ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ САЛАСЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕРДІҢ АУҚЫМЫ КЕҢ

2018 жылы жаңадан құрылған Түркістан облысы аз ғана уақыт ішінде әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізді. Әсіресе, өңір халқының күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылым саласында жүйелі, ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ауыз су, табиғи газ, жылу және электр энергиясымен қамту бойынша атқарылған іс-шаралар өңірдің кешенді дамуына тың серпін беруде.

Облыста соңғы жеті жылда ауыз су жүйесін дамыту бағытында ірі жобалар іске асырылды. Бұған дейін орталықтандырылған ауыз су мүлдем болмаған 30 елді мекенге жаңадан су құбыры тартылып, 13 ауылдағы тозығы жеткен су жүйесі жаңғыртылды. Осы нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 767-ге жетіп, қамту деңгейі 95,9%-ды құрады. Бұл 2,1 млн тұрғынның таза ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Биыл қосымша 30 елді мекен таза ауыз су жүйесіне қосылып, жылдың соңына қарай 801 елді мекеннің барлығы ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Бұл — тек инфрақұрылымдық жетістік емес, елдегі әлеуметтік әділеттілік пен өмір сапасына деген мемлекеттік көзқарастың айғағы. Газдандыру – Түркістан облысының басты инфрақұрылымдық басымдықтарының бірі. 2018–2024 жылдар аралығында 115 табиғи газ нысанының құрылысы аяқталып, 563 елді мекен газға қосылды. Бұл — 1,8 миллион адамның тұрмысын жеңілдетті деген сөз. Биыл 45 елді мекен газға қосылып, қамту деңгейі 75,3%-ға жетпек. Жалпы, жыл соңына дейін 597 елді мекен табиғи газбен қамтылады. Атап өтерлік жаңалық — Кентау жылу орталығының жаңғыртылуы. Тозу деңгейі 85%-дан асқан жылу қазандығына кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 6 қазандық қайта құрылып, 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры жаңартылды. Бұл – тек Кентау қаласы емес, айналасындағы ауылдардың да жылу жүйесін сенімді етуге жол ашты. Облыстың электр энергиясына қажеттілігі – 320 МВт. Оның 80%-ы сырттан тасымалданады. Бұл – тұрақты электрмен қамтуға кері әсер ететін басты фактор. Сондықтан Түркістан облысы өзін-өзі электр қуатымен қамтамасыз етуге көшуде. Биыл қосымша 93 елді мекен электрмен қамтылады. Бұған дейін 44 ауылға сапалы электр желісі тартылған. Қазіргі таңда елді мекендердің 98%-ы орталықтандырылған электр желісіне қосылған. Ал шалғайдағы 16 ауыл күн панельдері мен дизель генераторлары арқылы энергия алып отыр.

Электр тапшылығын шешу үшін «Самұрық-Қазына» қоры мен Үкімет бірлесіп, 1 000 МВт қуаттылықтағы бу-газ қондырғысы (ПГУ) бар жаңа станцияның құрылысын бастаған. Бұл станция толық іске қосылған кезде облысты ғана емес, бүкіл аймақты энергиямен қамту әлеуеті едәуір артады. 2025–2027 жылдар аралығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында газ турбиналы электр станциясы салынады. Инвестиция көлемі — 148 млрд теңге.  Бұл жоба Түркістан облысының энергетикалық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, ірі өндіріс орындарының жұмысын тұрақты етуге мүмкіндік береді. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлік экономиканы орнықты дамытуға бағытталған кешенді саясаттың жемісі. Ауыз су, газ, жылу және электрмен қамту мәселелерінің түбегейлі шешілуі — мемлекеттік басқарудың тиімділігін көрсетеді. Сапалы инфрақұрылым — халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, инвестициялық тартымдылықты да арттырады. Түркістан бүгінде инфрақұрылымы дамыған, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруге бағытталған жаңа дәуірге қадам басты.