«ШЫМКЕНТ-СИТИ» АЛҒАШҚЫ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

174
0

Шымкентте  1-мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесінде «Әлеуметтік қамқорлық» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Шымкент сити» қалашығында 540 пәтерлі 10 көпқабатты арендалық коммуналдық тұрғын үйлердің пәтерлері тұрғындарға пайдалануға берілді.

Пәтер кілттерін тұрғындарға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов табыстады.
Іс-шарада сөз алған қала әкімі «Шымкент қаласында соңғы жылдары құрылыс қарқыны артты. Жаңа шағын аудандар салынып, мыңдаған отбасы баспаналы болды. Былтырдың өзінде қаламызда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  1152 отбасы баспаналы болды.  Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып, талай отбасы баспаналы болу бақытына кенелмек. Қаланың даму жоспарына осыдан 3-4 жыл бұрын ғана енгізілген «Шымкент сити» заманауи қалашығы бүгін алғашқы тұрғындарын қабылдауда. Осы көпқабатты тұрғын үйлер елімізде жүргізіліп жатқан жаңа әлеуметтік саясаттың жемісі деп айтуға болады. Баспаналы болған азаматтарымызға қоныстарыңыз құтты болсын деп тілек білдіреміз», — деді.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте жыл соңына дейін 828 пәтерлі 14 арендалық тұрғын үйлер берілетін болады. Бұдан басқа, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы арқылы 246 пәтерлі 5 кредиттік тұрғын үй берілсе, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Нұрсәт» шағын ауданында 656 пәтерлі 11 кредиттік тұрғын үй, «Шымкент» ӘКК арқылы 1016 пәтерлі 24 кредиттік тұрғын үйлер халық игілігіне берілмек. Ал жеке құрылыс жүргізушілер есебінен 1293 пәтерлі 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.

uakit.kz