Ғабидолладай болу үшін Нұрланға уақыт керек

479
0

Егемендік алғаннан бергі уақыт ішінде елдің жағдайының жақсаруы үшін көп нәрсе жасалынды. Биліктің тізгінін ұстаған азаматтар өздерінің шама-шарқының келгенінше іс жасайды. Бірақ барлығы бірдей көптің көкейінде қалып, жұрттың берген бағасынан толық шықпай жататындығы жасырын емес. Шымкент шаһарының әкімі деген үлкен лауазымды атқарған адамдар аз болған жоқ. Тіптен кейбіреулері қаланы екі мәрте басқарған кездер де ел есінде. Астанадан арнайы атбасын бұрып Шымкенттің әкімі болып тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымов екі жылдан сәл ғана астам мерзім ішінде елдің құлағын елең дегізген, көптің аңсарын аударған біраз мәселелердің бастамашысы болды.

201711071804065a01a136d7fc3
Алғашқы кезде Шымкент қаласын заманауй түрде көркейтуге, тұрғын үйлер санын арттыруға, білім беру саласының құрылысын жаңартуға, халықты жұмыспен қамтуды жақсартуға деген тың бастамалар айтылғанмен, оның нақтылы қорытындысы және қайтарымы құр сөзден артылған жоқ. Өзіндік тәсілмен жаңаша өрбитін жұмысы жөнінде өзіне ғана тән бастамаларды батыл айтты. Кейде жоғары жақтың нұсқаған жолына оншама көндікпей, бәрін өз тарапынан, өз ойымен іске асырсам деген ниетте болды. Осы секілді бірсыдырғы білермендік көп істің жан-жақтылығын жүйеге келтірмей, бәрін қамтудан қалыс қалып жатты. Әйтпесе, талай жандардың көңілі сенбейтін «Шымкент сити» бағдарламасының ауқымдылығы, егер жүзеге асса оның соншалықты қарымының көңіл тоғайтатын биіктері таңданыстың дәмін татырды. Тіптен қала әкімінің бұрынғы басшыларға қарағанда қызметтік орынға велосипедпен және қоғамдық көліктермен бару секілді бір қарағанда тосындау көрінетін бастамалары да қауымның арасында селкеулік туғызып жатты. Жалпы алып қарағанда Ғ.Әбдірахымов тосындау әрекеттерге тосырқай қарамады, өз пайымдауы бойынша жаңалықтарды көптің санасына тосын нәрсе ретінде ендіруге үлкен құлшыныс білдіргенмен, соның барлығы бірдей өмір жолына толық еніп кете алмады.
Осыдан тура бір ай бұрын сол Ғабидолла Әбдірахымов бір сәттің ішінде ғана әкімшілік биліктің тізгінін саяси арнаға қарай бұрып кетті. «Нұр Отан» партиясының республикалық деңгейіне барып, хатшылық қызметке кірісті. Ал оның орнына Шымкент қаласына Нұрлан Сауранбаев әкім болып тағайындалды. Ердің жасы елуге толған, көп жылдар бойы теміржол, мұнай, газ секілді салаларда басқарушылық қызмет атқарған Нұрлан Ермекұлы елдің Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, Қорғаныс министрінің орынбасары қызметтерін қысқа мерзім ғана атқарып, былтыр ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетін басқарды. Бір қарағанда әжептеуір қызметтердің мектебінен өткен, халықпен шынайы араласқан Нұрлан Сауранбаев Шымкенттің әкімдігіне қызметке келгеніне де тура бір ай мерзім өтіпті. Сырт көз сыншы дегендей, әзірге жаңа басшы тарапынан ел елеңдейтін, жұрт таңданыс білдіретіндей ерекше бір ұсыныс, пікір, тың бастама байқалмай тұр.
Кешегі дүйсенбі күні Шымкент қаласының әкімі облыс және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерімен, республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілерімен арнайы кездесу өткізді. Осы тұңғыш дидарласқан кезде қала басшысы әкімдіктің алдағы уақытта не істеуге ұмтылысы бар, баса мән берілетін негізгі жоспарлары туралы әңгімені ортаға салды. Тұрғындардың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуге жоспарланған негізгі бағыттарды тілге тиек етті. Тіптен өзінен бұрын қызмет атқарған экс-әкім Ғ.Әбдірахымовтың үлкен жұмыстарды бастағандығын, енді оның жалғасын тауып, бұрынғыдан да күшейтілетіндігін де ерекше екшеп, соған тоқталып өтіпті. Журналистердің тарапынан жазылған сын мақалалары қала әкімдігінің жұмысын жақсартуға өзінің септігін тигізіп, көмегін беретіндігін мәлімдепті. «Шаһарда 3 мың шақырымнан астам көлік жолы бар. Асфальт солардың жартысына ғана төселген. Қаланың даму бюджетін жол салуға жұмсай алар едік, бірақ онда біз бірде-бір балабақша немесе мектеп сала алмаймыз. Басқа маңызды бағыттағы жұмыс та тұралап қалар еді. Барлық нәрсеге қаржы жетпейтінін анық түсініп, негізгі бағыттарды нақтылап алуымыз керек» деген қаланың жаңа басшысының көптің алдындағы алғашқы ойы мен пікірі осылайша тосындау сөзбен түйінделді. Қала әкімі Н. Сауранбаев бір бюджеттің қоржынындағы арзымайтын қаржының өзін қанағат тұтып отыратындай сезілді. Елбасымыздың барлық билікте отырғандарға айтқан «мүмкіндіктің бәрін қарастырыңдар, инвестиция тарту, қаржының көзін іздестірудің ең қажетті жолдарын іздестіріңдер» деген бағыттағы берген тапсырмасынан жаңа әкім хабарсыз секілді болып көрінді. Шындығында да, шын жанашыр басшы шырылының көлемін азайтпай, тың бастамалардың нағыз іздеушісі болғанда ғана қажетті қаржының табылу мүмкіндігіне қол жеткізе алады. Қаламгерлермен алғашқы кездесудің өзінде олармен өзара ынтымақтастықта, бірлесіп, түсінісіп жұмыс істеуге ғана құмбыл болып жатқандай пейіл танытты.
Нұрлан Ермекұлының 2030 жылы Шымкенттің қандай қала болатындығы жөніндегі болжам айту турасындағы сауалы да бір түрлі болған секілді. Жауап ретінде қалам ұстаған ағайындар түрлі нұсқаулар айтты – жанға жайлы қала, мәдениетті қала, жастар мен туристерге арналған қала депті. Ал әкімнің тарапынан бір жаңаша ұсыныс, керемет жоспар, тосын бағыт айтылмағандығы да көңілге сәл-пәл іркіліс әкелгендей еді.
Шымкент Н.Сауранбаев үшін әзірге мүлдем бейтаныс, жат қала. Шымкенттің аумағының шалғайдағы шағын ауылдардың қосылуымен көлемінің артқандығы, ол ауылдардың не қалаға, не далаға жатпайтын мәңгүрт күй кешуі, ондағы ондаған проблемалардың шешімін табуының өте көп қиындық тудыратындығы, таяу мерзім ішінде оңтайлы жаңарудың болмайтындығы жаңа әкімді көп ойландырып, ауқымды мәселелер көтеруге неліктен апармай отырғандығы да тіптен түсініксіз жағдай секілді сезілді. Уақыт бір күнде аяқталмайды. Мүмкін бүгін жан жадыратар жаңалықтарды көпке танытып, өзі соның бастамашысы, басшысы бола алмай жатқан қала әкімі шаһармен толық танысқаннан кейін, бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды терең сараптағаннан соң барып, мүмкін бір үлкен істердің нағыз көшбасшысы болатын шығар деген ойдамыз.
Айтпақшы, араға ай салып журналист қауымын қабылдауына шақырып, келелі әңгіме қозғап, түбірлі ой тастап, жақсы идеялардың нағыз жанашыры болады деген қаланың жаңа басшысы Нұрлан Сауранбаев егемен елдің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың рухани жаңғыру бағытындағы өз мақаласында алға қойған үлкен мәселелерді терең талдап, оны қаланың ертеңгі жарқын келешегіне басты ұстаным етіп қоюы керек еді. Қазіргі кез – сөзден гөрі шағын да болса істің түйінделуімен, атқарылуымен ғана үлкен мәнге ие болмақ. Егер БАҚ өкілдерімен кездесу барысында осындай өміршеңдігі аса қажет мәселелер төңірегінде ой бөлісіп, пікір алысып, нақтылы ниетті топшылағанда осы жүздесу әлдеқайда мәнді маңызға ие болатын ба еді? Қызмет жаңа басталды. Талай ойлар туындайтын, талай істер жүзеге асатын кез әлі алда. Тек соны терең талдаумен, ыждағатты оймен, сүбелі жоспарлармен ғана он ойланып, жүз толғанғанда барып көп істің орындалатындығын қаланың жаңа әкімі өзінің ең басты бағыты мен ұстанымы етіп жүзеге асыруға барын салғаны жөн. Жалпы Ғабидолладай болу үшін Нұрлан әкімге уақыт керек секілді-ау. Сонда билік пен қалың қауымның арасындағы байланыс нығайып, ол жақсы бастамалардың өміршеңдігін арттыруға, ел жағдайын жақсартуға көп септігін тигізетін жақсы істердің нағыз шынайы көрінісі болмақ. Халықтың билікке деген сенімінің қайтарымы сол уақыттарда қалыпты жөнге салынады.

А.САТЫБАЛДЫ.