ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ 67 МЕКТЕПТЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЛАДЫ

228
0

Бүгін аудандағы барлық мектептерде «Білім күні» тойланды.
Алғашқы қоңырау Аққұм ауылдық округіндегі «Жаңаұйым» орта мектебі мен Леңгір қаласындағы «Таскешу» бастауыш мектебінде соғылды. Екі мектепте де бүгін екі еселенген қуаныш – жаңа оқу блогының және мектептің ашылу салтанаты мен жаңа оқу жылының басталуы.
Осынау қуанышты күнде мектеп ұжымдары мен оқушыларын аудан әкімі Бауыржан Омарбеков құттықтап қайтты.
Аудан басшысы өз әңгімесін білім беру бағдарламаларының негізгі бағыттарынан бастады. Бауыржан Омарбеков мектептерді цифрландыруға тоқталып өтті: «Ендігі жерде, жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу және өндірістік-технологиялық ортаға кірістіру – басты міндеттеріміздің бірі болуы тиіс. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын, оның ішінде білім беру жүйесін цифрландыруды, сонымен қатар IT және инжинирингтік қызмет дағдыларын дамытуды жүзеге асыру қажет. Бұл үшін білім беру ұйымдарындағы интернеттің жылдамдығын көтеру, оны сауатты әрі толыққанды пайдалану талап етіледі».
Бүгін жалпы ауданда 4 мектеп пайдалануға берілді: 2-уі — Аққұм а/о Жаңаұйым елді мекеніндегі Жаңаұйым орта мектебінің және Бірінші Мамыр а/о Бірінші мамыр елді мекеніндегі «Бірінші Мамыр» жалпы орта мектебінің қосымша құрылысы, 2-уі Леңгір қаласы Таскешу елді мекеніндегі 100 орындық бастауыш мектебінің және Қаратөбе а/о Қаратөбе елді мекеніндегі «Аршалы» мектебінің құрылысы.
Айта кету керек, «Таскешу» бастауыш мектебінің ғимараты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған. Бұл аудандағы МЖӘ әдісімен салынған алғашқы мектеп.
Жалпы, биылғы оқу жылында бірінші рет бірінші сыныпқа баратын оқушы саны – 2820.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

55