ШЫМКЕНТ: «СӘУЛЕ» ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ 276-ОРАМҒА ЖОЛ ТӨСЕЛЕДІ

288
0

Шымкенттегі «Сәуле» шағынауданына қарасты 276-орамдағы жол мәселесі биыл өз шешімін табады. Шағынаудандағы 6 көшеге тас төселіп, жарық пен ауыз су рет-ретімен тартылады.

Бүгін аталған шағынауданды аралау кезінде қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді. 


– Жыл басында халық алдындағы есепті жиында жол мәселесі ерекше айтылған еді. Біз уәдемізді орындаймыз, — деді қала басшысы. 
Жалпы бұл орам қала құрамына енген 41 елді мекеннің бірі. 


– Бастапқыда орамда тіпті топырақ жол да болған жоқ. Электр желісін жұрт шама-шарқынша тартып алған еді. Ауыз суды тасып ішетінбіз. Қала аумағына енген соң, ауыз суға жарыдық,- дейді орамның төбе биі Ережеп Шерметов.
Бүгінде орамға бағаналар тартылып, ауыз су мен жолдың құжаты әзірленген. Мұндағы ең өзекті мәселелер биыл шешілмек.  Кезінде тас төселмей қалып кеткен көшелер де тіркеуге алынуда.
– Қаладағы жол жөндеу жұмыстарына биыл қазынадан 25 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл – қомақты қаражат. Оны уақытында әрі мақсатты игеруіміз қажет, — деген қала басшысы жауаптыларға нақты міндеттер жүктеп, Шымкент қаласының құрамына енген 41 елді мекеннің инфрақұрылым мәселесі қайта қаралатынын айтты.