ШЫМКЕНТТЕ БАЛАБАҚША ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ САҚТАЛАДЫ
Еліміздегі төтенше жағдай режиміне байланысты Шымкенттегі балабақшалар жұмысы уақытша тоқтағанмен ондағы қызметкерлердің жалақылары толық көлемде сақталады. Мұндай шешімді Шымкент қалалық өңірлік комиссиясы қабылдады.
Бұл туралы бүгін Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
Қазіргі таңда қалада 521 балабақша бар. Олардың 82-сі мемлекеттік болса, 439-ы жекеменшік болып табылады.
Онда тәрбиеленуші балалар саны 75 мыңнан асады.
Естеріңізге сала кетсек, Шымкент қаласындағы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің 24.03.2020 жылғы «Санитариялық індетке қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» №5 қаулысына сәйкес ағымдағы жылдың 26-наурызынан бастап меншік түріне қарамастан барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын.
uakit.kz