АПТАДАҒЫ ЖҰМЫС КҮНДЕРІН ҚЫСҚАРТУ ТАБЫСТЫ АРТТЫРАДЫ МА?
Финляндияның Премьер-министрі Санна Марин ресми жиын кезінде жұмыс аптасын 4 күн, ал жұмыс күнін 6 сағатқа дейін қысқарту туралы ұсынысты ортаға салды. Бұл туралы ҚазАқпарат жазады.
Қазіргі таңда бұл елде жұмыс күні 8 сағатты қамтиды. Сондай-ақ ол, жұмыс күнінің қысқаруына қарамастан тұрғындардың табыс көзін өзгеріссіз қалдыруды да мәлімдеді. Отыздың төртеуіне келген шенеуніктің бұл бастамасын жергілікті халық қолдайтын сыңайлы. Өйткені ұсыныс айтылғаннан бастап оған қарсы келушілердің қатары байқалмаған. Керісінше халық зор ықыласпен қабылдаған.
Премьер-министрдің бұл ұсынысын елдің білім министрі Ли Андерссонна да қолдаған.
Жалпы аптадағы жұмыс күндерін қысқарту тәжірибесі бірқатар елдерде қолданысқа енгізілген. Мәселен, Швециядағы Гетеборг қаласы 2015 жылы 6 сағаттық жұмыс күніне көшкен болатын. Былтыр Жаңа Зеландия компанияларының бірі барлық қызметкерлеріне аптасына төрт күндік жұмысты міндеттеді.
Бұдан бөлек, Ұлыбританияда 4DayWeek кампаниясы төрт күндік жұмыс аптасы бойынша екі жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Сонымен қатар, Лондондағы цифрлық агенттіктің басшысы Джонни Тоозе былтыр күзде өз компаниясын төрт күндік жұмыс аптасына ауыстырған. Өз кезегінде ол үш күндік демалыстан соң қарамағындағы қызметкерлердің энергиясы мен энтузиазмы күрт артқанын байқап, содан соң осындай шешімге келгенін мәлімдеген.
«Уақыт» газеті.