ҮШ ҰСТАЗҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ
Оңтүстік Қазақстанда «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» облыстық педагогикалық тамыз конференциясы өтті. Шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысып, ең алдымен, облыстағы аудан, қалалардағы мектептердің жыл бойғы атқарған жұмыстары мен жетістіктері паш етілген интерактивті тақталы көрмені тамашалады.
Саладағы мәселелер жан-жақты талқыланатын жыл сайынғы дәстүрлі шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі, облыстық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, жалпы білім саласына қатысты құрылымдардың жетекшілері сынды 800-ден астам адам қатысты.
Ең алдымен, конференцияда облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов білім саласындағы жетістіктер мен алда атқарылатын жұмыстар жайын баяндады.
Атап айтқанда, биыл білім саласын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 257,6 млрд. теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 19 млрд. теңгеге артып отыр. Мұнан бөлек, осы жылы 31,2 млрд. теңгеге 79 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатса, оның 29 білім нысаны жыл соңына аяқталып, пайдалануға беріледі.
2016 жылы апатты және үш ауысымды 43 мектеп болған еді. Ағымдағы жылы 20 мектептің құрылысы тапсырылады, ал қалған 23 мектептің құрылысын 2018-2019 жылдары аяқтау жоспары іске аса бастады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары өткен оқу жылымен салыстырғанда 95 бірлікке (жекеменшік – 93 балабақша, 3 шағын орталық) артып, бала бақшаға кезекке тұрған 3-6 жастағы балалар саны 43 мыңнан 28 мыңға азайды.
Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес мектеп оқушылары тегін оқулықтармен қамтамасыз етілуде. Облыс бойынша осы оқулықтарға жалпы 4,5 млрд. теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 млрд. теңгеге өсті.
Жиын барысында сөз алған облыс басшысы өңір педагогтарын жаңа оқу жылымен құттықтап, Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасында айтылған білім саласына қатысты жүктеген міндеттерге тоқталды.
«Бүгінгі тамыз кеңесі – білім беру ісіндегі жеңістеріміз бен кемшіліктерді саралайтын айшықты алаң және алдымызда тұрған міндеттерді пысықтайтын маңызды басқосу. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатар¬ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.» — деген болатын. Сондықтан да бүгінгі таң – білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастар түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған күрделі кезең», — деді Ж.Түймебаев.
Білім беру саласындағы жетістіктерді саралап болған соң, аймақ әкімі саладағы кемшін түсіп жүрген мәселелерге де тоқталды. Сапалы білім беру жайттары мен суицид, сыбайлас жемқорлық саласындағы өзекті мәселелерді шешудің бірқатар жолдарын нұсқаған Жансейіт Қансейітұлы аталған проблемаларды шешуде өңір тұрғындарының да белсенді болуы қажеттігін жеткізді.
Тамыз конференциясында білім саласында талай жылдардан бері үлгілі қызмет етіп келе жатқан өңірдегі үш ұстазға – атап айтқанда, Шымкент қаласы, №39 М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Дүйсебековаға, Шымкент қаласы, №66 Қазығұрт жалпы орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Жанат Мұсаеваға және Түркістан қаласы, №9 Некрасов атындағы гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Венера Батырқұловаға пәтер кілті табысталды. Сонымен қатар, жиында облыс әкімінің Грамотасына 5 падагог ие болса, 8 ұстаз облыс басшысының Алғыс хатын алды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің наградалары аясында 5 мұғалім «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін, 5 ұстаз «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, 4 сала қызметкерлі «Құрмет грамотасын» және 4 мұғалімге «Алғыс хаты» бұйырды.
Айта кету керек, өңірде қазіргі таңда 69 мыңнан аса мұғалім білім береді. 2017-2018 жаңа оқу жылына 640 мыңға жуық оқушы келеді, яғни өткен жылмен салыстырғанда 28 мыңға (2016ж.-611318) өседі деген сөз. Оның ішінде, 1-сыныпқа баратын балалар саны 73691 баланы құрап отыр. Жалпы өңір бойынша 1036 мектеп бар, оның ішінде 7-еуі жеке меншік.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі