ҚАДАМЫ НЫҚ, МАҚСАТЫ АНЫҚ

443
0

«Өткенге салауат, келешектен аманат» деген. Өткен күннен сыр шертер тарихымыздың қай бетін ақтарсаңыз да есімі елге ұран болған ерлер жетерлік. Олардың сол бір қиын кезеңдерде туған елі үшін етікпенен су кешкен қайсарлықтары көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Дастан болып жырланып, аңыз болып таралды. Қайтпас ерлердің ерліктері бейнеленген талай туындылар жарық көрді. Бертін келе адалдық пен батылдық, табандылық пен өжеттілік қабысқан сол дүниелерді оқып, одан нәр алып, ерекше қанаттанып, алға ұмтылып, биікке қарай ұмтылған ұрпақтар да аз болмады. Олар бүгінде тәуелсіз Қазақстанды түлетуде өзіндік үлес қосу үшін түрлі салада нәтижелі көрсеткішпен жемісті еңбек етіп, білгір ғалым, ұлағатты ұстаз, сайыпқыран спортшы, білікті дәрігер, істің көзін таба білетін кәсіпкер және тағы басқа маман иелері болып жүр. Талап үдесінен табыла алған сондай азаматтардың қатарында Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, облыстық олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры Ермек Дәрменовте бар. Көзі қарақты оқырман үшін бұл есім жақсы таныс болғанмен, олар бұл кісінің өзге қырын жақсы тани бермейтіні белгілі.

Оның Қазақстанның туын көтеретін дарабоздарды дүбірлі додаға қосуға дайындайтын спорт мектебін басқарып келе жатқанына он жылға жуық уақыт болыпты. Оған және ол басқаратын ұжымға артылған міндет салмақты.
Негізгі мақсаты – шеберлігі әбден шыңдалған, тәжірибелі футболшыларды дайындау. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты шынығып, шымыр болуға баулу, жүйелі түрде спортпен шұғылдануға шақыру, сол арқылы денсаулықтарын нығайтуға қол жеткізу. Бұқаралық спорттың бұл түрін жан-жақты насихаттау да басты бағыттарының бірі. Бұдан бөлек «Ордабасы» футбол орталығына, «Ордабасы» кәсіпқой футбол клубының қосалқы құрамына, «Ордабасы» кәсіпқой футбол клубына, «Оңтүстік» футбол академиясына, «Қыран», «Мақтарал» футбол клубы мен ҚР ұлттық құрама командасына спортшыларды дайындайды. Спорт мектебінің ұжымы өткен жылы осы бағыт бойынша нәтижелі жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен, 2016 жылдың футбол маусымында алаңда өрнекті ойын көрсетіп, ересен еңбекті ақтаған мектеп түлектерінің 6 ойыншысы, атап айтсақ, Е.Тұңғышбаев,
М.Толебек, С.Отарбаев, А.Нұрғалиев, Г.Суйімбаев, Т.Нөсербаев еліміздің ұлттық құрама командасына шақырылды. 2017 жылдың футбол маусымында жергілікті «Ордабасы» КФК-ң құрамына 15 түлек қабылданды. Олар бауырлас Түркия мемлекетінде оқу-жаттығу жиынына қатысуда. Сонымен қатар 1997-1999 жылдары туылған 8 оқушы 2016 жылдың футбол маусымында «Ордабасы» кәсіпқой футбол клубының қосалқы құрамында ойнады. Бүгінде 1991-1997 жылдары туылған 16 оқушы шаршы алаңда «Қыран» футбол клубының намысын қорғауда. 2000-2002 жылдары туылған 19 өрен «Мақтарал» футбол клубының мерейін асыруда. «Оңтүстік» футбол академиясы мен «Ордабасы» футбол орталығының мамандарына сеніп тапсырылған оқушылары да жетерлік. Жалпы оқушыларына сұраныс көп. Нағыз ойынның үлгісін көрсетуге әбден дайындалған спортшыларға қай кезде қызығушылық көп болады емес пе?! Бұл бізді қуантады әрине. Осы ретте мына бір деректерді де алға тарта кетейік. Жалпы алғанда мектептің 21 оқушысы Қазақстан Республикасы жастар және жасөспірімдер командаларында ойнады. Мектеп түлектері премьер-лигадағы көптеген командаларда өнер көрсете білді. Және ол өзінің лайықты жалғасын тауып келе жатыр. Мектептің спортшылары бүкілқазақстандық мектеп және колледж оқушыларының жазғы спартакиадаларының 7-дүркін жеңімпазы (2002ж., 2004ж., 2006ж., 2008ж., 2010ж., 2012ж., 2016 ж..) болғаны кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатады.
Иә, доп тебуге ебі бар бұл жігіттер ә дегеннен ақ өрнекті ойын көрсетіп кетпегені белгілі. Оларды тәрбиелеу, талантын шыңдау біраз табандылықты қажет ететіні сөзсіз. Бұл жолда жаттықтырушыларға, футбол мектебінің басшылығына артылған жауапкершілік жоғары екені айтпаса да түсінікті. Бұл жайында Ермек Аманжолұлы былай деген еді:
– Өскелең ұрпақтың жеңіске деген жігерлерін шыңдауда жаттықтырушылардың еңбегі ерен екені айтпаса да түсінікті. Бұл мәселеге келгенде аса мән беремін. «Екі қолға бір күрек болса болды» деген мамандарды мектеп маңына да жолатпаймын. Жәй ғана дене шынықтыру маманы болуды ғана місе тұтқандарды жұмысқа қабылдау – уақытты босқа өткізумен пара-пар. Маған футболды өмірінің бір бөлшегі деп қабылдайтын, оны жақсы меңгерген, алаңды көре білетін, қос қапталда өзін еркін сезінетін, қақпаға допты дәл бағыттаудың қыр-сырын барынша меңгерген, спорттың бұл түріне сан жылдарын жан-тәнімен арнаған адам керек. Мұндай азаматтар біздің облыста бар. Солардың бірқатарының осы мектепте жаттықтырушы болып қызмет етуіне қол жеткіздім. «Айлалы батыр алдырмас» деген. Кезінде шаршы алаңда жан алысып, жан берісіп ойын көрсетіп, оңай шағылатын жаңғақ емес екендіктерін дәлелдей алған олардың шекпенінен шыққан шәкірт алысқа барады деп сенемін. Бірақ ойыншының өзіне көп нәрсе байланысты ғой. Білікті жаттықтырушы барлық мәселенің шешімі бола бермейді. Ол тек бағыт бағдар береді. Айтқанын ақылға құйып, көңілге тоқу көп жағдайда жасөспірімнің шеберлігіне байланысты болады. Жалпы кез келген оқушының бойындағы талапты әрі қарай дамыту үшін бізде арнайы арнайы кеңес жұмыс істейді. Оның жұмысын әрдайым өзім назарда ұстаймын.
Жалпы футбол әлемді бағындырған спорттық ойын. Онда жеңіс тұғырынан көрінуге жәй ғана ынта, қызығушылық аздық етеді. Өзіңді мойындайтын мықтылардың бірі болғың келсе, табандылық, өжеттілік, зор ерік-жігер мен терең білім қажет. Осыдан 10-15 жыл бұрын тартысты ойындарды тамашалап отырған ағайын футболды бір доптың соңына түсіп, беталды тебе беру деп ойлайтын еді. Бертін келе ондай ұғымның қате екенін білді. Өрнекті ойын көрсету үшін жылдар бойы жұмыс істеу керектігін терең түсінді. Бұл жұмыстың қыр-сыры жайында білікті маман Ермек Дәрменов:
– Мәселен біз оқушыларды мектепке қабылдаған соң, олардың шеберліктерін десем артық айтқандық болар, жалпы аяқдоп ойынына деген икемін байқаймыз. Неден арылу қажеттігін, және нені үйрену керектігін түсіндіреміз. Шынықтырамыз. Тәжірибесін біршама шыңдаймыз. Кез келген ауа райында алаңда доп тебуге ағзасы бейім бе әлде жоқ па? Яғни, денсаулық жағдайын дәрігерлердің көмегімен бір сүзгіден өткіземіз. Жаттығу жұмыстарын жетілдіреміз. Жарыс алдында арнайы психологиялық дайындықтан өткіземіз. Себебі адамның ерік-жігері, ішкі көңіл-күйі барлық жерде рөл ойнайды. Біздің мектептен түлеп ұшпас үшін ол қаншама жарыстарға қатысады. Әрбір ойыншының әр ойындағы қимыл қозғалыстары, алаңда өзін ұстауы бәрі жаттықтырушылар бақылауында болады. Мүлт кеткен жерлерін көңілге түртіп қояды. Жаттығу кезінде сол кемшіліктерді жоюға екпін беріледі. «Мәскеу бірден тұрғызылмаған». Сол сияқты біздің де ойыншыларымыз бірден сайыпқыранға айналмайды. Мықты ойыншы болуы үшін ол қаншама тер төгеді. Қаншама ескерту алады, түсіндіруді тыңдайды. Қаншама әдістерді үйрене алмай әуре сарсаң болады ,-деді.
Жасыратыны жоқ арамызда «қазақ баласы доп тебе алмайды» деп айтатын дар кездеседі. Бұған Ермек Аманжолұлының өз айтары бар екен.
– Доп тебе алмайды деп айтқан адамның өзі доп тебе алмайды. Бұл қасаң пікір. Мен жоғарыда айтып кеттім ғой. Спорттың бұл түрі үлкен ептілікті, терең білімді талап етеді деп. Көптеген әдістер бар. Оны меңгеру үлкен талапты қажет етеді. Мәселен, допты тоқтату, допты тебу, дриблинг, финт және т.б тәсілдер ішінара бірнеше түрге бөлінеді. Олардың барлығын меңгеру кез келгенге қол емес. Бірақ жаттықтырушылармен жүйелі жұмыс жүргізіп, оларды меңгеріп, жемісті ойындар көрсетіп жатқан ойыншыларымыз жетерлік. Сондықтан да әлгіндей пікір айту қате. Қазақ баласы әлі талай тартысты додаларда топ жаратынына мен сенім артамын.
Әрбір жұмыс күнін ерекше ықыласпен өткізетін біздің кейіпкеріміз қаладағы №23 округ тұрғындары Шымкент қалалық мәслихатының 4,5,6 шақырылымы бойынша өткен сайлауда депутат етіп сайлап келеді. Бірнеше жыл бойы округ тұрғындарының оған сенім артуы, оның бір сөзді, көпшіл жан екенінің белгісі деп түсінеміз. Өз сайлаушыларымен, дәлірек айтсақ, Шымкенттегі №11,12, 13 шағынаудан тұрғындарымен жиі жүздесіп, көкейдегі сауалдарына ден қоятын оның әрдайым халық қалаулысы деген атқа лайық болуға тырысатынын түсіну қиын емес. Жасыратыны жоқ кейбір депутаттардың қатып қалған қағидаға сүйеніп, азаматтармен арнайы белгіленген қабылдау күнінде (оның өзі айына бір немесе екі рет) ғана жолығып жатады. Ал біз білетін Ермек Аманжолұлына тұрғындар жолығуды сұранса, бірден келісе кететініне талай рет куә болғанымызды айта кетейік. Базыналарын тыңдайды, өтініштерін қабылдайды. Қолдан келсе көмегін береді. Немесе тиісті орындарға хат арқылы шығып, билік назарын сол проблемаға аудартады. Азаматтар құқынының қорғалуына өзіндік үлес қосу, аға буын ардагерлерге құрмет көрсету, салауатты өмір салтын насихаттау, мүгедек жандарға, қарттарға, жалғызбасты аналарға көмек қолын созу және т.б бағыттарды қамтитын сайлауалды бағдарламасын да белсене орындайды.
Бұдан бөлек ол «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы Абай аудандық филиалының төрағасы қызметін атқаруда. Еліміздегі жетекші партияның жұмысын үйлестіруде де Ермек Дәрменовтың өзіндік қолтаңбасы бар. Оған артылған жұмыс жетерлік. Осыны алға тартып «талап үдесінен табыла алмай қаламын деген ой мазаламай ма?» дегенімізде ол:
– «Ерліктің шарты – өзіне сенгендік». Қолынан іс келетін адам жұмыстан емес, жұмыссыздықтан шаршайды деп білемін. Ал мен істің көзін таба білетін жанмын. Мұны өз ортамда дәлелдей алдым деп сенемін. Абай аудандық партия төрағасы қызметін атақ үшін, билікке жағыну үшін емес, патриот ретінде халқыма тағы да жақындай түсу үшін атқарып келемін. Ал «Нұр Отан» елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, амалы таусылып, барар жер, басар тауы қалмаған адамдарға қолдау көрсететін нағыз халықтың партиясы, — деп баса айтты.

Сөз соңында өз ісін ерекше ықыласпен орындайтын қадамы нық, мақсаты анық бұл азаматқа әрдайым сәттіліктер серік болғай деген лебіз айтқымыз келеді.

С.ӘЛІБЕКҚЫЗЫ.

(“УАҚЫТ” газеті №02(221)