КҮНГЕЙДЕ ДӘРІ-ДӘРМЕК ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

210
0

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Иран елінің инвесторларымен кездесті. Кездесу барысында фармацевтика саласында 54 түрлі сапалы дәрі-дәрмек өнімін өндіріп, оны Еуропа нарығына шығарып жүрген компания өкілдері облысымызда GMP стандарттарына сәйкес зауыт салуға ниетті екендіктерін жеткізді, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Иран елінің Niak фармацевтикалық компаниясының бұл бастамасына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Мен Сіздердің бұл бастамаларыңызды толық қолдаймын. Маңызды қадам жасалып жатқандығы анық. Сондықтан жұмысқа еш алаңсыз кірісулеріңізге болады. Сіздер үшін индустриялдық аймақты дайындаймыз. Еуропалық одақтың нарығына шығудың да тиімді тұстарын атап кетуге болады. Қазақстан, Ресей, Беларусия, Қырғызстан және Арменияға өндірілген дәрілерді еш кедергісіз жеткізесіздер. Бұл шамамен 200 млн. халыққа жол тартады деген сөз. Экономикалық аймақ ретінде өзімізде де жеңілдіктер қарастырылған. Кеден бекеттерінен қиындықтар болмайды. Сондықтан белсенді түрде білек түре іске кірісуге шақырамын. Бюрократия болмас үшін мен өзім қадағалаймын», -деді.

Өз кезегінде, Иран инвесторлары аймақ басшысының бұл қолдауына ризашылықтарын білдірді. Кездесуде екі жақты мемарандумға қол қойылды. Мәртебелі меймандар Түркістанмен сауда-экономикалық байланыстарының одан әрі нығаюына ниетті екенін жеткізді.

uakit.kz