ТОҚЫМА ӨНДІРІСІНІҢ ІРІ ЖОБАСЫ ІСКЕ АСУДА

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті қатар дамытып келе жатқан елдегі бірегей өңір. Соңғы жылдары бұл аймақ агроөнеркәсіп кешенін терең өңдеуге, дайын өнім шығаруға және экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға басымдық беріп отыр. Соның айқын дәлелі — «Түркістан Текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған ірі тоқыма кластері. Бұл жоба өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, Қазақстанның тоқыма өнеркәсібін жаңа деңгейге көтермек.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы жобаның құрылыс барысымен арнайы танысып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрді. Өңір басшысы өндіріс кешенінің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, кластердің іске қосылуы Түркістан облысын елдегі тоқыма өндірісінің жетекші орталығына айналдырады. Жобаның жалпы құны 86,5 миллиард теңгені құрайды. Бұл — тек Түркістан облысы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласы үшін рекордтық көрсеткіштердің бірі. Кластер толық қуатына шыққан кезде 2345 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұл өңір халқы үшін әлеуметтік тұрғыдан үлкен қолдау, жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты табыс көзі. «Turkistan Textile» жобасының ең басты ерекшелігі – оның толық өндірістік циклге негізделуі. Яғни, шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі барлық кезең бір жерде жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз – мақта тұқымын жергілікті жерде өсіру, оны өңдеп жіп иіру, мата тоқу, одан киім тігіп, дайын өнім шығару және оны ішкі және сыртқы нарыққа шығару. Мұндай тізбекті жүйе ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті тиімді ұштастыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы – еліміздегі жалғыз мақта егетін аймақ. Осы артықшылықты тиімді пайдалану арқылы өңір шикізатты сыртқа арзан бағаға сатпай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға бағыт алып отыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, елімізде өндірісті әртараптандыру және шикізаттық тәуелділіктен арылу саясатының нақты көрінісі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров атап өткендей, қазіргі таңда өңірдің басты мақсаты – шикізатты сыртқа шығармай, өз жерінде өңдеп, одан дайын өнім алу. Осы орайда «Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл – Президент тапсырмасы. Түркістан облысы мақта егетін жалғыз өңір. Ендеше, тоқыма кластері осы саланың болашағын анықтайтын маңызды тетік болады. Біз бұл жобаны жіті бақылауда ұстаймыз» деді аймақ басшысы. Кластердің құрылымы өңір экономикасына бірқатар бағытта әсер етеді. Біріншіден, жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы қалыптасады. Бұл фермерлердің табысын арттырып, ауыл шаруашылығындағы айналым қаражатын көбейтеді. Екіншіден, экспортқа бағытталған дайын өнім өндірісі өңірдің сыртқы сауда әлеуетін арттырады. Үшіншіден, жаңа жұмыс орындарының ашылуы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады және жастарды өндірістік салаға тартуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда өндірістік корпустардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жұмысшыларға арналған жатақхана да аяқталуға жақын. Кластердің бірінші кезеңі биыл іске қосылмақ, ал қалған өндірістік желілер келер жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға берілетін болады. Аталған жобаға инвестиция тарту ісінде халықаралық серіктестердің рөлі де ерекше. «Түркістан Текстиль» жобасын Қытайдың «Lihua Group» компаниясы қаржыландырып отыр. Бұл компания әлемдік деңгейде жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма өндірісінде үлкен тәжірибеге ие және озық технологияларды қолданумен танымал. Инвестордың қатысуы жобаның тұрақтылығын арттырып, оның халықаралық стандарттарға сай жүзеге асуына мүмкіндік береді. Бұл жоба Түркістан облысының экономикалық картасында жаңа индустриялық кластердің қалыптасуына жол ашады. Тоқыма өндірісі – еңбек сыйымдылығы жоғары сала. Сондықтан ол тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Жаңа жұмыс орындары ауылдық жерлердегі халықтың өмір сүру деңгейін арттырады, өңірдің көші-қон тепе-теңдігін тұрақтандырады. Сонымен қатар, жоба аймақтың инфрақұрылымдық дамуына да оң әсер етеді. Кластер айналасында қосымша қызмет көрсету нысандары, көлік және қойма логистикасы, шағын және орта бизнес субъектілері дамиды. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының құрылымын әртараптандырады және жергілікті кәсіпкерлікті қолдайды. Тоқыма өндірісінің дамуы экологиялық тұрғыдан да тиімді. Жоба аясында энергия үнемдейтін және қалдықсыз технологиялар енгізіледі. Бұл табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді.