КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІНДЕ

433
0

Қазақтың қастерлi тарихында қасиеттi есiмi сан ғасырлар асуынан асып, өшпес аңыз, сарқылмас дастан-жырға ұласып, ұрпақтарға ұлағатты мұрасын қалдырған ұлы аналар аз емес: ертеде өткен Тұмар ханым мен әулие ана Нұрила, Бөрте ханым мен Сыланды, Бопай ханым, Айша бибi, Ақбикеш. Қазаққа Абайды берген Құнанбайдың Ұлжаны мен Есеней бидiң Ұлпаны! Осындай ұлы тұлғалар берген қазақтың қашан да шыңы биiк, жолы кең! Ендi туған елдiң қаламгер де қайраткер, ана көрген, ана рухын көкке көтерiп, ортамызда жүрген қарапайым бiр қызы Күлияға оралайық.

Көк тәңiрi жолын ашып кемелге келген бүгiнгi жетiлген, жетiк заманда қалам ұстаған, көргенi көп ағайын қаптаған ақпараттан адам, заман, тағдыр жайындағы әр тұстан қылаң берiп қалатын туындылармен қауышып, кейiнгiге жөн айту – оқу-тоқумен әуелгiден көз ашқан аға ұрпақ бiздiң iзгi парызымыз.

Құдайға шүкiр, кейiнгi кезде ойы озық, санасы сергек қазақтың оқырман қауымына жол тартып шыға бастаған әдеби басылымдар баршылық. Солардың бiрi астаналық «Ақ Жайық» атты журналдың қолға тиген өткен жылғы екiншi санын ашқанда, өзге емес, өз ортамызда өскен Күлия қызымыздың «Анаға тағзым» атымен жарық көрген туындысы алдымнан алтын күндей жарқылдап шыға келді.
Ана! «Анаға тағзым» тақырыбы кең дүниенi мекендеген барша адамзат әулетiне тиесiлi, қасиетiне ешнәрсе теңгеруге келмейтiн, ұлылардың ұлысы, барша жаратылыстың мәңгiлiкке жаратылған мызғымайтын, өшпейтiн, Тәңiрiнiң берген құдіреттi сыйлығы! Ол жайындағы сөз қайсы, қандай жүйеде, мейлi ол барша ғаламды табындырған Шахжиһан Бабурдың ғашық жары Мұмтаз – сұлу рухына бағыштаған әлемнiң сегiзiншi кереметi «Тәжмахалды» немесе Микеланджело, Рембрандт, Леонардо да Винчилерден қалған ғажайыптардан бергi адам санасынан туған ана жайындағы поэзия кереметтерiне дейiнгi кез келген туынды хал-қадiрiнше ет жүректi шайқап өтерi ақиқат.
Жорналдың аз-кемi жоқ 34 бетiн алып жатқан Күлия шығармасы ешқандай әсiре бояусыз, көтерме, көпшiксiз, рет-ретiмен, жөн-жөнiмен сүйген қыздың сүйiктi анасына арнап ақ қағаздың бетiне төккен жан жүрегiнiң сыры, өмiр бақиға өшпейтiн махаббаттың жыры.

Шығарманың кейiпкерi – өз анасы Қарлыға Мұстафақызы өмiрге жаңа көз ашқан кезiнде қан майданға аттанған әкеден жөргегiнде қалып, сұрапылды заманның өртi мен дертiн, маңдайдың терi, көздiң жасымен жуып, барша өмiрдi үделi үмiтпен жол қараумен өткiзген жас жесiр қайран ана бауырында жетiлген өзiндей сан мыңдармен замандас та, тағдырлас қарапайым қазақ ауылының қызы.
Тағдырдың жазғаны – өмiрiнiң өрiсi солай болғасын ерте есейiп, бас қосқан азаматы Смайылханмен бiрлесiп, ел-жұртына еңбек ете жүрiп ғибратты өмiрiн ұл-қыздарын адамдықтың ақ жолында еңбекпен шыңдап өсiруге арнады. Қырдың қырмызы гүлiндей боп жетiлген талабы биiк Күлиясын атадан қалған қасиеттi шаңырақтан алдағы ұлы өмiр биiгiне шарықтатып ұшырды.

Ұлтымыздың ұлы қасиетi – ата заманнан мұраға қалған өшпес өсиетi – бiртұтас бiрлiкпен ұлағатты өмiр кешу жаңа толқын жас ұрпақтың тәлiмдi шығарманың өрнегi айқын арқауы. Шығарманың тым алысқа, биiкке тартқан желiсi ұлтымыздың сан ғасырлар ұрпақтан-ұрпаққа мұрасы болған асыл қазынасы – адалдық, бауырмалдық, iзгiлiктiң айқын жолын, өткеннiң қымбат рухани қазына, асыл аманатын таза сақтауға арналған.

Әрдайым күндей күлiп тұрар келбетi сыпайы-сырбаз мiнезiне үйлесiп, барша ағайын-тума жұртымен сыйластықта iзгiлiк пен жақсылықты жанына серiк етiп, өркендi өмiрдiң жырын жырлаудан жалықпай өткен ана жайындағы Күлия естелiгi көп жағдайда мейiрманды кәрi әженiң балауса-балғын жас жәутiк немере, шөберелерiне баян етер баяғының ертегiсiн еске түсiредi. Қысқа-қысқа тарауша-тармақтарға бөлiнiп, жымдаса топтастырған тәлiмдi баяндаулардың бiрi мынадай сыр шертедi:
«Анамыз дастарқан басында үнемi өнегелi әңгiме айтып отыратын. Соның бiрi нан туралы едi. Нан — Құранмен бiрге тұратын, ешнәрсе теңдесе алмайтын қасиеттi тағам. «Жолға наныңды ала жүрсең жолың ашылады. Нанды жастықтың астына қойып ұйықтасаң шошымайсың» — дейтiн.
Бiрде кiшкентай немересi жылап тұрып, қолындағы нанды лақтырып жiбердi. Сонда анамыз нанды алып, маңдайына тигiзiп сүйiп, Аллаға мiнәжат айтып, кешiрiм сұрады. Нанның уағын дастарқаннан терiп жеген адамның несiбесi көбейедi дейтiн. Соны естiген бiз туралған бөлкенiң дастарқанға төгiлген уағына таласып қалушы едiк…»

Қанатсыз құс, армансыз адам болмайтыны сияқты адам өмiрi қашан да аяқталмаған ән, айтылмаған сыр, арылмайтын арманға толы. Бәлки, әуел баста таусылмастай көрiнетiн адамзатына өлшеп берген шектеулi өмiр, талассыз тағдырының беймәлiм шешiлмейтiн жұмбағымен қымбат болса керек-тi.
Сол ретте Күлия өзi «Хан Тәңiрi» баурайынан сол құздардың биiгiне самғап шығар қырандай шарықтап өткен Мұқағалидың рухына арналған жолсапарда жүргенде қайран ана ешкiмге салмақ сап, мiндет артпай, баяғы жан-жүрегi кiршiксiз, сыпайы-сырбаз қалпы ақ төсегiнде мәңгiлiк тәттi ұйқысына кете барыпты. Жан анасына қоштасу сөзiн айта алмай, жарқыраған көз жанары – жайдары қымбат жүзiнен бiр сүйе алмай, өкiнiште қалған қыз жүрегiнiң сағынышты мұң-сазымен тебiрене толқып баяндайды.
Заман керуенi үздiксiз алға тартып, өткен күндер алыстаған сайын өткен күнiң, жастық шағың жүрек шыңына өшпейтiн ұя салып, ой дариясында жүзген оңаша бiр сәтте арманшыл дауылпаз жалынды Қасым Аманжолов ақын:
Сен неткен бақытты едiң, келер ұрпақ,
Қараймын келбетiңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Жатармын мен көрпемдi қырда қымтап! – деп жазып кеткенiндей, қазақ елiнiң мың жылдар армандаған азаттық – алтын дәуiрi салтанат құрған ұлтымыздың ұлы мақсатты жолында мәңгiлiкке ұласар бүгiнгi бақытты заманның жас өркен, жаңа ұрпағының қалыңында баршамыздың ортамызда жүрген жоғарыда айтылған «ана» жайындағы хикаяттың авторы Күлия Смайылханқызы Айдарбекова және ұлттық мәдениет пен әдебиетiмiздiң өткенi мен бүгiнi жайлы бiрер сөз айтылғаны жөн болар.
Барша ғаламның бiртұтас тiршiлiгi алақан аясында тұрған мына ғажайып заманда жетi қат жер, алты қат аспанның арасында барша жаратылыс, тiршiлiктiң мәнi «өмiр» атты ұлы құдiреттiң алға тартар сауалы, шешiлмеген жұмбағы аз емес.

Соның баршаға ортақ күрделiсi де мәндiсi бүгiнгi кемелдi өркениет дәуiрiнде барша адамзат қоғамына ауадай қажет ар мен адамгершiлiктiң жайы. «Малымды алсаң ал, Құдай, пейiлімдi алма» деп жаратқанға ақ жарыла тiлегiн айтқан данышпанның таңғы шықтай таза ой-санасы бiлгенге маржан айнымайтын ақиқаттың iсi. Сондықтан да елiмiз қанатын жайған, iргесi берiк, өркениет әлемiнiң биiгiне сенiммен қадам басқан тарихи кезеңiнде бiртұтас бiрлiгi ар мен адамгершiлiк жайын күн тәртiбiнен түсiрген емес.

Бұдан көп заман бұрынғы сонау «Ақтабан шұбырындының» кезiнде, одан бергi кешегi өткен қалың қасiреттi аштық пен Отан соғысы жылдарында да «Қаратаудың басынан» «Елiм-айлап» күңiрене толғап, азаттық әнiн шырқап, үделi үмiтпен жол кешкен жасампаз, ұлы халқымыз, ұлы адамгершiлiктiң жолынан айныған емес.
Естiгенiмiз емес, көзбен көргенiмiздi баян етсек, қасiрет пен қайғыға толы өткен ғасырдың 30-40–шы жылдарында да аш-арықтығын тәркі етiп, елдiгi мен бiрлiгiн таза сақтаған жұрт жаздың айлы түн, жайлы кештерiнде бастарын қосып, жан жарасын биiк шарықтайтын жас-желеңнiң ойын- күлкi, қанатты асқақ әнiмен емдер едi.

Соғыс жүрiп жатқан жанталасты 44-шi жылдары 16-ға жаңа толған жасөспiрiм балалар алдағы ұлы өмiрге үмiт артып, оқу-бiлiмнiң жолын қуып, мәңгi жастығынан айнымайтын гүл көрiктi Шымкентiмiзде жүрдiк. Ел рухы езiлмесiн, халқымыз қажымасын дейтiн болар, сол қиын-қыстау күндерде жоғарғы басшылықтың қамқорлығымен мәдениет пен әдебиетiмiздiң маздаған оты өшкен жоқ. Сол кездегi қала қазағы «Ауған бау» дейтiн қазiргi орталық саябақта жастардың қоңыр кештен түн ұзағына ұласқан би сазы толассыз толқын атып, жазғы, қысқы кинотеатрларда отандық картиналар тоқтаусыз жүрiп жатты.
Қазақ сахна өнерiнiң қашанғы қара шаңырағы драма театрында (қазiргi филармония ғимаратында) қазақ драматургиясының жауһары – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлiк – Кебек», «Айман – Шолпанның» жан тебiрентер кереметтерiн алғаш рет сонда көрдiк. Қиын жылдар болса да жаңа гүл ашқан албырт жастығымыздың әсерiмен әр кештi құр жiбермей, кезектi спектакльге келгенiмiзде қала маңының ауыл-аймағынан ат-арба көлiктерiмен арнайы жеткiзiлген қарт ата, ақ жаулықты әжелерiмiздiң қауымында, солармен араласа, ұлы өнер кереметтерiн бiрге көруге, жабырқаулы жандардың көңiл-күйiн көтеруге келген облыстың бiрiншi басшысы Пазиков бастаған Сағынтаев, Ишанов, Қасым Сүлейменов (майданнан жаралы қайтқан, әйгiлi 305-шi атты әскер дивизиясының комиссары, обкомның екiншi хатшысы, гвардия полковнигi) сынды ағаларымызды көрiп, соларға жапырыла сәлем бергенiмiзге мәз-мейрам боп, мақтан етушi едiк.
Сол өнер ордасындағы атақты Мұхамедияров, Ерғалиев, Байкенов, Әкiш Шанин, Дүйсеков сынды тұлғалы ағалармен кездесiп сәлем бергенiмiзге, Серiкбаева, Айтбаева, Хайруллина, Дәукенова сынды көрiктi апайларды көргенiмiздi мақтаныш тұтып, мәз болушы едiк. Соғыстың бастапқы ең ауыр кезеңi 42-шi жылы жоғарының жолдамасымен елге келген әйгiлi дастангер дауылпаз ақын Иса Байзақовқа 14 жасар ауыл кеңесi хатшысы кезiмде бiр апта жолсерiк болып ауылдарды аралатып, өнер кешiнде бiрге жүргенiм естен кетпейдi.

Сол дауылды, дабылды жылдарда ұлы Әуезовтiң «Абай жолының» бiрiншi кiтабы, Мұқановтың «Балуан Шолағы», Мүсiреповтiң «Қазақ солдаты», Слановтың «Дөң асқаны», Байзақовтың ғажайып «Құралай сұлуы», Мұстафиннiң «Шығанағы», Тоқмағамбетовтiң «Түрксиб», «Сырдария», «Бәтимасы», Жароковтың «Күн тiл қатты», Жамбыл жәкемiздiң «Ленинградтық өрендерiм» секiлдi туындылар ағындап шығып жатты. Ел iшiне жаңа кiтаптың келуi – ол өзiнше бiр оқиға. Келген кiтап үйден–үйге, қолдан-қолға көшiп, iздеу салынып жатушы едi. Нұршайықовтың «Абай жолының» бiр кiтабын қара нан, оқ-әбзелiмен бiрге жол қапшығында төрт жыл арқалап сақтап, елге алып қайтқаны, Бауыржан ағаның майдан жазбаларын түгелге дерлiк от пен оқтың iшiнде жүрiп блиндажда жазғаны аңыз емес, өмiрдiң шындығы.
Өзге емес, өзiмнiң алдағы жалғыз ағам Сауқымжан Шымкентте 19 жасар студент кезiнде 1939 жылы армияға алынып, әскери оқу бiтiрiп, Сталинградтан Венгрияға дейiнгi майданның ұзақ жолынан өтiп, Ұлы Жеңiс алдында бiр қиырдағы Трансильванияда қаза тапқанда әписерлiк планшетiнен алынып, өзiмен 6 жыл бiрге жүрiп сақталған, үйге естелiк үшiн арнайы пәкетпен қайтарылған Сталиннiң соғыстан бұрын Алматыда баяғы латын әрпiмен басылған — Қантай апамыздың талай жыл маңдайына басып, кеудесiне құшып, көз жасының өшпейтiн iзi қалған көгiлдiр мұқабамен тысталған жұқалтаң «Stalin — Lenin тuralь» атты кiтапшасы үйiмiздiң ең қымбат, қастерлi мүлкi ретiнде сақтаулы.
Өмiрдiң жаңа таңында көзiн кiтаппен ашып, барша өмiрдiң жолын келер ұрпақтың келешегi үшiн қан мен терiн төгiп өткен бiз көрген аға буын заманын бүгiнгiмен салыстыруға келмейдi. Студенттiк стипендиясы мен нан талонын сатумен кiтап жиған ағалардың жолынан бүгiнде қол жеткен алтын дәуiрдiң арқасында дариядай ағындап, қаптаған «иномаркаларда» тотыдай таранған келiндер мен нар кеуделi азамат жастарымызды көремiз. Бөтен-бөгде емес, өсiп-өнiп жатқан өз жастарымыз. Сыртынан сүйсiнiп, Құдайға шүкiрлiк етiп, амандығын тiлеймiз. Сөйте жүрiп мына төрт құбыласы түгел шадыман-шаттық заманда төл әдебиетiмiз бен мәдениетiмiздiң ордасы – театрымызды көрмейтiнiне, керемет кiтапханаларымызға бармайтынына, жұпыны, сирек кiтап дүкендерi сөрелерiнде сiрескен заманымыздың көркем шежiресi кереметтей көркемдеп шығарылған бүгiнгiнiң «ең арзан тауары» кiтаптарға көз салмайтынына қайран қаламыз.

Заман түзу, жол ашық, емен-байтақ дүниеде қалың әлеумет ортасында көлеңкедей көрiнiс берiп жататын осы бiр қонымсыз құбылыстың түп-төркiнi қайда? Адам ба, әлде… заман ба?
Заманды адам жасайтыны, өгiз қайда тартса арба солай жылжитыны айнымас ақиқаттың iсi. Олай болса жақсылық, iзгiлiк атты қастер-қасиетiмiзбен қоңсы қонып бiрге жасайтын өзiмшiл, тоғышар-топастық, керi тартар келеңсiздiк өзге емес, өз iшiмiзде, адамның өз қолында екенi даусыз.
Cолай болғасын барша адамгершiлiк тәлiм-тәрбие мәселесiнде көзiмiздi кiтаппен ашып, iзгiлiктiң жолына салған алтын ұя мектебiмiздi, барша өмiрлiк санамызда кiр шалмаған асыл парасатты бейнесiмен қалған мұғалiм-ұстаздарымызды ұмыта алмаймыз. Cолардың адамгершiлiк асыл қасиетiне бой түзеп: Ұлы Абай мен Ыбырайдың: оқу, бiлiмге үндеген өшпес өсиетiн жүректе жаттап барша өмiрiн елге, халқына қызмет етуге берген өтер ұрпақтың жаңа дәуiрде қала мен ауыл-аймақтарда өркен жайған зәулiм мектептерiмiз бен бiлiм ордаларына өрiмтал-жас толқынға қуанышпен қызыға қараймыз.
Cол ретте өткен тарих жылы аясында қаланың терiскей шығысы, жаңа әкiмшiлiк ауданы шегiндегi екi мыңдай оқушы тәрбиеленiп, екi жүзге жуық мұғалiм қызмет атқаратын №65 гимназия мектебiнiң аса бiлiктi ұстаз-директоры Қатира Қадiрбаеваның ұйымдастыруымен өткен жазушы, ардагерлермен кездесу кешi әдебиет пен өнер мерекесiне ұласты. Осы кездесуде әдебиетсүйер қауымға автордың тарихи, көркем роман кiтаптары кең тартылды.

Осы үлгiде қаланың Тельман аймағында тәжiрибелi ұстаз Күлзада Молдабекова басқаратын М.Өтемiсов атындағы №52 орта мектебiнде және «Нұрсәт» шағынауданында Сәуле Қалыбекова басқаратын №80 лицей мектебiнде өткен жазушылар мен мектеп ұжымының кездесу сәтi өшпес әсер қалдырды.
Әйтсе де, бұлт алыс, жер шала деген. Ел болғасын сан-қилы жағдаятқа да орын бар. Қаланың бiлiм бөлiмiнiң ұсынысымен бiз кездесуге ниет еткен таңдаулы он мектептiң кезектi бiрiне келгенiмiзде бұрын естiп-көрмеген қолайсыз жайға тап болдық.

Бiздi жұмыс орнында қабыл алған №46 лицей-мектептiң iзеттi жас директоры Жанна Беркұлованың жүзi сынық, көңiлi пәс. Әлденеге кiнәлi жандай әбiржулi жайы көрiнiп-ақ тұр.
— Түсiнемiз ағай. Кiтап — киелi дүние. Нарқы арзан болғанымен мән-қасиетiнiң шегi жоқ. Ең төменi елу мың теңге алатын мұғалiм үшiн бiр кiтап не тұрар дейсiз.
Амал не, елдегi атақты бiр ақынның ортаға келген аз кiтабын «алыңдар, оқыңдар» дегенiм үшiн тергеуге жауапталып, әрең құтылып отырмын… Бiздiң әр кездегiдей мектеп кiтапханасына тарихи көркем әдебиеттiң жетi томдығын сыйға тартып, хал-жағдай сұрау үстiнде директор қызымыздан естiгенiмiз осы болды.

— Құдай сақтап, бәле-жаладан аман қалыпсың, қарағым. Аман жүр, айналайын, — деп қоштастық.
Рухани өмiрiмiздiң өзегi дерлiк баға жетпес қастерлi қазынамыз — кiтап пен кiтапханамыз жайында айтылып жүрген жырымыз бен сырымызға оқу-бiлiммен көзiн ашып жетiлген бүгiнгi ат үстiнде, көш басында жүрген азаматтарымыздың құлақ түрiп, назар салмайтыны қалай?! Осы ретте, бұдан бiршама ай бұрын, өзге емес, баршамызға кең тарайтын «Оңтүстiк Қазақстанның» айқара бiр бетiнде зерделi қаламгер қызымыз Алтаева Үмiтханның «Қазақ… кiтапханашы болғысы келмейдi» тақырыбымен жарияланған мәнi терең «баян хатына» «құлақтары сарсылып, көз еттерi көндiккенi» шығар, қалың оқырман жұртымыз да ләм-мим демей, жым-жырт жатыр.

Жасыратын несi бар. Бар тауқыметтi жыры таусылмайтын «нарыққа» жауып тастап, мейманасы дариядай тасыған бүгiнгiнiң ат үстiндегi байшыкештерi осы бiр қасиеттi орынның дүниеде бар екенiн тiптен естен шығарған жайы бар. Оның обал-сауабын, кiтап пен кiтапханашының жетiмнiң күйiн кешкен қадiр-қасиетiн қастерлеп, өмiрдiң өз биiгiне ел боп көтермесек, кiм көтередi?!
Қашанғы қара шаңырақ, бiр кезде атақ-даңқы дүрiлдеген драма театрының отын маздатып, өткен ұлылардың iзiмен, өнегесiн өшiрмей ұйымдаса қайрат қып, жаңа қойылымдарды дүркiн-дүркiн жарыққа шығарып, ел-жұртымыздың құрметiне бөленген Сапар, Ошат, Мәжит, Мұхан, Қалтөре сынды ағалары, Құпия, Айжан, Раушан, Гүлшаттай асыл–парасатты апайлары бастаған бүгiнгi жас толқындарын көргенде жастық шақ, өткен күндерiмiз еске оралып, қуанамыз. Өркендi өмiр ұжымындай өзгеше бiр жасақталған Шәмшiнiң саябағында әлсiн-әлсiн жазғы кеште шырқалып жатар қазағымыздың жайлы, жайсаң қанатты әндерiн естiгенде шарықтаудан шаршамайтын көңiл шiркiн көкке самғайды.
Қашан да көктем күнiмен жаңарып, жасарып, Ұлы көшпен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқан осы теңдессiз ұлттық қасиеттерiмiздi жаңаша жандандырып, түрлендiрiп, қайрат қып жүрген жаңа толқынның басынан әрдайым ауылда өсiп, ана тәрбиесiмен жегiлген қаламы мен қайраткерлiктi бiрге ұстап, қат-қабат қайнаған iстiң қалыңында жүрген Күлиямызды көремiз.

Айтары не, әнiмiз асқақ, сәнiмiз жарасты, көңiл-күйiмiз Алатаудай биiктеп, өнерiмiз өрге бет түзеген бүгiнгi емiн-еркiн дүниеде бiр кездерi Абай мен Мұхтар, жүз жасаған Жамбыл жәкемiздiң ғаламды шарлаған атақ-даңқымен әлемдiк деңгейге көтерiлген ұлттық әдебиетiмiздiң бүгiнгi мұрагерi (бетке шығар қайсыбiр саусақпен санарлық қаймағынан өзге) ақы-пұлсыз «инемен құдық қазып» жасаған көркем дүниелерiн жарыққа шығара алмай, шығарған аз таралымды — бүгiндерi «ең арзан тауар» санатындағы рухани дүние — «кiтап» атаулыны оқырман қауымға жеткiзер жолын таба алмай, жетiмнiң күйiн кешiп, сан тосқауылды тiршiлiктiң шаңында қалғанын түсiне алмай келемiз.
«Ауыл ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Ағайын тату болса, ас көппен» мағыналы өмiр сүрген дүниедегi ең бауырмал, қайырымды халықпыз. Құдайға шүкiр, кейiнгiге жөн айтар көш бастаған еңселi ер–азаматтарымыз баршылық. Мерзiмдi баспасөзбен жаңарып, жасарып жарыққа шыққан «Қазығұрт» атты журналымызда, облысымызда соңғы жылдары қарқынды өрiстеген игiлiктердi алға дамытуды қолға ала келгіп бір жыл облысымызды басқарған Бейбiт Бәкiрұлы Атамқұловтың зерделi қаламгерiмiз Мархабат Байғұтпен өткiзген әңгiме–сұхбатында:
«Көркем әдебиеттi көркейту болып табылатын қазақтың поэзиясы мен прозасының үздiк үлгiлерiн кiтап деген кәусар бұлақтан бiршама алыстап кеткен жұртшылықтың жан-жүрегiне жылу дарытатын мәдени әлеуметтiк мәселелердi әсерлi әрi әдептi қозғайтын тарихи және танымдық тағлымы өзгешелеу басылым бiздiң Оңтүстiкке өте керек деп ойлаймын» деп әрқайсымызды толғандырар, толымды пiкiрі есімізде. «Жақсы сөз – жарым ырыс» және ол жаңа журналға қатысты айтылса да оның өзегiнде: «Жұртшылықтың жан-жүрегiне жылу дарытатын «кәусар бұлағымыз» – әдебиетiмiздiң жайы тұр. Ол тек жазушының меншiгi емес, қалың оқырман халқымыздың рухани мүлкi. Ол шын мәнiндегi иесi оқырман жұртшылығымызға жеткенде ғана «тұтас байлыққа» айналмақ.
Осыған орайлас ретi келген мына ахуалды ортаға салғанды орынды деп ойлаймын: бұдан бiрер жыл бұрын ақын-жазушылардың тарихи-көркем әдеби кiтаптары оқырман қауымға (кiтапханаларға) облыстық мәдениет басқармасы арқылы сұранысқа сәйкес жүйелi түрде бөлiнiп, бiр орталықтан таратылып, мәселе жеңiл шешiлетiн едi. Осы ыңғайлы қалыптасқан тәртiп табанасты өзгертiлiп, өздерiнiң бастан асып жатқан тауқыметтi жұмысы аз болғандай, кiтап тарату билiгi аудан, ауыл-аймақ әкiмдiгiнiң қолына берiлдi.
Ал, кәне, ендi аудандардағы есебi 400-ден асатын кiтапхана басына бiр кiтабыңды өткiзу, жеткiзу үшiн (мәселенi өзi шешетiн) төрт жүз есiктi ашып көр!.. Бұдан асқан қолайсыз, солақайлық болар ма?!

Анығында мәдениет пен әдебиеттiң тегi бiр, екiнiң бiрi егiздiң сыңарындай бiртұтас қауымдас құрылым. Ендеше атүстi, солақайлық салдарынан бүгiнде өтiмсiз «арзан тауар» санатындағы қалып келген киелi, рухани дүниелiктi тәркi-тәлекке салмай, қадiр-қасиетiн қорғайтын руханият орны – мәдениет басқармасының бақылау–басшылығына қайтарылғаны жөн деп есептеймiз.
Жер бетiнде жаратылған барша жақсылық пен iзгiлiк атаулының сарқылмас бұлағы, барша адамзат әулетiнiң мызғымас тiрегi – ана бейнесi шексiз қымбат. Ол қашанда «ана көрген», ана тәлiмiн, ана бейнесiн барша өмiрде арманының асқар биiгiне көтерiп өтер ұрпағымен бiрге.

Еркiнбек ТҰРЫСОВ,
жазушы драматург, Қазақстанға
еңбек сіңірген қайраткер, Халықаралық
“Алаш” сыйлығының лауреаты.

(“УАҚЫТ” газеті №02(221)