптеген дүниелер айтты.
—Сіз еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан ғалым, профессор, қазақ спортының өсуіне көп еңбек сіңірген, талай сайыпқырандарды тәрбиелеген Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевтың соңынан ерген тұяғысыз. Бұл көпшілікке мәлім. Ол өзінің өнегелі өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнады. Бүгінде Сіз де осы жолда еңбет етіп келесіз. Бұл жүрек қалауыңызбен таңдалған іс пе, әлде әке салған сара жолды жалғау деген ниет пе?
—Ұстаздық ету жас ұрпақтың білім алуына жағдай жасауды өзім шын көңілмен қолға алдым. Жалпы қазақ халқында әке салған сара жолды жалғау қасиетті іске теңеледі. Мұндайда адамдар «өзі кетсе де, көзі қалды» деген осы екен-ау, бәрекелді» деп сырттай тілектес болып жатады. Сол ілтипат әке кіндігінен тараған ұрпақтың өсіп-өнуіне үлкен жол ашады екен. Бүгінде асқар тау әкем іргесін қалап кеткен М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын анам Гүлшара Сәрсенғалиқызы, ал өзім аталған институт жанынан ашылған «Парасат» колледжін басқарып келеміз.
—Марат Марданұлы, біздің елімізде оқу орнына түсуде жастарға кең таңдау жасалған. Оқу орындарының саны жағынан көптеген мемлекеттермен салыстырғанда алдыңғы қатардамыз. Яғни бәсеке көп. Осы ретте өзіңіз басқарып отырған «Парасат» колледжінің артықшылықтары мен қандай мамандықтар бойынша жастарды оқуға шақыратыны жайында айтып өтсеңіз.
—Білім ордасына берілген мемлекеттік лицензия негізінде біз бастауыш білім беру, қаржы (салалар бойынша), есеп және аудит (салалар бойынша), кәсіптік оқыту (салалар бойынша), негізгі орта білім (қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі), құқықтану, аударма ісі (түрлері бойынша) және тағы басқа мамандықтар бойынша білім береміз.
Жалпы қазіргі таңда мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, туризм саласы, дизайн, сәндік қолданбалы және халықтық кәсіпкершілік мамандары (ағаш шебері) үлкен сұранысқа ие екені көп жерлерде айтылып та, жазылып та жүр. Бұл мамандықтар бойынша біздің колледж біліктілік беретінін ерекше мақтанышпен айтқым келеді.
—Марат аға, «мамандықтың бәрі жақсы» деген сөз бар. Десек те сіз бөле жара айтып кеткен ол мамандықтардың ерекшелігі, келешегі қандай? Осы жайында тарқатып сөз қозғасаңыз.
—Біздің облыс республикадағы өзге аймақтармен салыстырғанда халқының саны көптігімен ерекшеленеді. Бұл қуанарлық жағдай. Елімізде дүние есігін ашатын қара домалақтардың саны жыл сайын артып келеді. Олардың көпшілігі Оңтүстік Қазақстанда туылады. Осыған орай соңғы жылдары аймақта балабақшалар көптеп салынуда. Бір ғана Оңтүстік Қазақстанда қазірдің өзінде 1400-ден астам мектепке дейінгі мекемелер бар. Бұл көрсеткіштен-ақ облыста ұрпақ тәрбиесін лайықты жүргізетін мамандарды оқытып, оларға сапалы білім беру қажеттігі туындап отырғанын түсіну қиын емес. Сонымен қатар, бізде қонақ үй шаруашылығында қызмет көрсетуді ұйымдастыру мамандары дайындалады. Біздің елде қонақ үйлер өте көп. Және құрылысы жыл сайын қарқын алып келеді. Дегенмен де сол жерде Сізге қызмет көрсетіп жатқан адамдардың барлығы өз ісінің шебері деп айту қиын. Алдағы уақытта олардың барлығының да сапаға жауап беруі қолға алынады. Сонда ондағы мамандарға да көп көңіл бөлінеді. Сондай сәтте талап деңгейінен табылу қажет. Бұл мамандықты игерудің маңызы да осында. Жалпы қонақ үй сервисі туризм саласының жетекші факторы мен негізгі базасы болып табылады. Сондықтан болса керек өзге дамыған елдерде бұған аса мән берілген. Ал біздің мемлекетімізде оны дамыту жағы енді қолға алынып келеді. Қызмет көрсету маркетингін терең меңгеріп, оны басқарудың қыр сырын біліп алсаңыз жерде қалмайсыз. Дизайн кәсібін игергендерге де қазір сұраныс өте көп.
Қазақстанда үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында өндіріс өркен жайып, түрлі өнімдер мен тұтыну заттарын жасап шығаратын кәсіпорындар ашылып жатқаны белгілі. Сондай зауыттар, фабрикаларда және тағы басқа көптеген орындарда сәндік қолданбалы өнер және халықтық кәсіпкершілік біліктілігі бойынша білім алған жандарға есік әрдайым айқара ашық болатынын есте сақтаған абзал.
—Оқу орнында студенттердің сапалы білім алуына жасалған мүмкіндіктер қандай?
—Колледж негізгі және орта жалпы білім базасымен күндізгі және сыртқы оқыту нысандары бойынша мамандар дайындайды. Оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Біз 2012-2013 оқу жылында жоспарлы мемлекеттік аттестациядан жақсы көрсеткішпен өттік. Бітіруші түлектерге мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі. Колледжде кәсіби білім беру мен жеке тұлғаны қалыптастыру жұмысы жолға қойылған. Бұл әрбір жас ұрпақтың логикалық ой өрісін, зейінін, қиялын дамыту арқылы жүзеге асырылады. Жалпы бізге ақылмен ойлап, жүрекпен түсініп, өз қолымен жүзеге асыра алатын жеке тұлға қажет. Оқушының бойындағы оқуға деген ұмтылыс пен білімге қызығушылығын жойып алмай, оны үнемі парасаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, білімді етіп қалыптастыру – колледж оқытушыларының басты мақсаты.
Колледж оқытушыларының педагогикалық шеберлігін және біліктілігін көтеру бағытында біз оларды жүйелі түрде Алматы қаласындағы «КжТБ педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін көтеру», «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталықтарына» жіберіп отырамыз. Колледж студенттері «Үш тілділік – ел саясаты», «Парасат керуені» атты пәндік олимпиадаларына, интеллектуалдық, іскерлік ойындарға, шығармашылық есептілік көрмелерге, шеберлік сабақтарына, жарыссөздерге, дефиле-шоу-сән үлгісі мен әдеби кештерге белсене қатысып келеді. Өз кезегінде бұлардың барлығы да олардың тұлғалық қасиетінің қалыптасуына ықпал етеді. Кытай тілін үйренемін деп ниет танытқандарға тегін қытай тілі курсы ұйымдастырылған.
2011 жылы «Study Inn» ЖШС халықаралық білім беру ұйымымен жасалынған келісім шарт негізінде колледж оқушылары шетелдік ірі колледждерде қосымша білім алуға қол жеткізді. Біріктірілген семинарлар, тренингтер, білім жобаларын іске асыру осы ұйымдар арқылы ұйымдастырылады. Оқушылардың өндірістік тәжірибесін жоғары деңгейде өткізу үшін облыстағы іргелі кәсіпорындармен келісім-шарттар түзілген. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын орындау мен оқу үрдісін өз деңгейінде ұйымдастыруға колледждің материалдық-техникалық базасы толық мүмкіндік береді. Оқу ғимаратында дәріс аудиторияларынан бөлек, болашақ кәсіби шеберлікке машықтануы үшін «криминалистикалық полигон», «дисплейлік сынып», «киімді жобалау мен модельдеу», «көркем сурет», «балбөбек» атты шеберханалар қарастырылған. Кітапхана қоры мен оқулықтар да жетерлік.
—Сіздің өмірдерегіңізден алғаш еңбек жолын өзіңіздің әкеңіз іргесін қалаған институтта оқытушы болып бастағаныңызды білуге болады. Одан соң декан орынбасары болғансыз. Кейін бірден колледжді басқарып кеттіңіз. Бұдан бөлек жауапкершілік жүгі ауыр – Шымкент қалалық мәслихатының депутаты міндетін абыроймен атқардыңыз. (2012-2016ж.ж). Сізге тапсырылған қызметті орындауда кімдерден кеңес аласыз?
—Өзім ұстаздар отбасында дүниеге келдім. Әкем де, анам да ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен кісілер. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп тегін айтылмаған. Ол кісілер жай уақытта да маған көңілге түйгенін, көріп-білгенін айтып отыратын. Мейлінше зер салып тыңдайтынмын. Ол кісі айтқан өсиеттердің барлығы бүгінге дейін маған дұрыс бағыт-бағдар беріп келеді. Кезінде әкем айтқан ақыл, ол берген кеңес қазірге дейін мені тура жолдан тайдырмай келе жатқандай болады. «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» деген осы болар? Өмірде ардақ тұтатын абзал адам ол – әкем болған. Қазіргі таңда қолдаушым да, қажет кезінде кеңесетін де адамым – ол асыл анам болып табылады.
Әкем жастарға жәрдем беруді жаны сүйетін. Спортқа бейім талай өскелең ұрпақтың бойындағы шеберлікті шыңдап, оның талант кемесінің қайырламауына барынша үлес қосты. Қаншама спорт шеберін, қаншама елге еңбегі сіңген жаттықтырушыларды дайындап шығарғаны соған дәлел. Өзім өскелең ұрпақты жаттықтырмасам да олардың спортта нағыз сайыпқыран болуына өзіндік үлес қосып келе жатқан жайым бар. Мәселен, біздің оқу орнында оқушыларымыздың спортқа деген қабілетін әрі қарай дамыту мақсатында, және жастарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу бағытында түрлі спорттық секциялардың жұмыс істеуі жолға қойылған. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған «Марс» спорттық кешені, жаттығу залы, жүзу бассейні оқушылардың пайдалануына берілген. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жүйелі түрде жаттығып жүретін шәкірттердің талпынысы мені ерекше қуантады. Солардың бірі – бүгінде фристайлдан Еуропа кубогі кезеңдерінің абсолютті жеңімпазы, әлем кубогі мен халықаралық додалардың жүлдегері, әлем чемпионатының күміс медаль иегері Жанбота Алдабергенова екенін ерекше мақтанышпен айтқым келеді. Жуырда Алматы қаласында өтетін 28-ші қысқы универсиадаға қатысатын оған тек жеңіс пен сәттілік тілейміз.
—«Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген. Әкеңізден қалған өсиет Сізге әркез өмірлік азық бола бергей.
Сұхбаттасқан
Дастан БАШИРОВ.