ОҚЫРМАНДЫ ҚАНАТТАНДЫРАТЫН ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БЕС ТУЫНДЫ

164
0

Еліміздегі balbal.kz порталы қазақ тіліндегі мотивациялық кітаптар топтамасын жасады.  Тізімге бірінші болып Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма» туындысы шыққан. Жеңіске жетудің жолдары жазылған бұл кітапта автор өзінің жеке тәжірибесімен бөлісіп, жетістікке жету құпиясы көрсеткен. Кітап авторы  белгілі ресторатор, Rumi Group-тың негізін қалаушы, бүгінде Shonbay.Online деген онлайн білім беретін университет ашып, дәріс өткізіп жүр. Оның осы жетістіктерін ескеріп, Сіз кітапты оқу арқылы біраз қанаттанып, тың тірлікке бет бұруыңыз мүмкін екенін айтқымыз келеді.

Тағы бір кітап саясаттанушы, журналист, Amal Books баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай жазған «Көнкөрістен кет, байлыққа жет!» атты кітабы. Автор бұл жерде оқырманды өзінің жетістігін емес, қазақ кәсіпкерлерінің, соның ішінде Forbes тізіміндегі бизнесмендердің ең таңдаулы тәжірибесімен таныстыратын болады. Өзгелердің жылдар бойы жеткен жетістігін жақын танып білу арқылы сіздің да санаңызда төңкеріс орнауы да бек мүмкін ғой. Сондықтан да  кітапты сатып алудан тартынбаңыз.

Үшінші мотивациялық кітап Ұлдана Ерқасымның «Қоқыстан табылған миллионер қыз» атты дүниесі.  Бүгінде Dream Trips компаниясының белді мүшесі болып саналатын ол өзінің алғашқы миллионын 17 жасында тапқан екен. Мұның өзі оның батыл қадам жасай алатын жан екенінен хабар береді. Туындыдан тың серпін алып, табысты болудың жолын тауып жатсаңыз қанеки!

Balbal.kz порталы психолог Кәмшат Бекжігітованың  «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» атты кітабы өзіңді бағалау, ойыңды өзгерту, кешіру, мақсатты айқындау, қарым-қатынасты жақсарту, сабырлы болу, денсаулықты сақтау сияқты тақырыптарға қатысты түрлі кеңестерге толы екенін жазады.

Мотивациялық кітап тізімінде ақын, жазушы, мотиватор, «Үй сатып алудың жолдары» жобасының авторы Назила Слямқызының «Қош бол, қиындық!» атты туындысы бар.

«Уақыт» газеті.