ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 101 ЖОЛАУШЫНЫҢ БИЛЕТСІЗ ЖҮРГЕНІ АНЫҚТАЛҒАН
Жыл басынан бастап бүгінге дейін Шымкентте жүрдек пойыздарда жүргізілген рейдтік жұмыстар кезінде 101 жолаушының билетсіз жүргені анықталған. Сонымен қатар жолаушыларды тасымалдаушы тарапынан да тиісті талаптардың сақталмауы деректері тіркелген. Мұндай өрескелдіктерге штаб вагондарының сейфпен жабдықталмауы, төсек-орын жиынтықтарының пайдалану мерзімінің өтуі, вагондарда екі түсті сигналы бар қол шамның (фонарь) болмауы, пойыз құрамының мүгедектерге арналған арнайы орындары бар вагондармен қамтамасыз етілмегені жатқызылады. Мұндай заң бұзушылықтарға сәйкес 18 жеке тұлға, 18 заңды тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 1 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, өндірілді.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитетінің Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, шілде айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырмасы бойынша Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын баяндады. Ол:
– Өздеріңізге белгілі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтарға қолайсыздық тудырып, ішкі туризмнің дамуына кері әсерін тигізетін пойыз билеттерінің қолдан жасалынған тапшылығын болдырмау мақсатында біз Шымкент көлік прокуратурасы, Шымкент станциясындағы желілік ішкі-істер бөлімінің полиция қызметкерлерімен бірлесіп теміржол вокзалында билетті заңсыз сатумен айналысқан азаматтарға қарсы бірқатар жұмыстарды жүргіздік. Билет сату бойынша арада жүретін делдалдардың жолын кесу мақсатында «Қазақстан темір жолы» АҚ-на бірнеше ұсыныстар жолданды. Жолданған ұсыныстардың қатарында жазғы маусымда жолаушылар пойыздарына сұраныстың көбейетіндігіне байланысты вагондардың санын көбейту және қосымша пойыздар қосу мәселесі айтылды,-деді.
Бұдан бөлек ол жолаушылар пойыздарына бақылау басты назарда болатынын және құзырлы органдармен бірлесіп орындалатын тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті.
uakit.kz
Сурет авторы: Сабыржан Исаметов.