Жоғалған тікұшақ табылды
Өткен сенбіден бері табылмай жатқан МИ-8 тікұшағының жоғалуына байланысты Көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Ал «ЕуроАзияЭйр» әуе компаниясына тиесілі әуе көлігін іздеуге қазір жүзден астам адам жұмылдырылған. Іздестіру тобы 30 мыңға жуық шаршы шақырым аумақты шарлап шықса да, тікұшақ не жер үстінен, не су астынан табылмай жатыр. Тіпті, тікұшақтың жоғалуы мүмкін деген аймақтарды спутникпен тінтіп шыққан Франциялық мамандардың ақпараты да нәтиже берер емес. Достық көлік прокуратурасының жоғалу фактісі бойынша ғана қылмыстық іс қозғап отырғаны да сондықтан екен. Ал «ЕуроАзияЭйр» әуе компаниясы әзірге бұл жоғалған тікұшақтың орнына қызмет етуге Ақтөбеден басқа әуе көлігін жеткізді. Мекеме басшылары, сондай-ақ бұл жоғалған тікұшақтың маркасы МИ-823 емес МИ-829 екенін айтады. Бортында 8 адамы бар бұл тікұшақ сенбі күні Атасу-Алашанькоу мұнай құбырын тексеру үшін шыққан еді. Ішінде экипаждың 5 мүшесі мен «Қазақстан-Қытай мұнай құбырлары» компаниясының 2 инженері, «ҚазТрансОйл» компаниясының бір қызметкері болған.
Кеше жоғалған тікұшақ табылды, экипаж мүшелері толық қаза тапқан.